Хабар телеарнасы

Арай Айдархан: Димашпен достығымыз «7 әннен» басталды

Арай Айдархан: Димашпен достығымыз «7 әннен» басталды

Арай Айдархан, әнші:

-1990 жылы қаңтардың 1-і күні Шыңжаң өлкесінің Алтай аумағында дүниеге келдім. Әкем Қытайдағы танымал палуан, Алтай өлкесінің дзюдо командасының жаттықтырушысы болған. Қазір Азиядағы қазақша күрес федерациясының төрағасы. Отбасымызда 4 ағайындымыз, мен кенжесімін. 

-Музыкадағы жолыңызды неден бастадыңыз?

Арай Айдархан, әнші:

-Мен де кезінде спортпен кәсіби түрде айналысқан едім. Астанадағы Қажымұқан атындағы спорт-интернатында оқыдым. Кейін жол апатына ұшырап, аяғымды жарақаттаған соң, спортпен қош айтысуға тура келді. Сол уақыттан бастап музыкамен шұғылдандым. Мектеп бітірген соң, Бейжің қаласындағы мемлекеттік консерваториясына композиторлық бөліміне оқуға түсіп, тәмамдап шықтым. 

-Қытай және Қазақстан музыка саласын салыстырып көрдіңіз бе? Қандай айырмашылықтары бар?

Арай Айдархан, әнші:

-Қытайда адам саны өте көп, экономикасы жақсы дамыған мемлекет. Сондықтан музыкаға сұраныс өте жоғары, әр түрлі жанрда айтатын әншілер бар. Сонымен қатар Қытайдағы әртістердің табыс көзі той емес. Концерттер және телевизиялық бағдарламалар, реалити-шоу, түрлі байқаулар өте көп. Бұл әншілердің атағын шығарып, популиризациялауға көмектеседі. Қазақстан ән өнері де қазір жақсы дамуда. Жаңа шығып жатқандардың ішінде Ғалымжан Молданазарды тыңдаймын. Қазақ эстрадасына жаңа дем беріп келе жатқан әншілердің бірі деп айта аламын.

 -«Chinese Idol» жарысына қатысқан соң не өзгерді?

Арай Айдархан, әнші:

-Бұл байқау мен үшін ерекше болды. Менің шығармашылығымның көктемі болды деп айта аламын. Байқаудың финалында 4 түрлі ұлттың өкілі жиналдық. Орындаған әніміз де әр әншінің ұлттық музыкасын жаңа эстрадалық нақышта әрлеп, бір ән шығарып айтқан болатынбыз. Бұл көрермендердің көңілінен шығып, жоғары бағаланды. Ертесіне дүкенге сусын алайын деп шыққанымда, адамдар мені танып, суретке түсіп жатқанында танымалдылығымның артқанын сездім.

- Қытайдағы қазақ әншілерімен жақын араласып, бірге жұмыс жасайсыздар ма?

Арай Айдархан, әнші:

-Қытайдың Алтай, Іле, Тарбағатай маңында 2 миллиондай қазақтар шоғырланған. Бұл жақта да ішкі Қытайдағы қазақтар мен Шыңжаң өлкесінің қазақтары болып бөлінеді. Әлбетте, қандас болғаннан кейін біз өте татумыз. Араласып, бірге жұмыстар атқарып, бір-бірімізді қолдаймыз. Өзге де атақты әнші-өнерпаздар бар. Қазақстанға да танымал Тасқын, Берік Ысқақ, Мамыр және көптеген әртістер бар. 

-«Singer» жарысына Димаш қатысып жатыр, сіздер қалай таныстыңыздар? Осы жайлы айта кетсеңіз...

Арай Айдархан, әнші:

-2015 жылы Алматыда «7 ән» бағдарламасына екеуіміз де қатысқан болатынбыз. Сол жерде танысып, араласып, бір-біріміздің шығармашылығымызды таныған едік. Музыка саласында екеуіміздің ойларымыз тоғысып, жақсы тіл табысып кеттік. Достығымыз сол мезетте басталды. Дәл қазір Димаш үлкен додаға түсіп жатыр. Бұл байқаудың әкімшілігі мені Димаштың музыкалық кеңесшісі етіп тағайындады. Сондықтан барынша оған жәрдемші болуға тырысудамын. Осы күнге дейінгі нәтижелері жаман емес, тек сәттілік тілеймін!

-Димашпен дуэт жазатын ойларыңыз бар ма?

Арай Айдархан, әнші:

-Қазір Димаштың негізгі мақсаты – бұл байқауды абыроймен өткізу. Сондықтан әзірге бұл жайлы сөз қозғалған жоқ. Болашақта жоспарларымыз болып жатса, міндетті түрде хабар беретін боламыз.

-Әншіліктен басқа немен айналысасыз?

Арай Айдархан, әнші:

-Әншіліктен басқа мен ән жазамын және аранжировкалар жасаймын. Бұл менің сүйіп жасайтын кәсібім. Одан басқа балалар продюсерлігімен айналысамын. Қытайда балалар эстрадасы өте дамыған. Соның бір дәлелі – «Voice of kids» байқауы. Мен 2 жылдай бұл байқаудың тәлімгері болғанмын. Данияр деген шәкіртім қатысып, «Атамекен» әнімен көрермендердің көзайымы болған еді. Көптеген атақты әншілердің әндерін әрледім. 2016 жылы «Singer» байқауына қатысқан Коко Лидің финалдағы әнінің аранжировкасын да мен жасаған едім. Айта берсек, жасаған жұмыстарым көп екен.

-Қазіргі сіздің қатысып жатқан «Sounds of Nature» байқауы туралы айтып кетсеңіз...

Арай Айдархан, әнші:

-Бұл реалити-шоу форматындағы байқау. Оның мақсаты – Қытайда өмір сүріп жатқан түрлі ұлттардың  ұлттық музыкасын танып білу. Осы байқауда алға суырылып шыққан 3 әнді Қытай «Grammy» (Грэмми) сыйлығына ұсынады. Соңғы орындаған әнім «Самалтау» болатын. Ол әнді өзім әрледім. Қобыз үні арқылы мен екі қасқырдың тайталасын жеткізбек болдым. Дала заңы бойынша екі қасқыр таласса, ұтылғаны жеңген бөрінің бұйрығына көніп, бойұсыну керек. Қазақтың басына да сондай күн туған болатын. Әніммен сол замандағы қазақтың зарын жеткізбек болдым.

-Атамекенге қоныс аудару туралы ойланасыз ба?

Арай Айдархан, әнші:

-Әзірге бұл жайлы ойланған жоқпын. Жалпы қазақтар дүние жүзі бойынша 30-дан астам мемлекетте тұрып жатыр. Сол жерінде қазақты танытып, өнерін дәріптеп, атақ-абыройын асқақтатса жақсы емес пе?! Менің мақсатым – қайда жүрсем де қазақ деген атымды асқақтату.

-Сұхбатыңыз үшін рахмет! Шығармашылығыңызға толағай табыс, отбасыңызға береке тілейміз! Ары қарай Қазақстан және Қытай елдерінің достығын нығайтудағы жәрдемші болып жүре беріңіз!

Сұхбаттасқан: Күнсая Құрмет