Хабар телеарнасы

«Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы

«Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының ізін ала Президент халыққа Жолдауын жариялап, жаңа құжаттың маңыздылығын айтып берді. Бағдарламаға сәйкес алдағы үш жылда Ұлттық қордан жыл сайын 3 млрд доллардан бөлініп, ол қаражаттар энергетика, көлік, индустрия, сондай-ақ шағын және орта бизнес секілді басым салаларды сауықтыруға жұмсалады. Нұрсұлтан Назарбаев қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалауды Үкіметке жүктеді. 

«Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салынатын болады. Қос желі еліміздің шығыс және оңтүстік өңірлеріндегі қуат көзінің тапшылығын жоюға бағытталады. Нұрсұлтан Назарбаев тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңғыртудың маңыздылығына тоқталды. «Ескі үйлердің жылу және су жүйелерін жаңарту үшін жыл сайын қосымша 100 млрд теңге бөлінеді», - деді. Қолжетімді баспана мәселесі де Елбасының басты назарында.