Хабар телеарнасы

ҰОС ардагеріне көше аты берілді

ҰОС ардагеріне көше аты берілді

Ауыл тұрғындарының ұсынысын жергілікті әкімдік қолдап, марқұм болған жауынгер жерлестеріне осындай құрмет көрсетті. 

Салтанатты шараға Мәжіліс депутаты Егор Каппель мен бірқатар мәслихат депутаттары, сондай-ақ ардагердің ұрпақтары қатысты.

«Биыл Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белес жаңа қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша маңызға ие. Әбдуәлі Тоқбайұлы – соғысты бастан-аяқ көрген қазақстандық солдат. Украина жерін азат етуге қатысқан ержүрек жауынгер, соғыста оң қолынан айрылып келді. Ол 7 мәрте жараланса да неміс басқыншыларына қарсы тойтара шабуыл жасады. Бүгінде Әбдуәлі Тоқбайұлының рухына ұрпақтары мен жерлестері бас иіп, тағзым етеді», - дейді Оразақ ауылының әкімі Нұрлан Қасымбеков. 

Шара аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдуәли Тоқбаев есімі берілген мемориалдық  тақта ашылды. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар қонақтардың назарына «Ер есімі ел есінде» атты концерттік бағдарлама ұсынды. 

Айта кету керек, соғыстан кейінгі жылдары Әбдуәли Тоқбаев ауданның ауылшаруашылығы саласында еңбек еткен. 1977 жылы 70 жасында дүниеден озған.   

Авторы: Дамир Берікұлы