Хабар телеарнасы

«Хабар» агенттігі ардагер Мақсұт Сырғалиевтың отбасына барды

Қиын-қыстау заманда иығына қару асынып, ерлікпен шайқасқан қарт майдангердің шаңырағында аймақтағы тілшілер қосыны болып, арнайы сыйлықты тапсырды. 

Ардагер жасы 90-нан асса да, еңбектен қол үзе қоймаған. Тіпті өңір еңбеккерлерінің көктемгі дала жұмыстарына атсалысып жүр.

Сыр еңбеккерлері көктемгі дала жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Мыңдаған гектар алқапты аударып, қажетті күтімін жасап жатыр. Қарт майдангер Мақсұт Сырғалиев та берекелі тірліктің бел ортасында. Дәнді-дақылдардың күтіп-бапталуын бағамдап, шаруаларға мол тәжірибесін айтып отырады.      

Айдархан Қойшыбаев, агроном

-Күріш науқанын 26 сәуірде бастаймыз деп отырмыз. Мақсұт ақсақал жылда бізге жердің басына келіп, бізге ақыл-кеңестерін айтады, батасын беріп. Бұл бізде жылда дәстүрге айналған. 

Мақсұт ақсақал 40 жылға жуық ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған. Мал бағу, егін егіп, балық аулау сынды тірліктің түрлі саласында тер төкті. Алқапқа себілетін тұқымдардың зерттелуіне де үлес қосады. Ең бастысы қария бүгінгі бейбіт күннің себепкері әрі еңбек майталманы ретінде құрметті.    

Серікбай Өмірзақов, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ директоры

-Ол кісі тек қана соғыс, еңбек ардагері емес, халқымыздың асыл дәстүрлерін келешек ұрпаққа жеткізуші ретінде де маңызы зор. Біздің ғылыми-зерттеу институты болғанымен, біз осы кісілердің өмір тәжірибесін басшылыққа ала отырамыз.

Сұм соғыста қан кешіп, Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерге деген құрмет «Хабар» агенттігі тарапынан көрсетілді. Ардагерге ұжым мүшелерінің ыстық ілтипаты ретінде теледидар тарту етілді. Тосын сыйды күтпеген қарт майдангер көңілі бір сергіп қалды. 

Мақсұт Сырғалиев қос бірдей соғысты көрді. Атқыштар дивизиясы сапында неміс басқыншыларына қарсы батыс майдандағы шешуші шайқастарға қатысып, жауды шегіндірді. 

Ұлы Отан соғысы аяқтала салысымен Қиыр шығысқа шекара күзетуге жол тартты. Жапондарға қарсы жүргізілген кескілескен ұрыстарда да Жеңіс туын желбіретіп елге оралды. Қарт жауынгер жанға жазылмас жара салған зұлматты жылдарды тебірене еске алды.  

Мақсұт Сырғалиев, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Соғыс деген аты соғыс. Ол ешкімді аямайды. Ал енді соғыста жасың бар, кәрің бар демейді. Соғыс – адамның жауы. Жапонияның 1 ай соғысында 12 мың солдат қайтыс болды. Әр мемлекеттен. Ал енді соғыс деген болмасын.

«Сұм соғыс салған жүректегі жараны ұмыту мүмкін емес. Десе де Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында құшағым гүлге, жүзім нұрға толып көңілім орнына түседі», – дейді жауынгер.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтманбетов, Айтмұхаммед Байдулдаев