Хабар телеарнасы

«Хабар» Агенттігі майдангер Иван Каплиевпен жүздесіп, тартуын табыс етті

Ал соғыстан соң, өзі туған Ұлан ауданы, Сағыр ауылына келіп  колхозда 50 жылдан астам уақыт инженер-механик  болды.

Жас шағында  соғыс пен еңбектің бейнетін көріп, ал бүгінде қадірлі зейнетке шығып отырған   ардагердің шаңырағына біздің тілшілеріміз барып «Хабар» агенттігінің сыйлығын табыстап қайтты.      

Тоқсанның төріне шыққан ардагер тосын сыйға балаша қуанып, көзіне жас алды. «Хабар» агенттігінің ұжымына алғысын айтып, жаңа теледидарды бірден қостырды. Иван Каплиев 20-ға толар-толмаста майданға аттанады.1348 атқыштар полкіне қабылданып, бірден Сталинградты қоршаудан азат етуге қатысады. 1943 жылы аяғы мен басынан ауыр жарақаттанып, елге ерте қайтуға мәжбүр болады. Келген бойда  ауылдағы қираған шаруашылықты көтеруге  атсалысады.  

Иван Каплиев, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Бұл колхоз құрыла бастағанда бір ғана  «ЗИЛ-5» деген  жүк көлігі болды. Басқа ештеме жоқ. Барлық шаруашылықтағы жұмысты атпен, одан қалса өгіз жегіп жүріп жасадық. Өте қиын уақыт қой. Ал қазіргі уақыт пен ол заманды мүлде салыстыруға келмес. 

Иван Каплиев  колхозда күн-түн демей еңбек ете жүріп, жұбайы екеуі 10 баланы  өсіріп жеткізді. Бүгінде олардан 10 немере, 13 шөбере сүйіп отырған  ауылдағы бақытты қара шаңырақ.  

Татьяна Аббасова, Ардагердің  қызы

- Бұл өмірде мен ол кісіге бәрін жасауға міндеттімін. Қандай қиыншылық болса да, мені оқытты.  Біз көп балалы отбасымыз. Бірақ оған қарамастан  бәріміз институт бітірдік. Сол үшін біз әкемізді мақтан тұтамыз. 

Ардагердің соғыстағы  ерліктері де елеусіз қалған жоқ. Бірқатар орден-медальдер тақса, еңбек еткен жылдары да түрлі марапаттарға ие болды. Колхозда   инженер-мехник болған ол қазір де техникадан түсе қойған жоқ.  Ауыл шаруашылығы көліктерін  жөндеп, кейбір құрылғыларды өзі жасайды.Тіпті «КИЯ-85» деп аталатын көпсалалы  тракторды  өзі құрастырған. 

Иван Каплиев, ҰОС ардагері

- Машина деген аты ғана. Барлық жұмысты осымен тындырам. Шөп шабам, жер жыртамын, мініп жүрген атым десем де  болады. 

Қазыналы  қария бүгінде өз білгенін ауылдағы жастарға үйретіп жүр.   

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин