Хабар телеарнасы

Зейін Әліпбек «Хабар» арнасының жаңалықтарын жүргізеді

Зейін Әліпбек «Хабар» арнасының жаңалықтарын жүргізеді

«Хабар» телеарнасына журналистиканың «жілігін шағып, майын ішкен» майталман тележүргізушілер қайта оралды. Енді көрермендер «Қорытынды жаңалықтардың» қазақша нұсқасын Зейін Әліпбекпен, ал орыс тіліндегі шығарылымын Гауһар Керімова және Марат Мұхамедсалиевпен тамашалайды.

Аталған жүргізушілердің барлығы 1990-2000 жылдары «Хабар» телеарнасында қызмет атқарған. Әрқайсысы аудиторияның жүрегінен ойып тұрып орын алған кәсіби мамандар. Зейін Әліпбек «Хабарға» келгенде небәрі 23 жаста болыпты. Жалпы 18 жылдай қызмет атқарған. Тілші болып, түсірілімге шығып, жаңалықтарға сюжет әзірлеген.

«Алғаш тікелей эфир жүргізген кезім есімде. Ол кезде «Хабар» арнасында 5 минуттық «Бизнес хабар» деген бағдарлама болатын. Жүргізуші ретіндегі қадамым осы жобадан басталды. Эфирге шығатыным ойда жоқта айтылды. Жүргізушілік ұсынылған соң орындауға тура келіп, әрі қарай жүргізіп кеттім. «Хабардың» сол кездегі басшылығының арқасында менің жүргізушілік қабілетім ашылды деп ойлаймын. Әйтпесе жүргізуші боламын деген мақсат қойған емеспін», – дейді Зейін Әліпбек.

Араға біраз жыл салып эфирге қайта оралған жүргізуші: «Жаңалықтарды тізгіндеу – үлкен жауапкершілік», – дейді.

«Екі ұдай сезімдемін. Бір жағынан «Қорытынды жаңалықтарды», ең жауапты істі сеніп тапсырып жатқанына қуансам, екінші жағынан жауапкершіліктің жүгінің оңай еместігін көріп, қобалжулымын. Осы уақытқа дейін мыңға тарта эфирге шығып, жаңалық жүргізген болсам, сол сәттің бәрінде де қобалжу болды. Бұл әр эфирдің алдында болды, әлі де болатыны сөзсіз», – дейді Зейін Әліпбек.

Сонымен қатар тележүргізуші өзінің ең әсерлі және қызықты репортаждары туралы да ой бөлісті. Оның айтуынша, тележурналистің жұмысы шытырман оқиғаларға толы болады. Сонымен қатар маңызды тарихи оқиғалардың ортасында жүресің.

«Есте қалған сәттер өте көп болды. Солардың ішінде қадау-қадаулары ретінде ғарышкеріміз Талғат Мұсабаевпен тікелей байланысқа шығып, сұхбат құруымызды, сондай-ақ Талғат Мұсабаевтың Торғай даласына қону кезінде әзірлеген репортажымды айтар едім. Үшінші, қасиетті Меккеге қажылық сапар басталғанда камераны бір өзім арқалап барып, өзім оператор, өзім журналист болып материал дайындағаным бар. Мен үшін бұл жұмыстарымның орны бөлек», – дейді Зейін Әліпбек.

Олай болса 10 қыркүйектен бастап 20:00 және 21:00-де «Хабар» телеарнасынан Зейінмен бірге «Қорытынды жаңалықтарды» қараңыздар!

Ақпарат көзі: nur.kz (29.08.2018 ж.)