Хабар телеарнасы

«Хабардың» қарышты қадамы

«Хабардың» қарышты қадамы

Алдағы жылы «Хабар» агенттігінің құрылғанына 20 жыл толады. Ел өміріндегі бұл айтулы оқиға тек «Хабардың» ғана мерейтойы емес. Сондай-ақ, бүкіл қазақ телевизиясының қуанышы. Осы аралықта арна теледидар саласының тың пішімін қалыптастырды, жаңа кәсіби біліктілігімен айрықша көрінген майталмандарды тәрбиелеп шығарды. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандық БАҚ-тың жаңа бизнес үлгісін қалыптастыруда агенттіктің үлесі зор. 20 жыл қас-қағым сәт болып көрінгенімен, «Хабар» телеарнасы үшін – тағылымы мол тарихи кезең. Қазақстанның брендіне айналған «Хабарды» елдің түкпір-түкпіріндегі көрермендер жақсы біледі және оның заманауи телеөнімдеріне әрдайым қызығушылық танытады. Үлкен мерейтойдың қарсаңында біз «Хабар» агенттігінің ұжымымен кездестік.

Жаңа маусымда «Хабар» телеарнасы қызықты әрі мазмұнды жаңа 10 бағдарламаны эфирге шығарды. Халықтың қызығып қабылдауы әрине, таңғалдырды, оларға отандық өнімдер, әсіресе, мемлекеттік тілде көрсетілетін жобалардың аса ұнайтындығы байқалды. Бұған рейтингтің жоғарғы көрсеткіші нақты дәлел болып отыр. Мысалы, 100 000-нан астам адамы бар қаланың тұрғындары арасында «Ду-думан» бағдарламасының ең көп телекөру үлесі – 18,2%, ал «Бенефис шоу» музыкалық жобасының үлесі – 20,1%-ға дейін жетті. Ал егер де ауыл-аймақтар аудито­риясының өлшемі өткізілсе, бұл көрсеткіш одан да жоғарылай түсер еді. (сурет №1).

«Хабардың» бүгінгі таңдағы қадамы қуантады. Бір байқағанымыз – тележурналистер күннен-күнге ізденіс пен үйрену, шыңдалу мен ширығу үстінде. Алдыңғысынан асып түсетін жобалар мен бағдарламаларды шығаруға құлшынған. Әрбір қазақстандыққа ең соңғы жаңалықтарды жеткізуге және аса маңызды құндылықтармен бөлісуге тырысатындықтары анық байқалады. Мейлінше, мәнді де сәнді дүниелер келтіруге күні-түні бел шешпей белсенділік танытуда. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі бағдарламарлардың рейтингі жоғарылаған. Әйтсе де, сын айтушылар кейде қазақша жобалардың аз екенін және олардың рейтингі неге төмен деп кінә артады. Республиканың басым көпшілігі қазақ тілді болып табылатын елде мемлекеттік тілдегі бағдарлама расымен сұранысқа ие емес пе, әлде бұл арада басқа кінәрат бар ма, деген сұрақ та туындауы әбден мүмкін.

Қазақ тілді бағдарламалардың саны мен рейтингі төмен дегеннің тіптен де қисыны жоқ. Қазір «Хабар» арнасының эфирінде 37 тележоба көрсетілуде, оның 25-і мемлекеттік тілде, ал «24kz» телеарнасында 51 (олардың бәрі отандық) жобаның арасында 25-і мемлекеттік тілде жүреді. «Білім және мәдениет» арнасында 20 бағдарлама қазақ тілді аудитория үшін шығарылады және ол жалпы көрсеткіштің 55%-ын құрайды. (сурет №2).

Қазақстан үшін «Kazakh TV» телеарнасы спутниктік және имидждік болғандықтан, мағынасы бойынша оған деген талаптар басқа, бірақ шетелде отандастарымыз бен көптеген қазақ диспорасы тұратындығын ескерсек, барлық эфирдің кем дегенде 50%-ы қазақ тілінде жүреді.

Егер рейтинг туралы айтар болсақ, қазір әсіресе, мемлекеттік тілдегі телеөнімдер аса қажеттілікке ие болып отыр және соған сәйкес арна оларды теледидар аудиториясы үшін ең көп қарайтын прайм-тайм уақытына орналастырады. Мысалы, «Хабар» арнасында сағат 19.00-ден 23.00-ге дейін көрермендерге қазақ тілінде бірқатар бағдарламалар топтамасы, атап айтқанда: «Нүкте», «Біздің үй», «Жекпе-жек», «Бенефис шоу», «Ду-думан», «Ұлт саулығы», «Ой жүй­рік», «Жұлдызды дода», «Ор­талық Хабар» және басқалар ұсы­нылады. Бұл ретте, мысалы «Біз­дің үй» жобасының телекөру үлесі – 12%, «Ойжүйрік» – 8%, «Жұлдызды дода» – 12-14%, «Ұлт саулығы» – 6-7% және басқа (TNS Central Asia, TV Index мәліметтері бойынша: Қазақстан (100 000+ тұрғыны бар қалалар) барлығы 6+ жастан жоғары).  (сурет №3).

Жақында «Turkvision-2014» ән байқауының финалын «Хабар» арнасы тікелей эфирде қазақ тілінде таратты. Дүбірлі сол додада отандасымыз Жанар Дұғалова жеңіске жетіп, еліміздің абыройын асқақтатқаны мәлім. Міне, осы көрсетілімнің рейтингі – 3,2%, ал үлесі – 12% болды. Осындай жоғары көрсеткіштер отандық өнерге деген аудиторияның үлкен қызығушылығы бар екенін дәлелдейді. Сол күні тікелей эфирдің арқасында, Фейсбук, Твиттер, Инстаграмм, Вконтакте сияқты әлеуметтік желілерде біздің әншімізді қолдаудағы қазақстандықтардың аса үлкен белсенділігі байқалды.

Жоғарыда келтірілген Қазақ­стандағы аудиториялық өлшеуді жүзеге асыратын жалғыз «TNS Central Asia» компаниясы ұсынған телекөру көрсеткіштер деңгейі осыны нақты айғақтады. Алайда, мәліметтерді іріктеу мен дұрыстығы туралы пайымдау да қажет. Өйткені, елімізде өлшеу өткізілетін 40% шамасындағы халық қана қалада тұрады. Ал мемлекеттік тілдегі бағдарламалардың негізгі тұтынушысы болып табылатын көрермендердің маңызды бөлігі тұратын шағын қалалар мен ауылдық жерлерде зерттеулер өткізілмейді. Аумалы-төкпелі зымыраған мына уақытта ақпараттың жұртшылыққа жедел жетуі маңызды. Осы тұрғыдан «Хабардың» жаңалықтар қызметі мемлекеттік ақпа­раттық саясатты сүйемелдеуге бағытталған тәсілдерін жетілдіруде. Егер мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу, яғни мем­лекеттік БАҚ-тың негізгі миссиясы туралы айтсақ, «Хабар» мен «24kz» телеарналарында телекөрермендер әсі­ресе, жаңалықтар және талдамалық бағ­дарламаларға деген қызығушылығының арта түскені байқалатынын атап өту керек. Ол Агенттіктің екі телеарнасындағы жаңалықтар топтамасы көрсеткіштерінің өсе түскенімен расталады. Мәселен, «Ха­бар» телеарнасында қазақ және орыс тілдерінде «Жаңалықтар» телекөруінің ең жоғары үлесі 6-10% шегінде байқалады (өт­кен жылмен салыстырғанда өсу – 50%-дан аса), «Жеті күн» – 6%-ға дейін, ал «24kz» арнасында барлық жаңа­лықтар арнасының стандарттық көрсеткіштеріне тең тәуліктік орташа шамамен – 1,2 % үлесі бар жаңалықтар телеарнасы болса да, көрсеткіштері – 4,2%-ға жетті. Сонымен бірге, басқа бас­па және электрондық БАҚ-тағы дәйексөз жаңалықтардың және бір танымалдығы болып отырғанын дәлелдейді. Жаңалықтар бағдарламаларына назар аударудың өсе түскенінің басты себебі, бүкіл елдегі және шетелдегі 20 тілшілер қосынындағы журналистердің дайындаған сюжеттердің жеделділігі мен эксклюзивтігінде деп білеміз. Айтқандай, арнаның шетелдегі тілшілер қосыны жүйесі Қазақстан бойынша ең ірі. Соңғы бірнеше айдың ішінде жаңалықтар аудиториясының айтарлықтай өсе түскені байқалды, бұл басқа телеарналардан жас аудиторияның кетуімен байланысты болып отыр. «24kz» арнасының директоры Александр Аксютицтің айтуы бойынша, «Жаңалықтар топтамасын қалыптастыруға және сюжеттерді жасауға ерекше мән берілгендігі, әлбетте, «24kz» арнасының бірден қарқын алып кетуіне және аз уақыттың ішінде көрермендердің назарын өзіне аударып алуына мүмкіндік туғызды». Осының бәрі халықтың теледидар алдында демалуымен бірге, елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалардан хабардар болуына жағдай жасайтынының бірден-бір дәлелі.

«Хабар» арнасының эфирлік кестесі түрлі жаңа телебағдарламалармен то­лыққанын байқаймыз. Ал биылғы мау­сым несімен ерекшеленді, деген сан тараулы сұраққа жауап іздейтін болсақ. Ол былайша сипатталады. Телеарна барлық аудиториясын және түрлі жанрларда шығатын бағдарламаларын ескере отырып, өзінің хабар тарату кестесін жаңаша өзгертті. Қазір «Хабар» арнасының жаңа маусымдағы эфирлік кестесі негізінен жаңалықтар, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар, ток-шоулар, музыка, әзіл-сықақ, деректі фильмдер циклі бағытындағы бағдарламалардан тұрады. Арна саясатына және эфирлік кестесіне жаңашылдық енуінің арқасында көрермендер аудиториясы жасара түсті. Яғни, 19-29 жас аралығындағы көрермендердің үлесі көбейді. Бұл телевизияның танымдылық функциясын арттыру тұрғысында эфирге өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Күндізгі уақытта отбасы және әйелдер аудиториясына мемлекеттік және орыс тілдерінде шығатын деректі драмаларды, «Сәтті сауда» интеллектуалды викторинасын, сараптамалық және публицистикалық бағдарламаларды, өз өнімдері болып табылатын сериялдарды әзірлепті.

«Биыл «Нүкте», «Біздің үй», «Жекпе-жек» сияқты бір-біріне ұқсамайтын ток-шоуларды аштық. Мысалы, «Біздің үйде» әрбір қазақ отбасында болатын ХХІ ға­сырдағы барлық мәселе қозғалады. Онда ер мен әйел, туған-туыс, бала тәр­биесі секілді түйткілді проблемалар талқыланады. Ал «Нүкте» әлеуметтік ток-шоуында да қоғамдағы өзекті мәселелер, өмірде сүрінген, адасқан, жоғалған, ауру-сырқаудан, әділетсіздіктен зардап шеккендер кейіпкер ретінде студияға келеді. Олардың тағдыры тек қызу пікір-таласпен, жай сөзбен ғана сол жерде қалмайды, студия ішінде жауапты мамандар болады, сол жерде мәселенің нүктесі қойылады және тығырықтан шығар жол табуға ықпал етеді.

Ерекше айтып кететін форматы бойынша бағдарламалар бар, олар «Ду-думан» мен «Бенефис шоу». Бұлар біздің өзіміз дайындап шығарған телеөнімдер. Біз бірнеше жанрды біріктіре отырып, екі айрықша форматтағы бағдарламаны әзірледік, енді оның патентін алып, бренд ретінде және оның сценарийлік жоспарын «Хабар» агенттігінің меншігі етіп бекітуді көздеп отырмыз, дейді «Хабар» телеарнасы бағдарламалар дирекциясының бас продюсері Ринат Думанұлы.

Сондай-ақ, ток-шоу мен ойын-сауық жобаларды ғана емес, түрлі деректі фильм­дер, өмірден өткен тұлғалар туралы портреттік дүниелер, экстремизм және терроризм туралы мазмұнды репортаждарды да көрермен назарына ұсынамыз. Көптеген телеарналар деректі, публицистикалық, журналистік зерттеу жанрына басымдық бермейді. Бәлкім, бұлар рейтинг әкелмейді, жарнама тартпайды деп ойлайтын шығар. Бірақ біз оны толығымен жоққа шығара аламыз. Бұл жанрдың да өз аудиториясы бар. «Хабар» бизнесті дамытуға қатысты бағдарламаларды да дайындайды. Олардың ішінде «Бизнес сыры», «Экономкласс», «100 бизнес историй» сынды жобалар бар».

2014 жылы еліміздің түкпір-түк­піріндегі елеулі оқиғалар барысынан «24kz» арнасының жаңалықтарына күн сайын тікелей қосу мен трансляцияны мобильдік жылжымалы телевизиялық стансалардың көмегімен көруге мүм­кіндік болуы үшін барлық аймақта тілшілер қосыны жасақталды. Бұл «24kz» арнасының жұмысын сапалы жаңа деңгейге көтерді. Сонымен қатар, биыл «24kz» жаңалықтарын интернет кеңістігіне енгізу маңызды орын алды. Онлайн-хабар таратуды, жаңалықтардың тәуліктік лентасы қосылып, әлеуметтік желілерде қатысу деңгейін айтарлықтай кеңейтіпті. Егер арнаның ресми статистикасына сүйенсек, осы жылдың басында арнаның сайтына тәулік сайын орташа 3 000 пайдаланушы кірген болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 10 000-нан асыпты. Одан да басқа, 2014 жылы «24 kz»-ке танымалдылығы бойынша Қазақстанның ТОП-10-на енген мобильдік қосымшаны қосып отырған жайы бар.

«Білім және мәдениет» телеарнасы да әжептәуір нәтижелерге жетті. Ол телеарна директорының орынбасары Айгүл Черендинованың ойынша арнаның жаңа міндеттерінің арқасында, «көрермендерге ақпараттық-танымдық материалдардың мәдени, ғылым, этнография, тарих, әдебиет бойынша нағыз оқулық болуы мүмкін екенін сезініп, жобаларды сапалы, көркем, барынша сауатты жасап шығаруға тырысамыз». Оның дәлелі – биыл отандық теледидарда алғашқы рет «Ұлы дала модасы» бағдарламасы қазақ киімінің тарихы туралы мәселе көтерді. Онда тек мода тарихын зерттеу ғана емес, бағдарлама тұтастай алғанда әсерлі шықты, сонымен қатар, археологтардың табыстары жайлы да, Орталық және Орта Азия аумағындағы мәдениеттің өзара сіңісуі туралы және жалпы тарих бойынша сөз қозғалды. Осындай мысалдар арнаның сайтында – этнос-мәдениет, ғылым, Қазақстанда білім беру бойынша мультимедиялық энциклопедия жасау міндетіне итермеледі. Фото, бейне, мәтін – тікелей дерекнамалардан, ақпарат иелерінен, сарапшылар мен ғалымдардан алынған толық ақпарат. Яки арна іс жүзінде еліміздің барлық мәдени, ғылыми ұйымдарымен әріптестік байланыс­ты орнатыпты.

Kazakh TV телеарнасы алға қарай үлкен ұмтылыс жасады. Арнаның жаңа жобалары нақтылы түрде көрсетудің тақырыбы мен стилінің үлкен спектрі арқылы ерекшеленеді. Мысалы, телеарнаның директоры Андрей Тараковтың айтуынша, «Биылғы күзде отандық теледидарда теңдесі жоқ жаңа жобалар көрермендерге жол тартты. Оның ішінде, «Global talk» бағдарламасы көрермендерге Қазақстанда өтіп жатқан ауқымды конференциялар, форум мен халықаралық көрмелер туралы баяндайды. Аталған жобаның ерекшелігі осы іс-шаралардың шетелдіктер, қонақтар мен оқиға қатысушыларының қабылдауы арқылы көрсетілгендігінде болып отыр». Kazakh TV телеарнасы сөйтіп іскер, эко­номикалық әрі көкейкесті бағытты ұстанды. Үш тілдік саясатты іске асыру жалғасын тау­ып, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жобалар жүргізіле бермек.

Телеарналарда әншілер, шоумендер эфир тізгінін журналистерден тартып алды деген пікірді таразыласақ, «Хабар» үшін де бұл таңсық құбылыс емес сияқты. Расында, эфир тізгіні толығымен әнші-бишілердің еншісіне өтіп кеткен бе қалай деп қалғанымызда рас еді әу баста.

Сөйтсек, телеиндустрия саласында бағдарламаны тек журналистер ғана жүр­гізуі керек деген заңдылық еш жерде жазылмағанын аңғардық. Және «Хабардың» немесе басқа телеарналардың мұндай тәсілді қолдануы жаңалық емес, үлкен шоу­ларды шашасына шаң жұқпайтын сөзі де жүйрік, өзі де жүйріктердің жүргізетіні бүкіл әлемде, батыста, тіпті, көршілес Ресейде де бар әрі қалыптасқан тәжірибе. Арнада әрине, саяси жобаларды әншілер жүргізіп отырған жоқ, ал шоуларды шоу-бизнесті білетін адам жүргізгені дұрыс емес пе? Барлық дерлік бағдарламалар, мейлінше ол жаңалық, талдамалық немесе ойын-сауықтық бағдарламалар болса да, жүргізушілерді таңдау кезінде өте мұқият қаралады. Үлкен рухани һәм ақыл-парасат қорына ие қазақ әртістерінің көбі аудиториямен өз білімдерін, сондай-ақ, аралас-құралас дарынымен де бөлісе алатынына қабілеттері бар емеспе. Айталық, мәдениет қайраткерлерін ел жақсы көрсе, шығармашылығын құрметтесе, арна да оған ерекше назар аударуы қажет.

Бағдарламалардың бәрі түптеп келгенде отандастарымызға арналған, сондықтан ақпарат, эстетика, қызы­ғушылық болуын, олардың қажеттілігін бірінші кезекте ескеру күн тәртібімен түспейді. Мысалы, күні кеше өмірден озған аяулы азамат Әшірбек Сығай арнада «Жансарай» хабарын жүргізгені жақсы мәлім. Өнер, театр, кино саласының майталман маманы еді. Ол кісінің бағдарламасы парасат-пайымы келіскен хабар болды.

– Егер де бағдарламалардағы белгілі әртістердің қатысу тақырыбын жалғастырсақ, онда Қарақат пен Қыдырәлі Болмановтың «Бенефис шоу» музыкалық бағдарламасының жүргізушісі ретіндегі үлкен жетістік­терін айтпай өту обал болар еді. Олар маусымның нағыз жаңалығы болды! Осындай өнер иелерімен жұмыс істеу өте қызық, олар бағдарламаға қазақ мәдениеті мен өнерін терең білетіндігінің және әріптестерімен тығыз қарым-қатынастағы тәжіри­бесінің арқасында өздері де көп өзгерісті қоса алады. «Бенефис шоу»-дың әр бағдарламасының дайындығы, әр түсірілуі біздерге де, көрермендерге де айтарлықтай оқиға. Олардың сіңірген еңбегінің нәтижесінде бұл бағдарламаның рейтингісі де айрықша болып отыр деп ойлаймын, – дейді осы орайда «Хабар» телеарнасы бағдарламалар дирекциясының бас продюсері Ринат Думанұлы бізбен ойын бөлісіп.

Қазір қазақстандық арналардың көбінің ұсынымдары телехикаялардан, көркем фильмдер мен шетелдік телеарналар, оның ішінде басым бөлігі ресейліктер шығарған бағдарламалардан тұрады. Осы ретте шынымен-ақ, өзімізге жат идео­логия мен менталитетке қашанғы тәуелді бола береміз деген және бір сауал алдымызға суырылып шығуы да заңды. Иә, мұны даусыз мойындау керек. Біздің ақпараттық кеңістік пен мәдениетке сыртқы дүниенің жағымсыз көріністері ықпал етуі мүмкін. Бірақ мемлекеттік БАҚ-тың қызметі көбінесе, атап айтқанда, қазақстандық медиа кеңістігінің тәуелсіздігін, отандық контент дамуын қолдауға бағытталған. Соған сәйкес, мемлекеттік арналарға маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Аласапыран уақытта ұлттық сана сезімді қолдау, қазақстандықтарда өз Отаны үшін мақтаныш сезімі болуын сіңіру, халқымыздың мәдени мұрасы мен дәстүрін сақтап, дамыту «Хабардың» басты қызметі болып қала бермек. «Хабар» агенттігі арналарының эфирінде негізінен қазақстандық бағдарламалар мен телехикаялар, ал «24KZ» және «Kazakh TV» арналарында негізінен барлығы 100% өздері шығарған бағдарламалар көрсетіледі.

Әлбетте, бұл оңай шаруа емес. Кө­рермендер ең көп талап ете­тін бағдарламалар мен телехи­кая­лардың тақырыптарын сынау әді­сімен таптық. Қазақстандық те­лехикаялардың өндірілуін дамыта келе, мұнда көрермендерге драмадан комедияға дейінгі жанрлардың кең спектрін көрсетуге көшкен. Және ең маңыздылығы, ол мемлекеттік тілдегі қазақстандық телехикаялар, ауди­торияның орасан зор табысына ие болды: Мейлі ол драма (16,6% – ең жоғарғы үлесімен) «Махаббатым жүрегімде» немесе мейлі ол «Сүрбойдақ» комедиялық телехикая (11,5% – үлесімен) болсын.  (сурет №4).

Еліміздегі бірде-бір телеар­на мұндай көлемде телехикаялар түсірмейді. Шын мәнінде, отан­дық телехикаялар индустрия­сын қалыптастырып жатыр. Осындай өнімдерді шы­ғарумен ма­ман­дандырылған жаңа, талант­ты режиссерлер, актерлер, продю­сер­лік орталықтар пайда болды. Тек былтырғы жылы ғана «Хабар» агенттігі өндірген әртүрлі теленовеллалар сериясының жалпы саны 130 эпизодтан асты. Оның ішінде елімізде бірінші рет түсірілген, тарихи-өмірбаяндық «Бауыржан Момышұлы» және «Күләш» телехикаяларын ерекше атап өту қажет.

Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі туралы сөз ететін бол­сақ, мемлекеттік арнаның, оның қызметкерлерінің қоғамдық жау­ап­кершілігін де жан-жақты тарқатып өткен жөн. «Хабарда» шетелдік өнімдер тықпалайтын «құндылықтар» таратылмайды. Мемлекеттік саясатты қолдаудың маңыздылығын, эфирге жіберілген өнім үшін жауап­кершілікті, әсіресе, қазақстандық аудиторияға бағдарламалардың сипаты мен құндылығы сәйкес болу қажеттілігіне ерекше және қызықты жобаларға көрермендерді тартудың өзектілігіне ұдайы назар аударылады. Бұлардың бәрін әрине, эфирлік саясатқа біріктіру әжептәуір қиын, бірақ жүзеге асыруға болады. Кө­рермендер үшін коммерциялық телеарналармен бәсекелестік тартыс «Хабар» агенттігіне де оңайға тиіп тұрған жоқ. Себебі, жекеменшік медианың мүмкіндігі мол, мысалға камера объективі арқылы олар есіктегі құлыптың саңылауынан да «қарай алады», ал мемлекеттік арна үшін ол тым үлкен артықшылық болар еді. Бірақ эфирде мейірімділік, аяушылық, алуан түрлі этностық және мәдени жағдайдағы халықтар достығын, Қазақстан дамуының оң бағытын тарата келе, отандық телевизиялық өнім жалпы еліміздің де дамуына, сонымен қатар, жеке тұлғалардың жетілуіне де дұрыс ықпал ететіні айдан анық.

 

Марат АҚҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

30.12.2014

http://egemen.kz/?p=46155