Хабар телеарнасы

Өскемен: Биыл – қазақ телевизиясына 60 жыл

1958 жылы 8 наурызда бүкіл ел көгілдір экраннан дикторлардың бейнесін көріп, дауысын естіді. Дәл сол жылы Өскемен телестудиясы да эфирге шықты.

Алтынай Мағзұмова телеарнаға 1985 жылы келген. Дикторлық байқауға қатысып, көп қыз-жігіттің ішінен 4 адам өтеді. Бірнеше ай арнайы іс-тәжірибеден өткен соң, қызметке кіріседі. Бастапқыда студиядан берілетін хабарларды жүргізсе, 1998 жылға дейін жаңалықтарда диктор болады. Тек диктор ғана емес, аға редактор, жауапты шығарушы қызметтерін атқарады. Теларнамен қоса облыстық радиода журналистік жұмысты қатар алып жүрді. Қазір де сол қара шаңырақ телеарнада еселі еңбек етіп жүр.

60 жыл ішінде талай тұлға мен тарих таспаланды. Қазір сол дүниелер цифрлық жүйеге көшіріліп жатыр. Аға буын өкілдері еңбек еткен кездің қызығы мен қиыншылығы – бүгінгі жастар үшін үлкен естелік.

Алтынай Мағзұмова, қазақ телевизиясының ардагері:

- Біз эфирге оқитын мәтінді бір жерге алып кетеді. Қай жерге апаратынын да білмеймін.Тексереді, қолдарын қояды. Таңбасын соғады. Одан кейін барып эфирге шығып оқитынбыз және сол берілген мәтіннен еш ауытқу болмау керек. Қазіргі журналистер сияқты өз ойыңды айта айлмайсың. Кейде қол жазбадан оқып жүрген кездер болды.

Алғашқы еңбек жолын радиодан бастаған Әсира Нажмаддинова – бүгінде облыстық арнада аға редактор. 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан журналист талай жасқа жол сілтеді. Өңірлік телвизияның өсіп-өркендеуі көз алдында өтіп жатыр.

Әсира Нажмаддинова, жергілікті телеарнаның аға редакторы:

- 2 000 жылдардың бірінші 5 жылдығында күн аралықтан шығатын хабарлардың бәрі күнделікті хабарға ауысты. Екі тілде бірінен кейін бірі жүріп отырды. Бұл да үлкен өзгеріс болатын. Енді осы белестен өтіп келе жатқан қазақ телеарнасының болашағына сенеміз.

Отандық телеиндустрияға тағдырын телігендердің бірі – Владимир Малахов. 1980 жылдары телестудияға механик болып орналасқан маман – бүгінде еліміздегі ең білікті инженер. Алғашқы көшпелі телевизиялық стансаны да басқарды. Телевизия саласындағы барлық форматта жұмыс істеді. Ал соңғы 5 жылда «Хабар» Агенттігінің шығыстағы бөлімінде бас инженер қызметінде.

Владимир Малахов, инженер:

- Бүгін ең жоғары санаттағы техникамен жұмыс істеп отырмыз. Қазір техниканың дамығаны сонша, оларды байқап үлгермейсің. Бір ғана мысал. Тәулік бойы ақпарат тарататын «Хабар 24» арнасы Орталық Азияда Қазақстанда бірінші ашылды. Осының өзі отандық телеиндустрияның қаншалықты дамығанын көрсетеді.

1970 жылға дейін қазақ елінде бір ғана телеарна болса, бүгінде 100-ден асады. Тарихы 60 жыл бұрын басталған қазақ телевизиясының қарышты қадамы осылай жалғасып келеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин