Хабар телеарнасы

Алматы облысы: Телевизиямен бірге жасаған Тілеуқабыл Мыңжасар

1958 жылы осы күні Алматы телестудиясы тұңғыш рет хабар таратты. Содан бері телевизия тарихында небір майталман қызмет етті. Еңбек ете жүріп, шәкірт тәрбиелеуге атсалысты. Солардың арқасында телевизия дамып, бүгінгі биігіне көтерілді. Бұл жолда аянбай тер төккен аға ұрпақтың арасында көп жыл қолынан қаламы мен микрофонын тастамай, «Хабар» Агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі болып істейтін Тілеуқабыл Мыңжасар ағамыз да бар.

Бұл күнде қазақ журналистикасының мэтрі Тілеуқабыл Мыңжасарды танымайтын адам кемде кем. Студент кезінде радиохабарлар даярлаумен айналысқан ол өзінің еңбек жолын 1975 жылы қазақ телевидениесінен бастады. Онда 1 жыл жұмыс істеп, отбасылық жағдайына байланысты өзінің туған жері Түркістанға оралады. Аудандық газетте және партия кеңес органдарында түрлі қызметтер атқарды. Алайда оның телевидениеге бүйрегі бұрып, бала күннен бергі арманына қол жеткізуге аңсары ауып тұратын.

17 жылдық үзілістен кейін тағдыр жолы оны бәрібір телеарнаға алып келді. Тілеуқабыл Мыңжасарды қазақ телевизиясының нар тұлғасы Рафаэль Жұмабаевқа таныстырған өзінің қатар жүрген досы Серік Байхонов ағамыз екен. Қазақ телеарнасының директоры бастапқыда: «Мынауыңның тісі жоқ қой. Мен мұны қалай диктор қыламын? Барыңдар, бұл сендерге проходной двор емес!», – деп екеуін кабинетінен қуып шығыпты. Кейін райынан қайтып, спорт комментаторы етіп жұмысқа алады.

Серік Байхонов, телевизия ардагері:

- Мен ешкімнің жолын ашқан жоқпын. Мен оларға мүмкіндік бердім. Қолын қаққан жоқпын. Әкеледі, қол қойып беремін. 60 жыл деген енді аз да емес, көп те емес. Мен қазақ теледидарының көрермендерін орта буын өкілі ретінде осындай үлкен мерекесімен құттықтаймын!

Тілеуқабыл Мыңжасар, телевизия ардагері:

- Енді телевидениені «миллиондар аудиториясы» деп атайды ғой. Мұны бір сәтте миллиондаған адам көріп отырады. Сондықтан біздің 90-шы жылдардағы хабарларымыздың көрермені өте көп болды. Өйткені көтеретін әлеуметтік мәселелер де көп болды ғой ол кезде.

Тілеуқабыл Мыңжасар телевизия саласында 25 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келеді. Ол кісі осы уақыт ішінде мыңдаған шақырым жол жүріп, 10 мыңға тарта репортаж әзірледі. Өзекті де өткір тақырыптарды көтеріп, көптеген күрделенген мәселенің оң шешілуіне ұйытқы бола білді. Тың тақырыптарға түрен салды. Ұмытылып бара жатқан оқиғалар мен «Тақиялы періште» фильмінде басты рөлде ойнаған Әлімғазы Райымбековты тауып алып, сюжет жасады.

Әлімғазы Райымбеков, Алматы облысының құрметті азаматы:

- Мыңжасаров Тілеуқабыл үйге келгенде аң-таң болып қалдым ғой. Бұл кісі қалай келіп қалды? Ол неге келді? «Мені іздейтін де адам бар екен ғой» деп сондай қуанып, төбем көкке екі елі жетпей қалғандай жағдайым болған. Інімнен кейін Қазақстанда шығатын газеттің бәрі келді. Мектептер шақыра бастады, университеттер шақыра бастады.

Тілеуқабыл Мыңжасар, телевизия ардагері:

- Содан кейін мына 12 баланы судан құтқарып қалған Бейсетай Дәуренбеков өзімнің жеке журналистік ізденістерімнің арқасында ағамызды да 30 жылдан кейін біз сол тақырыпқа қайта оралдық. Осы екі кейіпкер көп жағдайда есімнен шықпайды. Халық та рахметін айтып жатады. Сол арқылы кей жағдайда сенің еңбегіңе баға береді.

«Бетакам» форматына өткен күні қазақ телеарнасының бүкіл техникасы далада қалды. Сол арқылы екінші тынысымыз ашылып, дәуірлеу кезеңіне аяқ бастық. Ал қазіргі деңгей өте жоғары. Техника түгел өзгерді. Жастармен жарысатын жөніміз де, жолымыз да жоқ. Өзіндік идеясы бар іні-қарындастарымыз алдағы уақытта жақсы жобаларды қолға алып, жүзеге асырады деген ойдамыз. «Қазақ телевизиясының 60 жылдығы құтты болсын!», – дейді аға буын өкілдері.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев