Хабар телеарнасы

«Қарлығаш ұя салғанда» телехикаясы

Кәмшат Жолдыбаева, Еркебұлан Дайыров, Қарлығаш ұя салғанда

Қарлығаш 32 жаста. Мансап қуып, осы жолда жетістікке жеткендердің бірі. Үлкен қалада тұрады. Салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанады, қымбат киімдер киеді.

«Дұрыс тамақтану» сауда-саттық бөлімінің тізгінін ұстаған ол жеке өміріне мүлдем көңіл бөлмейді. Жігіттің кез келгенін көзқарасымен немесе бір ғана әрекетімен бетін қайтарып тастайды.

Қалипа апай – Қарлығаштың хатшысы. Бастығына небір азаматтармен танысуды ұсынады. Суреттерін әкеліп беріп, танысу сайттарының сілтемесін жіберіп тұрады.

Бірақ Қарлығаш жай нәрседен мін іздеп отырады: шұлығының түсі ұнамайды, талғамсыз таңдалған туфли, шылым шегу, жағымсыз күлкі және т.б.

Қарлығаштың өміріне көрік беретін тек құрбылары ғана. Ақмарал – 3 баланың анасы, үлгілі әйел, аяулы жар. Диана – жалғызбасты, бай жігітті кезіктіруді армандап жүрген әдемі әйел.

Құрбылар әңгіме айтып, демалу үшін әр жұма сайын жиналып тұрады. Бірақ Қарлығаштың оларға жұмыстан басқа айтар әңгімесі де жоқ.

Бір күні Қарлығашқа ауруханадан телефон шалып, әкесінің ауыр халде жатқанын хабарлайды. Денсаулығы нашарлаған әкесі қызына тез тұрмысқа шығып, немере сүйдіруін қалайтынын айтады. Бірақ Қарлығаш оған отбасы құрудан гөрі, жұмысты бірінші орынға қоятынын ескертті. Дегенмен «бірдеңе ойлап табамын» деп әкесіне уәде береді.

Сосын Қарлығаш хатшысына танысу сайтынан бірнеше жігітті тауып беруін тапсырады. Бірнеше үміткермен кездесуге де барады. Бірақ біреуінің мінезі, екіншісінің тәрбиесі, жалақысы, бәрі-бәрі оның көңілінен шықпайды.

Бірде ол үйінің жанынан сымбатты азаматты байқайды. Оның өмірі жайлы ақпарат іздеп, есімі Тасқын және 3 қызды тәрбиелеп жатқан жалғызбасты әке екенін біледі. Ол өз шеберханасында отырып тапсырысқа зергерлік бұйымдар жасайды екен.

Бір күні өндірістік жарақат алған Тасқынды аяқ астынан жедел жәрдем алып кетеді. Көршілер Қарлығаштан зергердің 3 қызын уақытша баға тұруын сұрайды. Бастапқыда бас тартқан Қарлығаш ақыры көмектесуді шешеді.

Оның үстіне құрбысы Зере күйеуімен ренжісіп, балаларын алып, Қарлығаштың үйіне келеді. Бұған Қарлығаш разы болмайды. Себебі балалар үйінің астан-кестенін шығарады. Олар ұйқыға кеткенде құрбысы екеуі ағынан ақтарылып, сырласады. Зере Қарлығаштың өміріне қызыға қарайды. Ал Қарлығаш керісінше, отбасылық өмірді ойлай бастайды.

Таңертең Қарлығаш даладағы шудан оянып кетеді. Сыртқа шықса, үйінің шатырына қарлығаштар ұя салыпты. Балалар оны жақсылыққа жориды.

Таңғы астан кейін Тасқынның жағдайы жақсарғанын естіп, ауруханаға барады. Бұл олардың алғашқы таныстығы еді. Тасқын балаларына бас-көз болғанына рахметін айтып, Қарлығашқа кішкентай кілт сыйлайды. Айтуынша, ол өмірде өз орныңды табуға септігін тигізеді екен. Осыдан кейін Қарлығаштың ойынан Тасқын мен оның айтқан сөздері кетпей қояды.

Кейін Тасқынның балаларын алып, ауылға кетіп қалғанын естіген Қарлығаш өзінің өмірлік қағидаларын былай қойып, демалыс алып, бақытының соңынан ауылға кетеді.

Ары қарай не болмақ? Қарлығаш пен Тасқын қосыла ма? Әлде оған қандай да бір кедергі бар ма?