Хабар телеарнасы

Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке

Наурыз тойы – мереке, салт-дәстүрім – береке

Ұлыстың ұлы күні Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс-берекенің арқауы, тек адамзаттың ғана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы.

Жалпы Наурызға байланысты қазақ халқының ежелден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері бар. Ендеше назарларыңызға солардың ұмыт бола бастағандарын ұсынамыз.

БОСАҒА МАЙЛАУ

Сурет: putidorogi-nn.ru

Босаға майлау – жастар жеке отбасы құрғанда немесе жаңа үйге кіргенде жақын туыстары келіп, үйдің босағасына май жағу салты. Бұл «Осы үй берекелі, майдай жұғымды, көптің үйі болсын!» деген ұғымды білдіреді. Босаға майлаған адамға кәде беріледі. Көктемде бірінші шайқаған майды шаңырақтағылар ауыз тимей тұрып есік жақтауын, табалдырықты, киіз үйдің ауызсу сақталатын жақ босағасындағы киізді майлау ырымы да бар.

ҚАЛАУ АЙТУ

Сурет: egemen.kz

Қалау айту – қазақ салтында біреудің жақсы малына, мүлкіне көңілі кеткен адамның сол үйдің иесіне немесе әйеліне, баласына соған лайықты бағалы бір тарту әкеліп, әлгі дүниені, жануарды «менің қалауым осы» деп сұрауы. Кейде үй иесі мұндай сыйлы, жөн-жоралғысымен келген қонаққа өзі сөз салып: «Бұл үйден қалаған бір затың бар ма? Қалауыңызды айтыңыз», – деп сұрап, көңілі түскен затын сыйлайды.

АУНАТУ

Сурет: tft.kz

Қазақтар үйіне қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос-жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхтар Әуезов келгенде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.

АЖЫРАСУ КӨЖЕ

Сурет: tarmpi-innovation.kz

Қазақта ежелден бар тұрмыстық әдет-ғұрыптың бірі – ажырасу көже. Оның мәні ауылдың бір тұрғыны басқа бір алыс жаққа көшерде ағайын-туғандарымен, көрші-қолаңдарымен қоштасу ретінде «ажырасу аяқ» деп аталатын тамақ беруінде болатын. Ауылдастарына айтпай, үн-түнсіз көшіп кету көргенсіздік, тәрбиесіздік саналатын. Ал көшіп бара жатқан жақ өздерінің туған-туыстарына, құрметті ауылдастарына «көзіміздей көріп жүріңдер» деп естелік сыйлықтар қалдыратын. Ауылдастары өз кезегінде ризашылығын білдіріп, «Көш көлікті, барған жердегі қоныстарың құтты болсын!» айтысып, ақсақалдар ақ баталарын берісетін.

БӘСІРЕ

Сурет: total.kz

Бәсіре – қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде, сол күндері туған құлынды немесе ботаны «нәрестенің бәсіресі» деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіре мүмкіндігінше жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қылып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың да малға деген ықыласы, пейілі түзу болады.

ТІЗЕ БҮГУ

Сурет: aljazeera.com

Халық әдебімен тізе бүгудің бірнеше түрі, жолы, шарттары бар. Мұның бәрі де негізінен әдептілік, тәртіп заңдарына негізделген. Біріншіден, жұмыспен бір үйге келген адам шаруасын отырып айтады. Егер тым асығыс болса, ол жайын айтып, бір тізесін бүгуі керек. Бұл – шаңыраққа көрсетілген құрметтің белгісі.

Екіншіден, бұрынғы дәстүрде біреуден бата тілегенде, ол адам бір тізесін бүгіп, екі қолын жаяды. Бұл әдет бүгінге дейін сақталған.

БЕЛ КӨТЕРЕР

Сурет: blogs.kazakh.ru

Бел көтерер – дәстүрлі ортадағы ғұрыптық ас атауы. Ұзақ жасаған, тісі қаусаған қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жей беруге лайықтап дайындалады. Бел көтерер – адамға мол күш беретін нәрлі ас, көңілі жақын жандар арнайы дайындап, қарияларға алып келеді. Бел көтерер этномәдени жағынан мертіккен, қол-аяғы сынған адамдарға тез сауығуын тілеп, арнайы дайындалатын «мертік ас» деп аталатын ғұрыптық тағамға ұқсас.

ӨҢІР САЛУ

Сурет: Baribar.kz

Өңір салу, отау көріктеу – тойдан кейінгі қазақы салт. Мұнда ылғи бәйбішелер келеді. Ниеттері – келінге шашу шашып, құтты болсын айту. Шашудың сыртында өңір әкеледі. Өңір – киім, бұйым немесе жас төсекті басқалар басынбасын деп бүркіт тұяғы, үкі, сырмақ, ожау, қазан, т.б. әкеліп, отауды көріктеп өз қолдарымен тағады. Бұлардың бәрі – отау үйге қажетті, өңін ашатын нәрселер. Өңір салуды жас шаңыраққа құрмет және жәрдем десе де болады.