Хабар телеарнасы

«Өмір жолы». Қоғам және мемлекет қайраткері Нәзір Төреқұлов

Төреқұлов Нәзір – мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, алғашқы қазақ елшілерінің бірі, дипломат.

Қоқандағы жәдидтік мектепте және екі жылдық орыс-түзем мектебінде бастауыш білім алған. 1913 жылы сондағы коммерцияучилищесін бітіріп, Мәскеудегі коммерция институтына оқуға түскен. 1916 жылы 25 маусымдағы патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданға барған. Минскіде Земство одағына нұсқаушы болып жұмысқа кіріп, тыл жұмысына алынғандарға тілмаштық қызмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларға белсене ат салысты. Сонда жүріп қазақ жастарының «Еркін дала» атты астыртын ұйымын құруға жетекшілік етті. 1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Орынборға оралып, «Еркін дала» ұйымының алғашқы құрылтайын ұйымдастырады. 1918 жылғы 16 сәуірден Орынборда «Қазақ мұңы» газетін шығаруды қолға алды. Осы жылы жазда Қоқанға оралып, сонда жұмысшы, диқан және солдат депутаттары кеңесіне қызметке тұрып, оның органы болып табылатын «Халық газетасын» және Түркістан Коммунистік Партия органы «Инқилоб» (Революция) журналын шығаруға ат салысты. 1919 жылы Ферғана облысы ревкомының және Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды. 1922-1928 жылы Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Коммитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Орталық баспа басқармасының төрағасы ретінде қазақ тілінде «Темірқазық» атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты.

Қайраткер 1937 жылы 15 шілдеде ұсталып, 3 қарашада атылды. 1958 жылы 28 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Бүгінде Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында Төреқұлов Нәзір есімімен аталатын көшелер бар. Оның есімі Шымкенттегі, Түркістандағы және Шолаққорғандағы орта мектептерге берілген. Түркістан қаласында Төреқұлов Нәзір мұражайы жұмыс істейді.