Хабар телеарнасы

Жеті күн 01.10.2016

Сюжеттер
1 Елбасы жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды 2 Қазақстан Президенті Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті 3 Израильдің экс-Президенті Шимон Перес көз жұмды
4 Тұрғын үйге әркімнің бар таласы 5 Астанада 20-ға жуық елдің депутаттары Азия парламентаралық форумында бас қосты 6 Бюджет үнемді болмақ
7 Дүбірлі додаға дайындық 8 Астанада автокөліктер саны артты 9 Интернет-аддикция дегеніміз не?
 
10 Тәуелсіздік табыстары 11 Пай-пай, 25!  

1 Елбасы жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды

Күз басталғалы аймақтардың тынысымен танысып жүрген Елбасы осы аптада Павлодар облысына барды. Өңір жұрты Мемлекет басшысына жеткен жетістіктерін, атқарып жатқан шаруаларын көрсетті.      

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Павлодар облысы – Қазақстанның ең үлкен өңірі. Жаңа көріп шықтым, ауыл шаруашылығында да көп жұмыс жасалып жатыр. Жастарға білім беру жағынан да көп жұмыс жасалуда. Соны барлығы елдің игілігіне. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына келе жатырмыз. Ойлап қарасақ, зымырап, 25 жыл өтті. 25 жылдың ішінде жеткен жетістіктеріміз 100 жылдыққа татиды.

Бұл – бал жағылған қызыл сөз, құр мақтан емес. Мәселен, Павлодардағы Орталық Азияда теңдесі жоқ, 1500 тонна бетон тірегі, 45 метрлік аркасы бар алып көпірдің өзі неге тұрады?!

Еліміздің солтүстік аймақтары қашанда сапалы астығымен аты шыққан. Павлодар өңірінің де осы даңққа қосқан үлесі бар. Биыл еңбекші қауым: «Миллион тоннаға жуық астық аламыз», – деп отыр. Дәнді дақылдарды сақтайтын қоймалар да күні бұрын әзірленді. 

Бір ғана «Арго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігінде 30 мың тонна дән сақтайтын қойма бар. Жұмысы толық автоматтандырылған. 6 адам басқарады. Дәл осы ұжымның ілкімді ісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көрді. Серіктестік қожайыны былтыр 45 мың тонна бидайды шетелге шығарғанын айтты. Биыл да жоспардан жаңылмай, көрсеткішті еселемек. 

Руслан Аушев, шаруа қожалығының жетекшісі 

-Биыл егіннің шығымы жақсы болғандықтан, ішкі нарық бидайдан тарықпайды. Сол себіпті біз дәнді дақылдарды Қазақстан аумағында саудаламаймыз, экспортқа шығарамыз. Дәлірек айтсам, Тәжікстанға жөнелтеміз.

Істің ыңғайын тапқан Руслан Аушев алдағы уақытта қаракетке қарқын қосады. Нақтырақ айтсақ, шаруа қожалығының көлемін ұлғайтады. Шет елдерден сүтті және етті қара мал әкеліп, ауыл шаруашылығына қажетті өнімнің бәрін өздері шығарады. Ол үшін арнайы қора-жай салған. 160 жұмысшыға лайықтап үй тұрғызған.

Руслан Аушев, шаруа қожалығының жетекшісі

-Жылына бір миллион литр сүтті шығарып, 2 мың тонна ет өткізіп, 15 мың тонна көкөніс жинаймыз деген жоспар бар.

Күн сайын жаһан елдері техникалық жаңалық ашып, жалпақ жұртты таң қалдырып жатыр. Мәселен, жапон елі ақылды робот жасады. Мұнымен тоқтап қалмайтыны даусыз. Осындай сағат сайын технология дамыған тұста біздің де қарап отырғанымыз жарамас. 

Әрекет бар. Биыл Павлодар қаласында балалар техникалық мектебі ашылды. 180 оқушы білім ұясында 16 түрлі үйірмеге қатысады. Өнертапқыштардың тынысын ашатын мектепте Президент Нұрсұлтан Назарбаев болды. Талаптылармен тілдесіп, тың технологиялармен танысты.

9-сынып оқитын Әсемгүл Нұржан болашақта роботының қолданысқа енетініне сенімді. Өйткені қазір қоқысты тек адам басқаратын техниканың күшімен тазалайды. Ол алдағы уақытта ғылыми жұмысын дәлелдеуге тырысады. Жоспар жүзеге асса қолдаушы тауып, қолданысқа енгізеді. Нәтижесінде қоқыс тазалауда қол жұмысының қажеті болмайды. 

Әсемгүл Нұржан, оқушы 

-Бұл роботтың үлкен моделін жасап шығуға болады. Бұл жерде ультрадыбыстық сенсері бар. Ол қоқысты алдынан сезеді. Және де бұл роботта 4 мотор бар. Бұл робот қоқысты алдынан көргенде қоқысты жинап, арнайы сорттайтын машинаға апарады. Бұл машинада екі мотор бар. Бұл машина екіге сорттайды, өңдеуге және жандыруға.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері қазіргі уақытта ғылымға ден қойған. Аз уақытта 180 білімгер жаңа жоба әзірлеп, оны қолданысқа енгізген. Павлодарда және еліміздің бірқатар аймағын да пайдаға асқан жаңалықтарын олар Президентке мақтанышпен айтты.

Нигерия елінен Қазақстанға білім қуып келген Ноа Салако да Елбасыға өз жұмысын таныстырды. Ол қазақтың киіз үйін өз елінде пайдануға ниетті. 

Бұл жетістіктердің бір парасы ғана. Мәселен, инвест жобалар жәрмеңкесінде білімгерлер 40 миллион теңгеден асатын 21 жобаны сатқан. Нәтижесінде таланттылардың қиялына қанат бітіп, жаңа жұмыстарды іске асыруға кіріскен. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-То, что студенты со студенческой скамьи занимаются вот этими всеми делами, это то что необходимо. Если бы все университеты занимались бы так, студенты были креативные, талантливые, стремились придумать, И вот эта Силиконовая долина, индийский Бангалор, там студенты уже заканчивая университет становятся богатыми. Государство создает для вас условия, чтобы старт-апы эти проходили. Старт-апы, затем опытные промышленные установки, потом проходили в бизнес.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еліміздің тасжолдары жаңарып жатыр. Оңтүстік өңірлердегі тақтайдай тегіс жолдар сөзіме дәлел. Бүгінгі күні Солтүстік және Шығыс Қазақстанға қатынауда едәуір жеңілдеді. Оны Павлодардың жолынан анық аңғаруға болады. «Орталық-Шығыс» автожолының 12 шақырымы бүгінгі күні төселіп жатыр. Соның сапасын елдің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрді. Жұмысшылармен жүздесіп, жолдың ел үшін маңызы зор екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-«Жол сал», «көпір сал» деген бар қазақта. Мұсылмандарға сауап болатын не? Көпір. Жолаушының жолын қысқартады. Жұмысы мен жүгін жеңілдетеді. Барлығы жол. Елімізде жол болса, экономика өседі. Қарым-қатынас жақсы болады. Еліміз бір-бірімен бірігеді. Әрі-бері қарым-қатынас болғаннан кейін жағдайдың бәрі дұрыс болады.

Құрылыс жұмыстары басталған кезде мұнда 1500 адам жұмысқа тартылған. Дені – жергілікті тұрғындар. Олар осы ашылған жұмыс арқасында тұрмысын түзеген. Мұны жергілікті қариялар да растады. Халықаралық деңгейге сай келетін көпірге жұртшылық атынан жаңа атау ұсынды. 

Сәкен Сейітханұлы, тілші 

-2013 жылға дейін бұл жерде өткел тұрмақ, жол да болмаған. Үш жылдың ішінде мемлекеттің қолдауының арқасында Орталық Азияда теңдесі жоқ, осындай сапалы әрі көрікті көпір салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылысшылар екпінді еңбек етуде. Өйткені Тәуелсіздіктің 25 жылдығына тарту жасап, бұл жолды аяқтайды. Сөйтіп еліміздің транзиттік әлеуетінің артуына жол ашады. Дәлірек айтсақ, Орталық Қазақстанға қатынайтын жолды 40 шақырымға қысқартып, күніне 400 көліктің қатынауына жол ашады. 

Мамандар құрылысқа қажетті заттың бәрін терең тексерістен өткізген. Өйткені бұл жол ұзақ жылға шыдас беру керек. 

Серік Төлебаев, «Қазақжолқұрылысы» ЖШС бас директоры

-Біз енді мердігер компания ретінде 5 жылға кепілдік береміз. Бұл көпірлер 50 жылдан аса халыққа қызмет көрсетеді деп есептейміз.

Осыдан 25 жыл бұрын облыста жұмыссыздар қатары қалың болған. Дәлірек айтсақ, 47 мың адам бос жүрген. Сол уақыттан бері атқарылған ауқымды жұмыстар нәтижесінде 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Осы көрсеткішке қарап, аймақтың әл-ауқатының артқанын және әлеуметтің әлеуетінің көтерілгенін көреміз. Демек жұрттың жағдайының серпін алғанына қарап, елдің де дамуында екпін барын байқаймыз. 

Авторлары: Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков, Хасен Омарқұлов, Алмас Омарғалиев 

2 Қазақстан Президенті Павлодар облысының жұртшылығымен кездесті

Арасында еңбек ардагерлері, кәсіпорын жұмысшылары, белсенді жастар, спортшылар, этномәдени бірлестік өкілдері бар. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Бүгін сіздермен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Павлодар облысы еліміздегі индустриясы қарқынды дамыған ірі өндірістің орталығы екені бәрімізге белгілі. Бұл жерде бүкіл электр энергияның 40 проценті шығарылады. Әсіресе 25 жыл Тәуелсіздік жылдарында бұл өңірде үлкен өзгерістер болды. Еліміздің дамуына сіздердің өлкелеріңіз үлкен үлес қосып келе жатыр. Республика бойынша ауыл шаруашылық өнімдері алдыңғы қатарда келеді. Егін бітті, былтырғыдан 2 есе жоғары егін жиналды. Ол да – елдің ырысы. Жақында павлодарлықтар Астанада үлкен жәрмеңке ашып, өзінің тауарларын әкелді. Осылай бір-бірімізді қолдау білдіру арқылы жеткен жетістігімізді паш етеміз.

Қазақстан – бай өлке. Қойнауы металлға, мұнайға толы. Алайда әлемдік ахуал қолда барға байлануға болмайтынын күнде дәлелдеуде. Баға тұрақсыз. Сондықтан да Елбасы Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын қабылдаған. 

Нәтижесінде қаншама зауыт-фабрика бой көтерді, қаншама жұмыс орны ашылды. Мемлекет басшысы Павлодар өңірінде жемісті жүзеге асқан ауқымды жобаларды атап өтті. Нақты айтқанда, қуаттылығы жылына 250 мың тонна болатын электролиз зауыты салынды. Тағы бір маңызды нысан қуаттылығы жылына 30 мың тоннаны құрайтын хлор мен күйдіргіш сода шығару жөніндегі «Каустик» өндірісі іске қосылды. Іс-шара барысында телекөпір өтті. Оның аясында Бозшакөл тау-кен байыту комбинатының тұсауы кесілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Баршаларыңызды, құрылысшыларды, монтажниктерді, металлургтарды осы өндірістің іске қосылуымен шын жүректен құттықтаймын. Барлық Қазақстан бойынша бұл ең үлкен өндіріс биыл іске қосылған. Гигантское предприятие вводится сегодня на радость казахстанцев. Огромная, в степи, появилась производства, появляется поселок. Люди будут жить, работать. Самая главная мощность берет силу 30 млн тонн руды.

Кездесуде Елбасы елімізде нарықтық экономиканың локомотивіне айналған мықты кәсіпкерлер тобы қалыптасқанын атап өтті. Олардың саны 1 млн 260 мыңнан асады. Жиында жергілікті шаруақожалық басшысы 20 жыл бұрын құрдымға кеткен кәсібін жандандыруға Елбасының жәрдемдескенін еске алды.

Мемлекет басшысы облыстың энергетика саласында көш бастап тұрғанын, көлік-инфрақұрылымының жақсарғанын айтты. Әлеуметтік саладағы жүйелі жұмыстарға ризашылық білдірді. Өз кезегінде жастар да мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көріп жатқанын жеткізді.

БЛИЦ

-Мен еліміздегі барлық мемлекеттік бағдарламалардың қатысушысымын. Жас жанұя бағдарламасымен пәтер алдым. Жұмыспен қамту бағдарламасымен жұмысқа тұрдым. Жеңілдетілген несиемен машина алдым.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Істеліп жатқан шаруаның бәрі – болашақтың қамы. Біздің буын Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жеткізіп, қиын қыстау 3 кризистан  Қазақстанды шығардық. Басқа елдер құлап қалған кезде іші бүлінгіп, қан төгіліп жатқан кезде еліміздің тыныштығын сақтадық. Сол жағдайда ғана жастарға жағдай жасалатын болады. Шетелге қай жерге шығам десең, оқытып жатырмыз. Зияткерлік мектептер ашып жатырмыз.

Жып-жылы кездесудегі әдемі әңгіме, әуелеген әнмен жалғасты.

3 Израильдің экс-Президенті Шимон Перес көз жұмды

Ол 7 жыл тақта отырған. Ғұмырының 70 жылын мемлекет ісіне арнаған. Қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Израильдің қазіргі Президенті Реувин Ривлинге көңіл айту жеделхатын жолдады. «Қазақстан халқы Шимон Пересті парасатты басшы, екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға орасан еңбек сіңірген тарихи тұлға әрі беделді саясаткер ретінде әрдайым есте сақтайтын болады», – делінген хатта. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Израиль елшілігіне барып, көңілайту кітапшасына жазба қалдырды.  

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті

-Қайғылы жағдайларда көңіл айту бүкіл адамзат баласының парызы болып саналады. Қазақ халқының да мызғымас дәстүрі. Сондықтан мен бүгін Израиль мемлекетінің елшілігіне келіп, Шимон Перес мырзаның қаза болғанына байланысты өз атымнан, халқымның атынан көңілімді айттым. Ол кісіні мен өте жақсы білуші едім. Кемеңгер адам, көпті көрген. Ол Израиль халқының ұлы перзенті болып саналады. Халқының санасында мәңгі қалады деп санаймын. Ол дүниежүзілік мағынасы бар адам еді. Ылғи бейбітшілікке қарай бас бұрып отыратын. Жақын Азияда бейбітшілік орнату үшін келісімге қол қойған, сол үшін Нобель сыйлығын алған адам. Барлық жерде қарапайым. Қазақстан мен Израильдің қарым-қатынасын жақындатуға көп көңіл бөлді, көп жұмыс істеді.

Шимон Перес сынды халқына сыйлы саяси тұлғалардың бірі Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю еді. Осы аптада Президент Нұрсұлтан Назарбаев сол әйгілі Ли Куан Юдің ізбасары, Сингапурдың құрметті аға министрі, Парламент мүшесі Го Чок Тонгпен кездесті. Екі ел ынтымақтастық, серіктестік туралы сөз байласты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті 

-Мы все после объявление Независимости смотрели на вашу страну как премьер для развития. Не смотря на то что Сингапур это город-государство, он показал пример как надо развиваться. Я хорошо знаю путь развития Сингапура и наш путь развития за 25 лет он чем то похожий по трудностям и делам которые мы свершали. В нашей работе, в наших программах особенно индустриализации Казахстана, развитие человеческого капитала, инфраструктуры, образование, здравохранение. Мы всегда учимся у Сингапура.

Го Чок Тонг, Сингапурдың Құрметті Аға министрі, Парламенті мүшесі

-Мен Сіздің елде алғаш рет болып отырмын және оның даму қарқынына тәнтімін. Елдеріміздің арасында тығыз серіктестік байланыс орнағанына қуаныштымын. Қазір Қазақстан мен Сингапур арасындағы ынтымақтастықтың барлық басты бағыттары айқындалған.

Елбасы Иордания королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейнмен де Қазақтан-Иордания серіктестігін талқылады. Телефонмен сөйлескен екі ел көшбасшысы өзара сапармен бару тәжірибесін қалыптастыру жөнінде уағдаласты. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Иордания монархын табысты өткен парламент сайлауымен, жаңа үкімет құраманың жасақталуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы еліміздің бас банкирі Данияр Ақышевты қабылдап, қаржы нарығындағы ахуалды сұрады. Қаржыгердің айтуынша, ұлттық валюта тұрақты. Шағын және орта бизнеске берілетін несие көлемі артқан. Баға өсімі бақылауда. Инфляция 5,4 пайыз деңгейінде. Ал «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының» басқарма төрағасы  Ахметжан Есімов Елбасыға «Экспоға» дайындық барысын баяндады. Барлық шаруа кестеден ауытқымай атқарылып жатыр. Құрылыс жыл соңында аяқталады. Қазан айында павильондар халықаралық қатысушыларға, тұрғын үйлер делегация мүшелеріне беріледі. 

4 Тұрғын үйге әркімнің бар таласы

Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Ата заңның 1-бабында осылай жазылған. Адами қағидат бойынша да ешкім ешкімнің ғұмырын қиюға құқығы жоқ. Өкініштісі сол, бұл заңдылықтарға көзіне қан толған қылмыскерлер бағынбайды. Сондай қаныпезерлер Алматы облысында үш бірдей азаматты өлтірген. Аяныштысы сол, жесірлер саны үшеуге, жетімдер қатары тоғызға көбейді. Мал саудасымен айналысқан ағайынды үшеудің өлімі қоғамды дүрліктірді. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та жиналыста осы қайғылы оқиғаны бақылауда ұстауды тапсырды.

Сондай-ақ отырыста қалың қарашаны баспанамен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандар құрылысының бәсеңдеуі, мектепке зәру аймақтар туралы талқылау болды. 25 жылда 113 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Тағы да салынады. Бірақ үйден үміттілер қатары азаймайды. Неге? Үкімет басшысы да аң-таң. Біз де аң-таң.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі

-Үш жылда кезекке тұрғандар 2,5 есе өскен. Қандай да бір есеп бар ма? Әлде біз бәрін тіркей береміз бе? Бәлкім, бір адам бірнеше қалада үй кезегінде тұрған шығар?

Ол да мүмкін! Кім білсін?! Ал облыстарда салынып жатқан қаншама аурухана, емханалар уақытысында қолданысқа берілмей тұр. Бәрі құрылыс компанияларының жауапсыздығынан. Бұл біздің сөз емес. Әлеуметтің денсаулығына жауапты министр Тамара Дүйсенованың шағымы Үкімет басшысына айтқан. 

Мұндай көріністер бұрын, бұрын дегенде, осыдан 25 жыл ілгеріде болып па еді? «Болған, шіркін, ол заман...» деп әңгімені әріден бастағыңыз келсе...

Қираған, қисайған, иә, ол кезеңдегі құрылысқа осындай теңеулер жарасады. Жарасқаны несі, солай болды. Қанша жерден тырысып, «өзгертемін» десеңіз де, өзгермейтін факт ол. 

Ал енді Тәуелсіздік алғаннан кейінгі көрініс мың құбылды. Дәлел керек пе? Ресми статистика сөйлейді. 25 жылда Қазақстанда 113,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Яғни 1 миллионнан астам жанұя баспаналы болды деген сөз. Бұл цифрлар ойды өткенге оралтады. Қазақстандағы құрылыс қалай басталған еді? Яғни дәл сол күні Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жаңа тұрғын үй саясаты туралы» мемлекеттік бағдарлама бекітілді. Сөйтіп тоқтаған кран «тірілді». 1994 жылдан 2015 жылға дейінгі аралықта құрылысқа тартылған инвестиция көлемі 14,5 млрд теңгеден 739,9 млрд теңгеге өскен.

Қуандық Бишімбаев, ҚР Ұлттық Экономика министрі

-Осының бәрі ең алдымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы шаралары негізінде қабылданып жатқан оң әсерге байланысты. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай 4,5 мл шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көзделген.

Қазір «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларының саны 709 мыңға жетті. Бас-аяғын қоссақ, баспана кезегінде 1 миллионнан аса азамат тұр. Әрине, өз үйің – өлең төсегің. Алайда «дағдарыстың дауылын күшейтіп отырғандар» оны түсінбейді. Сондықтан мемлекет қиындыққа қарсы тұрар қалқанын қуаттады. Қандай жағдай болса да, тұрғын үй құрылысы тұрып қалмауы керек. Бірақ кейбір құрылыс компанияларының тірлігіне «құмырсқаның пысықтығы» жетпей тұр. 

Ерболат Досаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқармасының төрағасы

-Бұл екі мәселеге байланысты. Біріншіден, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдардың уақытында тартылмауы. Екіншіден, мердігердің кеш таңдалуы. 

Биыл тұрғын үй құрылысына инженерлік коммуникация инфрақұрылымын тартуға 110,9 млрд теңге бөлінген. Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарында қаражат діттеген жеріне жеткен. Ал Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласы толық игере алмай отыр.

Өскемендегі «Айымжан» тұрғын үй кешені. Ұлттық экономика министрінің тізіміне іліккен. Тек жақсылардың емес.

Асхат  Өтебаев, Өскемен қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары

-Қазіргі кезде инфрақұрылымға конкурстық рәсімдер өткізілуде. Яғни бұл үй 2017 жылы пайдалануға беріледі. Әлеуетті өнім берушісі анықталса, сонымен биылғы жылы жұмыстарын бастаймыз деген ниетіміз бар.

Бұл – Ерболат Досаевтың айтқан бірінші мәселесі. Ал екіншісіне тоқталсақ, неліктен мердігер кеш таңдалады? Себебі құрылыстың жобалау-сметалық құжаттамасын алу анау айтқандай оңай емес. Оңай болса, Қарағанды облысы бойынша жыл басынан бері толық құжатқа қолы жеткен бір ғана компания болар ма еді?!

Мына тұрғын үйді салған мердігер жобалау-сметалық құжаттаманы құнттамады. Ақырында рұқсатнаманы алмаған да, бермеген де емес, халық қалды, шуласып.

Үкімет басшысы министрлерге мәселені бақылаңдар деп қадады. Сөйтіп жаңа жоспардың жайын талқылады. Енді құрылыс науқаны жаңа «Нұрлы жер» бағдарламасымен жалғасады. Мұнда артықшылық айтарлық. Соның бірі – несиемен болсын, несібелі ету. 

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық Банкінің Төрағасы 

-Жыл соңына дейін ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру жобасын әзірлемекпіз. Тұрғын үйге сұраныс артуына байланысты екінші деңгейлі банктердің несиелік портфелі ұлғаяды деген болжамдамыз. Жоба аясында несиелік мөлшерлемені 17-ден 13 пайызға дейін төмендету ұсынысы да бар.

Осы жылы жергілікті атқару органдары облигациялар шығару арқылы кредиттік тұрғын үй салу үшін 41,7 млрд теңге көзделген. Оның 38,2 млрд теңгесіне облигация шығарылған. Бірақ мемлекеттің көмегін керегіне қарай керек қыла алмай отырған аймақтардың да аз емес екенін алға тарты Қуандық Бишімбаев. Сондай-ақ министрлер қатарындағы жалғыз нәзік жанды Тамара Дүйсенованың сөзі де нәзік болған жоқ.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

-Ең алдымен Қарағанды облысындағы құрылысы аяқталып қалған 11 дәрігерлік амбулаторияға қатысты мәселе бар. Бұл аймақта мердігерлер нысандарды уақытылы тапсырмаған. Осыған байланысты өңірде сот ісі жүріп жатыр. Бұл нысандарда құрылыс жұмыстарының 95-тен 100 пайызға дейін аяқталғанын ескеріп, әкімдік жыл соңына дейін оларды тапсыру үшін қам-қарекет жасауы керек.

Қазір 98 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр. Осы жылы 76 нысан пайдалануға берілуі тиіс. Әзірге 24-нің құрылысы аяқталған.

Батыс оқу жылын осылай бастап еді. Анығы, Приречное ауылы. Мұндағы жалғыз мектептің құрылысы аяқталмай, салдарынан 160 оқушы әкімдіктегі шенділерді жайлы кабинеттерінен ығыстырған. Бір жағы «бэби-бум» деп қуанамыз-ау, бірақ шын, мектеп жетпейді.

Қолданыстағы мектептердің саны – 7126. Ал биыл 2,8 миллионнан аса оқушы мектепке барды.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі 

-Жыл сайын оқушылар санының өсуіне байланысты және урбанизация процестері болып жатыр. Әрі қарай мектептерді, әсіресе қаладағы мектептерді, салу керек деп есептейміз. 2018 жылдан бастап, кемінде жыл сайын 50 мектеп салу керек болып тұр.

Құрылыстың қаржысы қыруар. Мұндағы байлық өзгенің емес, өзіміздің қалтада қалуы тиіс! Сондықтан бизнесте белсенділік қажет.

2014 жылы 16 мамырында ҚР «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңы қабылданды. Нәтижесінде рұқсат беру құжаттарының саны 1 200-ден 315-ке қысқарды.

Қазір «кәсіп қыламын» дегенге кедергі жоқ. Жеңілдік көп. Қысқасы, мемлекет «алдыңызға ас қойды», тек кей өңірлерде «екі қолды...», арғы жағын біліп тұрсыз.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП» Басқарма төрағасы

-Қанша қаражат тендерден өтіп жатыр. Бірақ оны ешкім қадағаламайды. Біздің отандық кәсіпкерлер бар, тауар беретін. Өкінішке орай, оның барлығы импорттан әкелініп жатыр.

Ұлттық экономика министрлігі Республика бойынша 42 индустриялық аймақ бар. Олардың 15 қолданыста бар. Қалған 27-сі салынып жатыр. Қолданыстағы индустриялық аймақтардың аумағында 322 өнеркәсіп орналасқан деген дерек келтіреді. Ал ұлттық кәсіпкерлер палатасы 1 ғана индустриялық аймақтың жұмысы жанды, қалғанынын әрекеті әлсіз деп отыр.

Әзірге кәсіпкерлік қызметті белсенді несиелеу есебінен:

құрылыс – 6,7%

көлік саласы – 4,2%

ауыл шаруашылығы – 4,9%

өңдеуші өнеркәсіп – 0,7%

өнім шығару көлемі ұлғайған.

Ал бизнесті бақылау жөнінен алғашқы үштікте Астана, Ақтөбе, Алматы тұр. Тізімді қорытындылайтын Қостанай. Премьер-министр айтпақшы, «ынта керек» оларға. «Ынталының ерні майлы» деуші ме еді?! Менің шығарғаным емес, аталардан қалған шындық сөз. Үкімет отырысынан ойға түйгеніміз осы.

Автор: Мырзабек Түсіпов 

5 Астанада 20-ға жуық елдің депутаттары Азия парламентаралық форумында бас қосты

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой, демектің бәрі – ақымақшылдық». Хәкім Абайдың бұл тұжырымы жаһанданған мына заманмен дәл үндеседі. Осы аптада Астанада 20-ға жуық ел депутаттары Азия парламентаралық форумында бас қосып, инновация, технология, білім мәселесін талқылады. Қатысушыларды заманында білім-ғылымның ордасы болған Шығыс жұртының бүгінде АҚШ пен Қытай, Еуропаның көлеңкесінде қалғаны қынжылтты. Қайтпек керек? «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз! Сізге ғылым кім берер, жанбай жатып сөнсеңіз?!» Мен жауабын тағы да Абайдан таптым. Ал, «Жеті күн» тілшісі Бағдат Бектұрғанқызы форумға келген мықтылардан сұрап көрді мәселенің шешімін.

Дамел Мектепбаева 28 жаста. Талапшыл жастың бағын ашқан «Болашақ» бағдарламасы. АҚШ-та жоғары білім алды. Францияда магистратураны оқыды. НАСА агенттігінде тәжірибе жетілдірді. Бірнеше ғылыми жаңалық ашты. Қазір Астанадағы Назарбаев университетінде  микробиологияны зерттеп жүр. 

Дамел Мектепбаева, «Назарбаев Университеті» ДБҰ ғылыми қызметкері

-НАСА агенттігінде қолға алған жобам сәтті шықты. Халықаралық патент алдық. Жаңа құрылғы диагностикалық сақина арқылы ағзадағы инфекциялық дертті анықтап, тексеру нәтижесін телефоныңызға жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір Мексикада сынақ жасап жатырмыз. Жуырда біз жаңа медициналық құралдар ойлап тауып, екі қазақстандық патент алдық. Екеуі де  биотехнологиядағы жетістігіміз.  

Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында өкпе ауыстыру операциясы алғаш рет сәтті өтті. Жүрек трансплантациясын жасау технологиясы енгізілді. Жүрек ақауын емдеуде эндоваскулярлық әдіс кең қолданыста. Мұндай күрделі операцияның 20-ға жуығы мына құрал арқылы жасалуда. Әзірге бұл АҚШ-тан сатып алынады. Енді оның орнын отандық өніммен алмастыратын боламыз.   

Бүркітбай Ақбай, Биомедицина ғылымдарының магистрі

-Хард стричь деп аталады. Былайынша айтқанда жүректі жамау деген сөз. Бұл Англияда, Германияда Берлин қаласында екі бөлімшесі ашылған. Енді 3-шісі болып Астанада ашылып отыр. Жақында осы аспаптарды Қазақстанға әкеліп, жасап өндіріп, соны Еуропада, Америкада, Азия елдеріне сатуға рұқсатын алдық. Қазақстанда жасалған деген атаумен саудаға түсетін болады. Осы айдың соңын ала, біз мына үшінші аспапты осы лабораторияда жасайтын боламыз.

Байқасаңыз, жаңашылдықтың көбі АҚШ-та. Ғылыми жаңалықты іздеп жүріп, патент беруде алдыңғы қатарда жүрген де осы ел болып шықты. Үздіктер қатарына Қытай мен Оңтүстік Корея да қосылған. Алмас Шарман, Клиникалар желісінің құрылтайшысы

-АҚШ, Европада, Азия мемлекеттерінде мысалы, Қытайда технология ғылыми жағынан көп қаражат бөліп, көп, жаңа патенттер шығарып жатыр. Сондықтан интеграция медицинаға пайдалы болады деп санаймын. 

Оңтүстік Корея медицинада көш ілгері кетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен обыр ауруына шалдыққандар осы елге ағылады. Себебі ғалымдар айықпас дерттің дауасы тапқан. Мұндағы бір ғана клиниканың өзіне күніне 8 мың адам қаралады.

Ал Қытай дәрігерлері биыл әлемдік тәжірибеде жанары сөнгендердің үмітін жандырған жаңалық ашты. Алғаш рет адамға доңыз көзінің ақ қабықшасын салды.

Шао Чжэнкан, Халықаралық көзді қалпына келтіру орталығының бас директоры

-Соңғы 10 жылда біздің компания осы саланы зерттеу мен жаңалық ашуға 1 млрд юань жұмсады. Осы уақыт аралығында біз түрлі жануарларға зерттеу жүргіздік. Сиыр, қой, итке қарағанда доңыздың ақ қабықшасы құрамы жағынан адамдікіне өте жақын болып шықты.

21 ғасыр – Азия ғасыры. Елбасы БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясында Азия мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту қажеттігін айтқан. Бұл ретте Парламенттерге жүктеліп отырған жауапкершілік өте жоғары деп атап өтті Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Сарапшылардың пайымдауынша, Ислам елдерінің білім мен инновацияны дамытуда әлеуеті зор. Тек ғылымды жетілдірумен қатар, сауықтыру да керек.   

Сәуле Тілеулесова, Еуразиялық патенттеу мекемесінің президенті 

-Патенттеудің аймақтық бағдарламасында 1 млн патенттелген ғылыми жаңалық бар. Біз бұл жетістіктермен бөлісуге дайынбыз. Қазақстан біздің ұйымда өтінімдерді беру бойынша 2-ші орында. 8 мың өнертапқыштық идея халықаралық деңгейде мойындалған. Оның барлығы мемлекеттік қорғауға алынған.

Бізде «ақылдылар» көп дейді сарапшылар. Ілім-ғылымның негізін салған Әл-Фараби, Ибн Сина, Әл-Хорезми сынды ұлы ғалымдардың Ислам елдерінен шыққанын да еске салды. 

Шаукат Хамид Хан, ИЫҰ Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің бас үйлестірушісі

-Әл-Фараби сынды атақты ғалымдар шыққан елде ғылымның өркендемеуі мүмкін емес. Олардың ізбасарлары ілім-білімді дамытуға ғана емес, жетекші басқарушылық салаларға да үлес қосуы керек.

Азия Парламентаралық форумына жиылғандар мұсылман елдеріндегі ілімнің ілгері баспауына себепші бірнеше факторды атады. Ислам әлемі жаҺандық сын-қатерлердің ошағына айналды. Бұл бір. Екіншіден, қаржылай дағдарыс қыспаққа алды. Үшіншіден, интеграциялық байланыс азайды. 

Бахтияр Әлиев, Әзербайжан Республикасы Парламентінің депутаты 

-Әлемде болып жатқан оқиғалар, әсіресе ИСЕСКО ұйымына мүше елдер аумағындағы шиеленістер, миллиондаған босқын, терроризм мәселесі. Бүгінгі форум осы жаһандық сын-қатерге лайықты жауап деп айтар едім. Ғылымды қауіп тудыр үшін емес, адамзаттың игілігі үшін дамытуымыз керек. Инновациялық қызметтің бірыңғай кеңістігін құру қажет.

Шаукат Хамид Хан, ИЫҰ Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің бас үйлестірушісі

-Ғылым, технология саласында ынтымақтастық жоқ. Қазіргі міндет – сол олқылықтың орнын толтыру.  Менің өзім математика бойынша жоғарғы халықаралық мектептермен байланыстамын. Құрамына 60-тан астам мемлекет кіретін Ислам әлемінде Қазақстан көш басында. Математикада әлеуеті зор. Мықты база қалыптасқан. Қазір экономиканы осыған қарай бұру керек.

Экономиканы жаңартып, баламалы қуат көздерін игеруде Қазақстан көп істі қолға алды. Индустрияландыру картасы, жасыл энергетиканы дамытудағы игі бастамалар соның дәлелі. Форум нәтижесінде Астана декларациясы қабылданды. Депутаттар ілім-ғылымды дамытуда ортақ кеңістік құрып, көп мәселені бірлесе шешу жолдарын қарастыруға уағдаласты. Қазақстан келер жылы Ислам ынтымақтастық ұйымы ғылым және технология саммитіне төрағалық етеді. Елордада өтетін тағы бір айтулы шара интеграциялық байланысты арттыруға зор серпін бермек. Экспо-2017 көрмесінде баламалы қуат көздерін игерудегі жаңашылдықтардың тұсауы кесілмек. Әлемнің 100-ден астам мемлекеті ғылыми техникалық, инновациялық жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік алады.

Авторлары: Бағдат Бектұрғанқызы, Ерсін Мұханбеталин, Санжар Жартиев 

6 Бюджет үнемді болмақ

Мәжілісмендер бұл жолы үш жылға есептелген бюджетті бірауыздан мақұлдады. Әдетте сан рет өзгертіп, сан рет толықтырып жататын. Сонымен 2016-2018 жылға жоспарланған қазынаға қосымша 380 млрд теңге қосылады.  Жыл басынан бері кіріс көлемі 4 трлн 200 млрд теңгені құраған. Ал бұл сомма Ұлттық қордан алынатын қаржыны үнемдеуге сеп болған. Енді осы қаражат қайда жұмсалады дейсіз ғой? 

Қаржыға жауаптылар 283 млрд теңгені агроөнеркәсіп кешеніне, индустриалды-инновациялық бағдарламаларға, 74,2 млрд теңгені көлік инфрақұрылымын дамытуға, 70 млрд теңгені қауіпсіздікті қамтасыз етуге, 33,5 млрд теңгені ЭКСПО көрмесін ұйымдастыруға есептеп, бөліпті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы

-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев екінші сессияның ашылуында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында республикалық бюджет мәселесіне ерекше назар аударған болатын. Осыған байланысты біз бюджетке қосымша түскен қаржыларды Президентіміз айтқан дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру үшін тиімді пайдалануымыз керек.

Депутаттар бөлінген миллиардтарды шашпай-төкпей жұмсауды талап етті. Әр тиынды қатаң қадағалайтындарын да ескертті. 

7 Дүбірлі додаға дайындық

Үш жылдық бюджетті нақтылағанда, қаражат мейлінше үнемделді. Мәселен, Мемлекеттік сатып алуға кететін шығынның 58 млрды, Универсиаданы өткізуге бөлінген теңгенің 7 млрд-ы қысқартылды. Бүкіләлемдік ақ Универсиаданы өткізуді 10 жыл бұрын жоспарладық. 2011 жылы рұқсат алдық. Енді басталуына санаулы-ақ күндер қалды. Әлем студенттерінің бәйгесіне дайындық қалай? Қысқарған қаржы жете ме? Ақ ойын өтетін Алматыдан Гауһар Омарбектің арнайы репортажы.

Елімізде Бүкіләлемдік Ақ Универсиаданы өткізу туралы идея 10 жыл бұрын пайда болды. Жастарды спортқа баулып, тиісті инфрақұрылымды дамытудың ең тиімді жолы осы еді. Әрі мұндай қадамның мемлекетіміздің имиджіне оң әсер ететіні түсінікті. Дегенмен, күмәнмен қарап, жұрт көңіліне күдік күшейткендер де аз болмады. 2011 жылы Қазақстан студенттер арасындағы әлемдік доданы өткізу құқығын иеленді. Алдымен қағазға түсіріліп, кейін макеттері пайда болған қажетті нысандардың құрылысы соңғы 2 жыл бойы қарқынын бәсеңдетпеді.

Гауһар Омарбек, тілші

-Бұл – жалпы аумағы 24 гектардан асатын Атлетикалық қалашықтың көрінісі. Мұнда Универсиада кезінде 5 мың спортшы және ресми делегация жайғасатын болады. Қазір нысандағы құрылыс жұмыстары тәмамдалған. Жайлы етіп қамдалған қалашықтағы пәтерлер 3 жұлдызды қонақ үйдегі талаптарға сай. Яғни ішінде ең қажетті тұрмыстық техникалар бар. 

Жаңа ғимарат төңірегінде асхана, бассейн, медициналық орталық, мұражай, кинотеатр, діни парыздарды өтеуге ыңғайлы орындар, банк және пошта бөлімшелері жұмыс істемек. Универсиада ойындары өткеннен кейін 1700 отбасы осында қоныс тойын тойлайды.

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі

-Универсиада ойындары аяқталған соң, Атлетикалық қалашықтағы пәтерлерді әлеуметтік аз қамтылған топтағы азаматтарға, көпбалалы отбысыларға, жалғызбасты аналарға тапсырамыз. Яғни жаңадан салынған  нысандардың барлығы халыққа қолжетімді болуы шарт.

Алатау ауданында салынған тағы бір жаңа нысан «Алматы Арена» деп аталады. 12 мың көрермен сыятын сарайда Универсиада ойындарының салтанатты ашылуы рәсімі өтеді. Дәл осы ғимаратта спортшылар мәнерлеп сырғанау мен керлингтен бақ сынасады. Тағы бір жаңа мұз айдыны Медеу ауданында бой көтерді. 3 мың адамға арналған бұл ғимарат ерлер арасындағы шайбалы хоккейден жарыстарды қабылдайды. 

Бүкіләлемдік додаға спортшыларымыз да қызу дайындалып жатыр. Жұмыс қауырт. Қазақстан құрамасы қатарында ел намысын қорғауға әрбір жігерлі жас үмітті. Солардың бірі – Туризм және спорт академиясының студенті Ануар Құлышбеков. 10 жылдан бері хоккеймен айналысатын спортшы түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинаған. 

Ануар Құлышбеков, спортшы

-47 жылдың басында бізде Универсиада болды, осы Қазақстанның ішіндегі Универсиада. Онда Алматының командасы атынан қатыстым. Ол жақта бірінші орын алдық. Келе жатқан бүкіләлемдік универсиадада Қазақстан құрамасы атынан қатысуға үміттіміз. Оған дайындық қызу жүріп жатыр. Ол жақта Қазақстанның намысын бермеуге тырысамыз.

Универсиада кезінде 2 мыңнан астам студент арасында 86 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Дүбірлі додада спорттың 12 түрі бекітілген. Қазіргі уақытта 58 мемлекет жарысқа қатысуға өтінім білдірді. 

Наиль Нуров, ХХVIII Бүкіләлемдік қысқы универсиада дирекциясының жетекшісі

-Халықаралық студенттер спорты федерациясының президенті Олег Матыцин бастаған делегация, сондай-ақ, ұлттық студенттер спорты федерацияларының басшылары Алматыға келіп, Универсиада нысандарын аралап қайтты. Қазақстанның дайындық деңгейіне байланысты ФИСУ-дың толық баяндамасын күтіп отырмыз. Алғашқы сыни пікірлерді де естідік. Өз тарапымыздан шетелдік делегацияға барынша қатал болуларын өтіндік. Айта кетерлігі, көпшілік Алматыдағы Атлетикалық қалашық Рио Олимпиадасындағы дәл осындай нысаннан жақсы салынған деп жатты.

Универсиада Алматыдағы 8 нысанда өткізіледі. Жаңа екі ғимараттан өзге, Медеу мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, «Сұңқар» халықаралық трамплиндер, «Алатау» шаңғы және биатлон, «Табаған» ойын-сауық кешендері де спортшыларды қабылдауға дайын. Бұл нысандарда тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, Бүкіләлемдік шараға дайындық барысында 60 мың азамат жұмыспен қамтылған.

Алшойраз Бабаев, Қырғызстан Республикасындағы Студенттер одағының бас хатшысы

-Шетелден келгендер де, мен өзім де осыншама сұқтанып, жақсы әсерде болып отырмыз. Дайындықтарын көріп, Қазақстанның осыншалық үлкен додалы жарысты қабыл алғанына біз де қуаныштымыз.

Крэйг Джонс, АҚШ делегациясының өкілі

-Көңілім толды. Нысандар көз тартарлықтай. Біз ойындарды асыға күтудеміз. Маған Қазақстан өте қатты ұнады. Табиғаттарыңыз тамаша. Шымбұлақтың әсемдігін  Колорадо қаласындағы табиғатқа ұқсатып отырмын.

Студенттер аламанын өткізуге ел қазынасынан 32 миллиард теңге қажет етілді. Бірақ мамандар сапаға сын түсірмей, 17 миллиард теңгені игеруге міндеттелді. Екі есе қысқартылып, бюджеттен бөлінген қаржының 10 миллиарды негізінен құрылыс жұмыстарына жұмсалды. Енді қалған қаржы келесі жылы пайдаланылмақ. Ұйымдастырушылар тарапы: «Шығынды барынша үнемдеп, артылғанын мемлекет қазынасына қайтаруға мүдделіміз», – деп отыр.

Наиль Нуров, ХХVIII Бүкіләлемдік қысқы универсиада дирекциясының жетекшісі

-Бүкіләлемдік туристік ұйымның мәліметінше, шетелге барған турист бір күнде кем дегенде 100 АҚШ долларын жұмсайды. Ал Қазақстанға кем дегенде 5 мың шетел азаматы келеді. Есептеп көрсек, жақсы пайда түседі. Мұны жылдам табыс деп айтады. Бастысы, еліміздің абыройын көтеретін бүкіләлемдік іс шара кезінде біз айтарлықтай жетістікке жетеміз.

28-ші Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада ойындарын әлемнің 1 миллиард халқы тамашалайды деген жоспар бар. Халықаралық телеарналармен тиісті келісімшарт бекітілген. 11 күнге созылатын спорттық шараға 3 мың ерікті жұмылдырылады. Дүбірлі додада кезінде Алматы 30 мыңнан астам отандық және шетелдік туристі қабылдайды. Сондықтан, қазір қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Универсиада нысандарын жеті мыңға жуық тәртіп сақшысы қатаң бақылауға алады.

Авторлары: Гауһар Омарбек, Ерлан Абжанов, Айдар Әбдешов

8 Астанада автокөліктер саны артты

Алматыдан Елорадаға оралсақ... Астана астана болғалы, халық саны 3 есеге артқан. Сәйкесінше, автомобильдер де көбейген. Ресми тіркелгені 350 мың, күнделікті кіріп-шығатындарын қоссақ, миллионнан асады...

Мұны ескерген жергілікті билік қалада жүріп-тұруды ыңғайлы әрі қауіпсіз етудің қамына кірісті. Осы аптада тиісті бағдарламаның жай-жапсары талқыланды.

Ірі жобаның бірі – ендігі жылы іске қосылатын жеңіл рельсті трамвай. Халықаралық әуежайдан шыққан көлік Қабанбай, Сығанақ, Шәмші Қалдаяқов, А-82 көшелерін көктей өтіп жаңа темір жол вокзалына жеткізеді. Желінің бойында жазда қоңырсалқын, қыста жылы 18 станса болады.

Алан Флауш, Халықаралық қоғамдық көлік одағының бас хатшысы

-Қазіргі таңда заманауи технологиялармен қатар жобалауды қолданудың маңызы зор. Астана жылдам дамып келеді. Келесі жылы жеңіл рельсті трамвай жобасы жүзеге асқалы отыр, осындай басқару жүйесін бір ізге түсірген соң, қала автомобильдерге мүлде тәуелді болмайды.

Ендеше, автомобильсіз Астананы елестете беріңіз. Көшесі ашық, ауасы таза. Сәйкесінше, жаяу жүргінші мен велосипедшілерге жағдай жасалады. Ал нақты жоспарды айтсақ, алдағы уақытта 25 көше, 6 көпір, 9 жолайырық салынады, жөнделеді.

9 Интернет-аддикция дегеніміз не?

Интернет-аддикция. Яғни ғаламторға тәуелділік. Жаңа ғасырдың – жаңа дерті. Бұл терминің авторы – Питтсбург университетінің профессоры, психолог Кимберли Янг. Ғаламтор торына бүгінде жас та, жасамыс та шырмалған. Үлкенді қойшы, жасөспірімдердің интернетке байланғандығы алаңдатады қоғамды. Өзекті әрі күрделі тақырыпты шолушымыз Жансая Қожахметова зерттеген-ді.

-Жансая, шыныңды айтшы, өзің 24 сағаттың қаншасын интернетке сарп етіп жүрсің? Қай желілерде белсендісің?

-Өтірік айтпайын, Ринат! Мен де біраз уақытымды әлеуметтік желіде өткіземін. Өз өзіммен күрес қазір. Ал әлеуметтік желіге телмірген тентектерімен күрес жүргізіп жүрген ата-анаға жағымды жаңалық бар. Елімізде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге кіруге шектеу қоятын заң әзірленіп жатыр. Күні кеше Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мұрындық болып, осы тақырып аясында жиын өткізді. Ой салатын кездесуден кейін ата-аналар пікірін білмекке, сауалнама жүргіздім.

-Нәтижесі қалай?

-Бірге көрейік.... 

Расымен де, ВКонтакте, Instagram, Twitter, Facebook… тізбектей берсең, «таң атып, күн батады». «Касперский зертханасының» сараптамасына сәйкес қазақстандық балалар Интернеттегі белсенділігі жағынан Латын Америкасына ғана жол береді екен. Осылайша Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі жасөспірімдердің шамамен 43 пайызы интернет-коммуникация құралдарын қолданады, ал  біздің елімізде бұл көрсеткіш бір жарым есе жоғары – 74,4 пайыз! Бұл турасында Психолог Әлия Мамбеталинаның пікірін қандай екен?

Әлия Мамбеталина, психология ғылымдарының кандидаты

-Әлеуметтік желі көптеген қауіп-қатер төндіреді. Негізгілерінің бірі – киберқорқыту. Бұл жacөcпiрiмдeрдiң пcихoлoгияcын бұзу үшiн әдeйi ұйымдacтырылғaн жeлiдeгi тeрic әрeкeттeр.

Жасөспірімдер мен әлеуметтік желілер арасындағы байланысты анықтайтын зерттеулер нәтижесі белгілі. Сандармен сөйлесік. Әлеуметтік желілерді күнделікті қолданатын жасөспірімдердің 70 пайызы темекіні 5 есе жиі, алкогольді  3 есе, марихуананы 2 есе жиі тартады екен. Теріс әрекет демекші. Жасөспірімдер арасында «суицид» саны бойынша Қазақстан соңғы 10 жыл бойы алғашқы үштікте. Өкінішті. Былтыр елімізде 200-ден астам жеткіншек өз өмірін қиған. «Балалардың мұндай әрекетке баруына дәл осындай арам пиғылды сайттардың әсері зор», – деп отыр Парламент Мәжілісінің депутаты, балалар құқықтары жөніндегі омбудсмен Зағипа Балиева.

Зағипа Балиева,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Балаларымызға зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен зұлымдықты үйрететін сайттарды түбегейлі жауып тастау қаншалықты қымбат болса да, біз мұны тоқтатуымыз қажет.

Тоқтатпасақ болмайды. 2015 жылдың соңында, әлеуметтік желілердің өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттайтын беттеріне кәмелетке толмаған 1 863 қазақстандық тіркелген. Осы тұста Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма басшысының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев айтқан деректерді тыңдайық. 

Нұрболат Дүйсенбаев,Қызылорда облыстық  прокуратурасының басқарма басшысының орынбасары

-«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде суицидті насихаттайтын топ анықталды. «Мені 4:20-да оят» қауымдастығы балаларды өз-өздеріне қол жұмсауға үгіттеп, амал-тәсілдерін ұсынған. Қызылорда облысы бойынша 106 жасөспірім бұл топ құрамында болған.

Ұлттық сананың өзегіне түскен қарақұрт ғаламторды «ауыздықтау» сіз бен біздің еншімізде. Себебі еліміздің «Балалардың құқығы туралы» Заңында  мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы әлеуметтік, ақпараттық, үгіт, насихаттың кері әсерінен қорғауы тиіс» делінген. Осы тұста кей облыстар көш бастап тұр.

Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы заңы

36-бап. Баланы әлеуметтiк ортаның терiс ықпалынан қорғау

Мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы оның денсаулығына, имандылық жағынан және рухани дамуына зиян келтiретiн әлеуметтiк ортаның, ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндеттi.

Нұрболат Дүйсенбаев, Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма басшысының орынбасары

-Республика бойынша тек Қызылорда облысында алғаш рет барлық 299 мектептің жарғысына өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес оқу мекемелерінің аумағында интернетке кіру мүмкіндігіне ие смартфондарды пайдалануға тыйым салынды.

Тыйым салуға негіз бар. Балалардың желідегі әрекетін бақылау бойынша жаһандық зерттеуге сәйкес, елімізде жасөспірімдердің 66 пайызы бір рет болсын порносайттарға кіргісі келген, 51 пайызы осындай чаттарда отырады және тағы 30 пайызы онлайн түрде құмар ойындар ойнаған. 

Әлеуметтік желінің әуресі осымен тоқтар ма екен? Жаппай әлемді жалмаған осы бір тордың құрсауында балаларымыз қалмауы үшін не істеуіміз керек? 

Байланыс операторлары «балалар интернеті» деп аталатын қызметті іске қосуы тиіс. Мен емес, бұл алгоритмді Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Қожахметов ұсынды. 

Жанат Қожахметов, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы

-Бүгінде қызметтің бұл түрі кейбір мемлекеттерде бар. Телефонды сатып алғаннан кейін оған «балалар интернеті» қосылады. Соның арқасында заңсыз сайттар ашылмайды.

Дөңгелек үстелге қатысқан Зағипа Балиева министрлік әзірлеп жатқан заң жобасын тездетіп Парламенттің қарауына енгізуді сұрады. Оның сөзіне қарағанда, бұған дейін де осындай заңнама қабылданған еді. Алайда оның нормалары іс жүзінде қолға алынбады.

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

-Біздің шақырылым депутаттары бұл мәселені барынша назарда ұстайды. Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті тұлға ретінде бұл тақырыпты үнемі көтеріп отыратын болам.

Заң жақын арада қабылданып, құқыққа қайшы келетін контенттер бұғатталатынына сенейік!

10 Тәуелсіздік табыстары

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Сіздерді әр аймақтың ширек ғасырда жеткен жетістігімен таныстыруды бастаймыз! Бұл жолы Қостанай өңірінің жақсылығын айтамыз. Қостанайдың жер аумағы – 196 мың шаршы метр. 2015 жылғы санаққа сенсек, халық саны – 881 мың 456. Облыс құрамында 5 қала, 13 кент, 16 аудан, 800-дей ауыл бар. Қалған мәліметті Қостанай облысының тұрғыны, «Хабар» арнасының тілшісі Мағауия Қалиев біледі.

Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер. 

-Айым, сен тақпағыңды ұмытқан жоқсың ба, 

-Жоқ, ұмытқан жоқпын. 

-Тағы бір қайталап жіберейікші.

-Жарайды. 

Отан менің ата-анам

Отан досым, бауырым.

Отан  өлкем Астанам

Отан туған ауылым.

Бақыт елі бұл Отан

Бәріне мен иемін

Біздің Отан ұлы Отан

Ұлы Отанды сүйемін.   

Иә, бүгінгі ұрпақ – тәуелсіз елдің бақытты ұрпағы. Азаппен келген азаттықтың баянды болуы жас буынның білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Осы себепті Қазақстан егемендігін алысымен бірінші кезекте ел тірегі болатын саналы ұрпақ тәрбиелеу ісіне аса маңыз берді. Кеңес дәуірінде Қостанайда қазақ тілінде оқытатын бір ғана Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп интернат болатын. Ал қазір облыс орталығының өзінде араластарды айтпағанда, алты таза қазақ мектебі бар. Тәуелсіздік жылдары алғаш ашылған білім ордаларының бірі – «24А» бастауыш мектебі. Қысқа жіп күрмеуге келтірмей жатқан қысылтаяң тұста ондай іске барудың өзі ерлікке пара-пар еді.  

Сәуле  Каримова, «24а» Бастауыш мектебінің директоры

-Біледі ата-аналар ол кезде балалар мектебіміз қандай болғаны. Тіпті тар болды, өзі ескі. Кітаптар жетіспейді. Әлгі кәдімгідей, пакетпен, сөмкемен бір-бірімізге таситын кез болды. Енді қазір қаншама қазақ мектебі ашылды. Барлығыда сақадай-сай. Бастауыш шағын мектеп болсақ, бізде 65 компьютер бар. 8 интерактивті тақтамыз бар.

Сандарды сөйлетсек, 25 жылда облыста 16 жалпы білім беру мектептері салынған. Жаңадан бой көтерген медициналық мекемелердің саны одан да көп. Жиыма екі. Соның бірі – облыстық аурухана. Қазір мұнда күрделі операциялар жасалады. Жүрек, қан тамырлары ауруларын емдеудің озық тәсілдері игерілген. Алғашқылардың қатарында адам ағзасына трансплантация жасағанда осы Қостанай облыстық ауруханасы. Қазір мұнда медицина қызметкерлерінің қатары мемлекет қолдауымен шетелдерде білімін жетілдіріп келген мамандармен толығуда. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Израилде біліктілігін арттырып қайтқан дәрігер Темірхан Бегісбаев қауіпті инсульт дертін алдын-алудың  тың тәсілін енгізді. Анығын айтсақ, қан тамырына арнайы сұйықтық жіберу арқылы анықтау. «Оған бізде технологиялық толық мүмкіндік бар», – дейді жас маман.

Темірхан Бегісбаев, Рентген-хирург дәрігері

-Менің бір үйренгім келетін нәрсе  инсульт алған науқастарға көмек көрсетудің жолдары. Соның бірін біздің ангиографиялық лабороторияда инсульт алған науқастарға ангиография әдісін қолданып, ақау болған тамырды тауып, сол ақау болған тамырды емдеу жолын қалай шешуге болатынын  қарастырдым. 

Темірхан сияқты талапты жастарды әлеуметтік жағынан қолдау мәселесі тәуелсіз елдің күн тәртібінен ешқашан түскен емес. «Қол жетімді тұрғын үй», «Дипломмен ауылға» деген бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың арқасында қаншама жас баспаналы болды. Сондай қуанышты сәттерге куә болған кездеріміз аз емес.

Гүлжауһар Нағашыбайқызы, Қоныстаушы

-2004 жылы осы қалаға көшіп келіп едім. Содан бері мен пәтерлерді жалдап тұрып жатырмын. Бала-шағалы болдым. Біз сияқты мұғалім адамдардың жалақысына квартираны бірден алу қиын ғой. Осы программа шыққанына шексіз рахметімді айтамын. Себебі біздің қолымыз пәтерге жетіп отыр.

Мағауия Қалиев, Тілші

-Мына бір жер бес-алты жыл  бұрын жолдың оң жақта бетіндегі анау алаңқай сияқты бос жатқан қу дала болатын. Қысқа уақыттың ішінде өздеріңіз көріп отырғандай әсем қалашық пайда болды. Бұл соңғы жеті жылда облыс орталығында барлық инфрақұрылымымен салынған төртінші шағын аудан. Осыдан-ақ Қостанайда құрылыстың қаншалықты қарқын алғандығын байқауға болады.

Тобыл өңірінде ауылшараушылығымен қатар өнеркәсіпте өркендеп келеді.  Деректер келтіре кетейін. Жиырма бес жылда  өнеркәсіп саласының өнімділігі 400 есеге өскен. Ақшаға шаққанда ол 1991 жылы небары 10 миллион тенгені құраса, 2015 жылы 443 миллярд тенгеден асып түсті. Жаңа өндіріс орындары ашылып, тың жобалар жүзеге асты.

Мағауия Қалиев, Тілші

-Бұрын дизель зауыты болған бұл кәсіпорын кеңес дәуірінен қалған мұра. Аумағы ат шаптырымдай бірнеше цехтан тұратын бұл өндіріс орынының сол кезде өндіріп жұмыс істегені шамалы. Ақыры тұралап, тоқтап тынды. Зәулім зауыт он шақты жыл бойы қаңырап бос тұрғандығын көз көрді. Алғаш еңбек жолымды өзімде осы кәсіпорында бастағанмын. Үшінші разрядты слесарь деген дәрежем де болды. Бірақ көбіміз кілт ұстап, болт бұраған емеспіз, қолымыздан мынандай күрекпен сыпыртқы түспейтін.

Ал қазір күрделі технологиялы автокөлік өндірісін игеріп әкеткен өрімдей қыз-жігіттерді көргенде қызыға қарайсың. Осыдан он шақты жыл бұрын біреу Қостанайда әлемге әйгілі брендтер «Сан-ионг», «Пежо», «Ивеко», «Тойота» көліктері құрастырылады десе, сене қоюы қиын еді. Бүгінде ол шындыққа айналып отыр. Ұсақ бөлшектерден дайын көлік болып шыққанша ол бес технологиялық желіден өтеді. Алғашқысында моторы, шасси бөліктері жиналады. Одан кейін дәнекерлеу, бояу жұмыстары жалғасады. Соңынан жан-жағынан жарық шамдар жарқыраған техникалық бақылау бөлімінде темір тұлпар тыңғылықты тексеріледі.

Бақыткүл Әлмағамбетова, Техникалық бақылау бөлімінің маманы 

-Бұл жерде машинаның сыртқы қалпы, ішкі жабдықтары, электр құралдары, мотор бекіткіштері, бәрі мұқият тексеріледі. Сәл кінарат табылса, бақылау картасына жазылып, ақауды жою желісіне жіберіледі. 

Қалай десек те, Қостанай алдымен алтын астығымен танымал. Қазақстан бойынша жиналатын бидайдың үштен бірі Тобыл өңіріне тиесілі. Ұн экспортынан Қостанайға ешкім тең келмейді. Бірақ біле-білген адамға мұндай жетістіктерге жетудің жолы оңайға соққан жоқ. 

Мағауия Қалиев, Тілші

-Жиырма жылдан астам тілшілік қызметімде Тобыл өңірінің түкпір-түкпірінде болып, облысты оңды-солды шарладым десем артық айтқандық емес. Көптеген құбылыс, өзгерістердің куәсі болдым. Мысалы тоқсаныншы жылдары шет-шегіне көз жетпейтін мына алқап арамшөп басқан, өңдеусіз игерусіз жатқан жер болатын. Экономикалық байланыстар үзіліп, шаруашылықтар қожыраған тұста мұндай қараусыз қалған жерлер аз емес еді. 1999 жылы Қостанай облысының 2 жарым миллион гектарға ғана дәнді дақылдар себуге қауқары жетті. Бұл қазіргі көлемнен екі есе кем. 

Бұл – 1993 жылы түсірілген бейнекадрлар. Сол бір күрделі кезеңнің қиындықтарын басынан өткергендер жақсы біледі.

Алмабек Нұғманов, Ауыл шаруашылығы ҒЗИ Директоры міндетін атқарушы

-90-шы жылдары басында қиындық жағдайлар көп болды. Техника жетіспейді. Біздің солтүстік қазақстанда ол мысалы 300 гектардай, 400 гектардай 4-5 комбайн ол бір жеті істейтін, он күн істейтін, қазір осы уақытта жаңа комбайндар 2-3 күнде осы алқапты жинайды.

Бұрын күнара бұзылып, белшеден бейнет кешіп жүрген   механизаторлардың қазір жұмысы жайлы және өнімді. 

Байбол Ибраев, Механизатор

-11 метр ғой жаткісі. Бұл – ғажап енді. Көресіз ғой, жүргенде де захваты керемет. Шамалы ауа-райына қарамайды. Компьютерленген бәрі, жерге тимейді.

Биыл Қостанайлық диқандар 5 жарым-6 миллион тоннаға дейін рекордты астық жинайды деп жоспарланып отыр. Тізе берсек, 25 жылда жеткен мұндай табыстарымыз жетерлік. Бір білетініміз барлық осы бағындырған белестер, алдағы асулар тек Тәуелсіздіктен бастау алады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг, Ермек Мұхамедияров

11 Пай-пай, 25!

Егемендіктің 25 жылдық мерейтойына «Хабар» арнасының да тартуы бар. Еліміздің ширек ғасырда жүріп өткен жолын «Пай-пай, 25» жобасына сыйдырдық. Бағдарламада ішкі-сыртқы саясаттағы, экономика, мәдениет, спорт, өнердегі жетістіктер талданады, талқыланады.

Сол сәттің басы-қасында болған кәугерлер, қоғамның салмақты тұлғалары жып-жылы естеліктер айтады. Әр жексенбінің кешінде, қызықтан құр қалмаңыз, ағайын! Сондай-ақ хәкім Абайдың ғақлияларымен түйінделетін мазмұны терең, тәлім-тағлымы мол «Ақылдың кілті. Өмірдастаны» тарихи телеэпопеясын жіберіп алмаңыз! 20 бөлімнен тұратын өмірдастанның бұл екінші маусымы. Дүйсенбі-жұма күндері 19.40 –та төріңізде «Хабар» қосулы болсын!

Тағы бір ақпар, «Жеті күннен» соң арнаны ауыстырмай, «ҚазМұнайГаз интернешнл. Сәттілік тарихы» арнайы жобасын көріңіз! Құрдымға кеткен румын компаниясын құтқарған қазақстандық менеджменттен хабардар боласыз!