Бір сәт

Бильярдтан «Khabar Cup-2018» турнирі: фоторепортаж

«Хабар» Агенттігі ұйымдастырған бильярдтан республикалық дәстүрлі ІV «Khabar Cup-2018» турнирі тартысты өтті. Өзара кәсіби тұрғыда ғана емес, достық байланысты да дамытуды мақсат еткен бұл сайыс ақпарат саласының өмірден өткен қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Таяқ-тас турниріне 30-ға жуық қалам ұстаған қауым мен ақын-жазушылар қатысты. Шаршы тақтада шар қуғандар арасында Намазалы Омаш, ақын Несіпбек Айтұлы секілді танымал ақсақалдар бар. Сонымен қатар Қайнар Олжай, Әлімжан Сабыржанұлы, Арман Сқабылұлы, Зейін Әліпбек, Амангелді Сейітхан сияқты есімі елге таныс аға журналистер де бәсеке көркін қыздырды.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, 8 сағатқа созылған додада 1-орынды «Хабар» Агенттігінің еңбек сіңірген қызметкері, телевизия ардагері Әлімжан Сабыржанұлы олжалады. Ал 2-орынды «Хабар» арнасы бағдарламалар өндірісі бөлімінің редакторы, ақын Көпжасар Алдаберген еншіледі. 3-орын белгілі публицист, «Хабар» Агенттігінің ардагері Арман Сқабылұлына бұйырды.

Жүлделі орын мен арнайы алғысқа ие болған ойыншыларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Назарларыңызға турнирден фоторепортаж ұсынамыз!