ТОП бейне

Көненің көзі саналатын мұраның қадірін қаншалықты бағалап жүрміз?

археология археология

Орхон-Енисей жазбалары, балбал тастар, көне ескерткіштер мен Алтын адам. Қилы кезеңдерді бастан кешкен қазақ даласында тарихи-мәдени ескерткіштер жетерлік. Күні бүгінге дейін қазба жұмыстарын жүргізіп, ғалымдар түрлі жаңалықтар ашуда. Ал осы қолда бар байлықтың қадірін қаншалықты бағалап жүрміз? Көненің көзі саналатын мұра тиісті заңмен қорғалған ба?

Қазір Қазақстанда 25 мың тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның 11 мыңы жергілікті жерлерде болса, 244-і республикалық, 10-ы халықаралық маңызға ие. Бұл – тек есепке алынған ресми статистика. Тарихқа толы қазақ жерінде күні бүгінге дейін көне мәдени нысандар жер-жерден әлі де көптеп табылуда.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында да осы мәселеге үлкен назар аударылған. ҚР Президенті: «Қолда барды ұрпақ үшін сақтап қалып, зерттелмеген тың дүниелерден ашылулар жасау керек», – деді. Осыдан кейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тиісті заңның жобасын әзірлей бастады. Себебі қазір дәл осы саланы бейберекетсіздік жайлаған.

Өздерін «археолог» санайтын кейбіреулер еш ойланбастан тарихи орындарды «көртышқанша қазып», қажет деп тапқанын кәдесіне жаратуда. Ашығын айтқанда, қалтасын қампайтып отыр. Ал қазылған нысан ашық-шашық күйде қалып, тіпті мүлде жойылып кеткен жағдайлар да бар.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Біздің бірегей ескерткіштеріміз немесе әлі зерттелмеген нысандар көбінесе «қара археологтар» тарапынан іздестіру мен қазба жұмыстарына ұшырап жатқаны құпия емес. Олардан кейін ескерткіштер ашық күйде қалып немесе толықтай жойылады.

Министрдің бұлай деуі бекер емес. Қазір тау-таспен, сай-саланы айтпағанда, кәдімгі адамдар тұрып жатқан үйлердің астынан да тарихи нысандар шығып жатыр. Мәселен, жамбылдық Айдарбек Сейдалиевтің ауласынан бүтіндей бір қалашық табылған.

Айдарбек Сейдалиев, Жуалы ауданының тұрғыны:

- Былтыр көктем кезінде шөп сақтайтын бастырманың бұрышы ойылып қалды. Бір метрден аса. Ауданнан келіп көріп, сосын облыстан шақырып, барлығы суретке түсіріп, сол жерді зерттеді. Былтыр жаз кезінде археологтар қаза бастады. Айша бибінің кірпіштері сияқты кірпіштер, құбырлар, ыдыстың сынықтары, құбырлары, тағы да басқа көп нәрсе тапты.

Әу баста жергілікті биліктің рұқсатымен келген археологтар уәдені үйіп-төгіп, табылған қазынаның түгін қалдырмай тиеп әкеткен. Әкім де «барлығын заңдастырамыз» деп сендіріпті. Енді арада біраз уақыт өтсе де, не әкім, не археологтар төбе көрсетпей жүр. Ал сараптамаға жолданған қазба жәдігерлерінің қайда екені белгісіз.

Айдарбек Сейдалиев, Жуалы ауданының тұрғыны:

- Онда ешқандай шаруашылық жүргізіп жатқаным жоқ. Бос тұр. Кім біледі, ертең бастырма құлап қалса, сонымен өзіміз қарауылдап отырмыз. Аудан әкіміне айтып едім. Кейін заңдастырамыз, қаржы бөлінуі керек. Содан кейін хабарласқан жоқпын. Ол кісі де үндеген жоқ. Сол бойы тұр.

«Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенше, мәдени мұрамыздың мемлекет меншігінде қалғаны дұрыс», – дейді мәжілісмендер. Депутат Анар Жайылғанованың айтуынша, бұл нысандарды заңды түрде қайтарып алып, меншік иелеріне өтемақы берілетін заң жобасы келер жылы қабылдануы тиіс.

Анар Жайылғанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Егер де тұрғын үй жайы немесе жер телімі тарихи мұраға жататындай нысан болса, ол кісіден алынбайды. Неге? Өйткені ол адам оны жақсы күтіп, тіпті иегердің адамдарды кіргізіп, пайда табуына да болады. Егер ол тарихи мұраны дұрыс сақтамаса, оның жойылып кету қаупі төнген жағдайда, жергілікті органдар сол адамдармен сөйлесіп, өтемақы төлеу арқылы алуы мүмкін. Бірақ ол кісі дауласып бермейтін болса, бұл мәселе сот арқылы шешіледі. Ал өтемақы оған төленеді. Өтемақы төлеу мәселесі Азаматтық кодекс шеңберінде шешіледі.

Қазір археологтарға қойылған ортақ стандарт жоқ. Ал лицензия алу оңай. Бар болғаны «Электрондық үкіметке» тіркеліп, екі-үш талабын орындау керек. Берілетін мерзімі шексіз.

Көне қорымдарды тонау дерегінің бар-жоғын білмек болып Бас прокуратураның сайтына кірдік. Ешқандай дерек жоқ. Дегенмен тарихи құндылыққа ие жәдігерлеріміз әлеуметтік желілер арқылы саудаға қойылып, сатылып жатыр.

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Елімізде дәл осындай заттарды саудалайтын бірнеше сайт жұмыс істеп тұр. Солардың біріне кіріп көрген едік. Көзімізге бірден түскені мына жәдігер. Сақ дәуірінде жасалған найзаның ұшы. 50 мың теңгеге бағалап отыр екен. Өкініштісі сол, тарихи мұраларымыз осылай емін-еркін саудалануда. Ал жаңа заң күшіне енсе, археологиялық саладағы мұндай бейберекетсіздік сап тыйылар еді.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Мейрамбек Ахмаханов