ТОП бейне

«Қазақ бокс стилі» деректі фильмін «Хабар» арнасы ұсынады

«Қазақ бокс стилі» деректі фильмін «Хабар» арнасы ұсынады

«Қазақ бокс стилі». «Хабар» арнасы осындай атаумен әзірленген қазақша жұдырықтасу мәнерін айшықтайтын деректі фильмді көрермен назарына ұсынады. Туынды авторы – Қанат Бейсекеев. Эфир осы сенбіге жоспарланған. Астаналықтар үшін оның алдын ала көрсетілімі өтті. Фильмде бір кейіпкер арқылы өзге спортшылар жалпы кәсіпқой бокстың қызығы мен шыжығы кеңінен баяндалған.

Басты кейіпкер – 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы әрі Рио Олимпидасына қатысушы Жәнібек Әлімханұлы. Ол шаршы алаңдағы кәсіби мансабын бастау үшін Лос-Анджелеске барады. Режиссер осы кейіпкер арқылы Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов, Бекзат Саттарханов, бертіндегі Бақтияр Артаев, Геннадий Головкин салып кеткен сара жол қазақ боксының стилін әлемге танытуды мақсат етіпті. Туынды атауы да оның мазмұнын толық ашып тұр.

Қанат Бейсекеев, деректі фильмнің авторы әрі режиссері:

- АҚШ-та бір топ қазақстандықтың бар екенін естіп, оларды таныту керек деп шештім. Олармен танысып бір-біріне қолдау көрсететініне, ұйымшылдығына куә болдым. Біздің спорт мектебінің өзіндік стилі бар. Боксшылардың әлемдік биіктерден көрінуі соның арқасы. Әлі талай чемпион шығатынына сенемін.

Фильмде сол сенім артқан өзге спортшыларымыздың да АҚШ-тағы өмірі баяндалады. Тақырыбына сай әрине, олардың қимыл-қозғалысы, салмақты соққылары, өзіндік жұдырықтасу мәнері кеңінен қамтылған.

Айкүміс Сексенбаева, «Хабар» телеарнасының бағдарламалар директоры:

- Біз Данияр Елеусіновтің, Феруза Шарипованың, осы деректі фильмде көрсетілген жаңадан аты шығып жатқан Жәнібек Әлімханұлы деген боксшыларды көрсетуге тырысамыз. Оларды қолдаймыз. Жыл бойы олар өткізіп жатқан жекпе-жектерін эксклюзивті түрде «Хабар» арнасынан көрсетуге тырысамыз. Біз Қанатпен көп сөйлестік. Қандай мағынада көрсетуге болатынын. Ол өзі арнайы АҚШ-қа ұшып, сол боксшылармен сөйлесіп, олардың өмірлерін қазақ бокс стиліне деген көзқарасын өзі танып, телеарнаға деректі фильм ретінде көрсетті.

«Хабар» Агенттігінің қолдауымен түсірілген деректі фильм 16 наурыз күні сағат 22:00-де «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Әдеттегідей өзге бокс кештері де ұмыт қалмайды. Осы сенбі және одан кейінгі тәуліктерде 5 отандасымыз кезекті қарсыластарымен қолғап түйістірген сәттері ұсынылады. Олардың қатарында Данияр Елеусінов, Нұрсұлтан Жаңабаев сынды саңлақтарымыз бар.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Жандос Битабаров