Жаңалықтар

Үйге мұқтаж көпбалалы отбасыларға дайын пәтерлер сатып алынады

  • Read: 3 times
  • Сейсенбі, 19 Наурыз 2019 20:15

Көпбалалы отбасылар үйлі болуы үшін 25 млрд теңгеге дайын пәтерлер сатып алынады.

Ал жалпы биыл елімізде бас-аяғы 13,1 млн шаршы метр баспана салынбақ. Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлімдеді. Былтыр Қазақстан бойынша 12,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, рекордтық көрсеткішке жеткен болатын. Ал жыл басынан бері республика бойынша 15 мың баспана беріліпті.

Қазақ: «Үйі жоқтың күйі жоқ», – дейді. Біліп айтқан. Кезінде әріптестеріміздің: «Бұл баспана бағасы масқара, ал кілті басқада», – деп айтқаны есімізде. Енді талайдың бітпейтін ісіне, талайдың тәтті түсіне айналған баспана мәселесі жыр болмайды. Елбасы тапсырды, Үкімет іске асырды, игілігін көретін күн де алыс емес. Көпбалалы отбасылар тезірек үйлі болу үшін биыл 25 млрд теңгеге дайын пәтерлер сатып алынады. Министр Роман Скляр: «Мамыр айында көпбалалы отбасыларға 1,5 мың пәтер беріле бастайды», – деді. Ал жыл соңына дейін 6 мың көпбалалы отбасы қоныс тойын тойлайды.

Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- 1 мамырдан бастап өңірлерде көпбалалы отбасыларға пәтерлер беріле бастайды. Биыл 6 мың, алдағы 7 жылда 40 мыңға жуық пәтер беріледі. Ертең Мәжілісте осы пәтерлердің қаражаты қаралады. Сәуірде осы жылда салынатын үйлерідің бюджеті бекітіледі деп отырмыз.

Биыл елімізде бас-аяғы 118 мың жаңа пәтер салынады. Дегенмен Астана қаласы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында пайдалануға берілген үйлердің қарқыны төмендеген. Әкімдер: «Реттейміз», – деді. Енді Жастар жылына орай Астана, Алматы мен Шымкентте жұмыс істейтін жастарға бір мың жалдамалы пәтер салынбақ. Премьер-Министр Асқар Мамин: «Әкімдер мен тиісті мемлекеттік органдар жер бөлу, инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстарының қарқынын үдетсін, үйге қажетті құрылыс материалдарының 90% отандық өнім болсын», – деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу қажет. Елбасының әлеуметтік қамқорлық шараларын іске асыру аясында 5 жылдың ішінде 6 мыңға жуық көпбалалы отбасы үймен қамтамасыз етіледі. 1 мамырдан бастап пәтер бөлуді бастаймыз. Елбасының әлеуметтік бастамасына сәйкес мұқтаж отбасыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы екі жылдың ішінде 22,5 мың отбасы жеңілдікті несие алады.

Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардың назарына! «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй алу үшін әкімдік тарапынан берілетін 1 млн теңгеге дейін сертификат ала аласыз. Яғни ол ақшаны қайтармайсыз. Кемінде пәтер құнының 10% төлеуіңіз шарт. Сізге 2% несие 20 жылға дейін беріледі. «Бұл тезірек үй алуыңызға және ақшасын қиналмай төлеп шығуыңызға үлкен мүмкіндік», – дейді Үкіметтегілер.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Қанат Әбілдин

Ресейдің Челябі облысындағы мектептерде қазақ тілін оқытатын сыныптар ашылады

  • Read: 18 times
  • Дүйсенбі, 18 Наурыз 2019 21:08

Ресейдің Челябі облысындағы мектептерде алдағы жылы қазақ тілін оқытатын интерактивті сыныптар ашылмақ.

Қазақстанның Ресейдегі консулы Қонысбек Жүсіпбеков пен Челябі облысының билік өкілдері арасында болған кездесуде осындай ұйғарым жасалды. Сондай-ақ көрші өңірде ұлттық киімдерді тігуді үйрететін этноүйірме жұмысын жандандыра түсу жоспарда бар.

Сара апаның қолынан шыққан көрпелер өзінің ою-өрнегімен, сән-салтанатымен ерекше. Енді сол өнерін ісмер жан жастарға мирас етуді мақсат санайды. Мұнда келген қыз-келіншектер көрпе көктеп, құрақ құрауды, ұлттық киімдер тігуді үйренеді.

Камила Бисенбаева, Челябі қаласының тұрғыны:

- Оюлар саламыз, қамзол, дорба тігеміз. Апалар бізге үйретеді, көрсетеді.

Этноүйірме орналасқан бөлменің тарлығына қарамастан келушілер аз емес. «Әсіресе жастар тарапынан төл өнерімізге деген қызығушылық артып келе жатқандығы қуантады», – дейді үйірме жетекшілері.

Сара Әбдірахманова, Челябі қаласының тұрғыны:

- Құрақ құрау, ою ою, өрнек салу деген біздің ұлттық өнеріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін деген тілегім бар. Жасап үйренгім келеді деген жастар, жас қыздар, келіншектер бар.

Қазір Челябі облысында 34 мың қазақ тұрады. Оның сыртында біздің елден барған 4 мыңға жуық студент бар. Өкініштісі сол жергілікті қазақтардың дені, әсіресе жастар жағы ана тілінен ажырап қалған. Тіл үйренсем деген ниет жоқ емес, бар. Бірақ оны оқып, білетіндей орта, оқулық болмаса, не қайыр?! Қазақ көп шоғырланған елді мекендердегі мектептерде тіл үйрететін сыныптар ашу жөнінде аз айтылып жүрген жоқ. Челябі облысына арнайы барған Қазақстанның Ресейдегі консулы Қонысбек Жүсіпбеков жергілікті билік алдында осы мәселені тағы бір көтерді.

Қонысбек Жүсіпбеков, Қазақстанның Ресейдегі консулы:

- Қазақтар көп шоғырланған жерлердегі әрбір мектепте интерактивті сыныптар ашуды ойластырдық. Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кітаптарымен қамтамасыз етеміз деген тұжырымға келіп тұрмыз.

Ал этноүйірме болашақта кең бөлмеге көшуі мүмкін. Оқу сабақтарына ұлттық қолөнеріміздің басқа да түрлерін енгізу жоспарларында бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы Бразилия оқырмандарына таныстырылды

  • Read: 20 times
  • Дүйсенбі, 18 Наурыз 2019 20:51

Шараны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ұйымдастырды.

Оған Бразилияның сенаторларынан бастап бизнес өкілдері, дипломаттар қатысты.

Салтанатқа жиналған қонақтар Елбасы туындысы көпшілік қауымға арналған құнды шығарма екенін атап өтті.

Айта кетейік, «Тәуелсіздік дәуірі» – португал тіліне аударылған алғашқы туынды. Жалпы Қазақстан мен Бразилия арасындағы ынтымақтастық жылдан жылға артып, екіжақты келісімшарттар да көбеюде. Олар ғылымнан бастап мәдениетке дейінгі саланы қамтиды.

Қайрат Саржанов, ҚР Бразилиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі тарихты қаламына арқау еткен Елбасы туындысы жергілікті оқырмандар үшін құнды шығарма деп есептеймін. Өйткені олар осы кітаптан тұтас бір елдің, яғни Қазақстанның тарихын, ұстанымын танып біледі. Қазақ елінің бастамалары мен даму жолындағы қадамына сараптама жасай алады.

Әлеуметтік көмек іске асырыла бастады

  • Read: 21 times
  • Дүйсенбі, 18 Наурыз 2019 20:44

Астана қаласының әкімі көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға арналған 13 әлеуметтік шараны жариялады.

Нақтырақ айтсақ, тұрғын үймен қамту мәселесі орташа есеппен 18% артты. 2 мың отбасы коммуналдық қызметтерін төлеуге көмек алады. 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарды күтушілер тегін жолақысымен қамтамасыз етіледі. Тағы үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге дейін өсті.

Бұдан бөлек көпбалалы отбасылардың мүшелері мектептерде ыстық тамақпен тегін қамтылады. Тағы осы санаттағы оқушылар мен студенттер қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігіне ие болды.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек 25 мың теңгеге дейін өсті. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім алуға қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертификатын беру үшін 2 млрд теңге қарастырылды. Көпбалалы отбасыларға басымдық берілетін болады.