×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 138

Қоғам

Елімізде химиялық кастрациялау туралы заң күшіне енді

Елімізде химиялық кастрациялау туралы заң күшіне енді

Елімізде педофилдерді химиялық кастрациялау туралы заң күшіне енді. Оны іске асыруға республикалық бюджеттен 9,5 млн теңге бөлінген. Жазаның бұл түрі өз тиімділігін бере ме? Әзірге қоғамның пікірі қақ жарылып тұр. Бірі жаза жеңіл десе, енді бірі әлемдік тәжірибенің тиімділігін алға тартады.

Екпе қылмыскердің еркектік екпінін басады. Химиялық жолмен жазалау әдісі АҚШ, Канада, Германия секілді елдерде ертерек қолға алынды. Қазақстан да мәжбүр. Өткен жылдың тек 9 айының өзінде кәмелетке толмағандарды зорлау деректері 33 пайызға артқан. 

Зағипа Балиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Егер 2017 жылдың 9 айы мен 2016 жылдың дәл сол мерзімдегі көрсеткішін салыстырар болсақ, кәмелетке толмаған балаларға қарсы қылмыс артқан. Нақтырақ айтқанда, зорлау қылмысының саны 100-ден 133-ке артқан. Өсім – 33 пайыз. Сексуалды мінездемеде зорлық-зомбылық әрекеттері 83-тен 108 жағдайға жетіп, өсім 31 пайызды көрсетіп отыр. Факттың аты факт, елде педофилия өршіп тұр.

Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Бас прокурорының арнайы істер жөніндегі аға көмекшісі:

-Имандылық мол, салт-дәстүрді сақтайтын ОҚО-ның өзінде де отбасында осындай оқиғалар, келеңсіз жайттер болып жатқаны белгілі.

Елдегі осы үш құзырлы орган педофилдерді химиялық әдіспен жазалауға жауапты. Әуелі міндетті түрде айыпталушының педофил екенін дәлелдейтін сот-психиатриялық сараптама өткізілетін болады. Соның нәтижесінде химиялық кастрация тағайындау мәселесін сот шешеді. 

Николай Негай, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:

-Соттың шешімі педофил жазасын өтеп жатқан орынға жіберіледі. Үш күн аралығында қылмыстық-атқару жүйесінің әкімшілігі соттың шешімін амбулаторлық ұйымға жеткізуі тиіс. Сотталушының тіркелген жеріндегі емханаға да соттың шешімін бірден жеткізіледі.

Екпенің күші 14 күнге жетеді, педофил әр екі апта сайын түрмеде немесе бостандықта жүрсе, тіркелген емханасында химиялық кастрация жүргізіледі. Генетик Алмаз Ибрагимов бұл екпенің еркек денсаулығына кері әсері болатынын айтады. Салмағы түседі, физикалық күші әлсірейді, тіпті психикасы бұзылуы мүмкін. Алмаз химиялық кастрацияның тиімділігіне күмәнмен қарайды.

Алмаз Ибрагимов, генетик-ғалым: 

-Бұл қолданылатын дәрілердің әсері, ол ер адамның либидосын, жыныстық қатынасқа деген ынтасын азайту, басып тастау. Нәтижелілігі болады деп есептеймін, бірақ ол қазіргі фармацевтиканың дамыған заманында, жеке медицинаның дамыған заманында бұл адамдарға мұқият бақылау қажет деп есептеймін.

Психологтардың пікірінше, педофилия – психикалық патология. Оны түбегейлі емдеп шығу мүмкін емес. Жәбірленуші жасөспірімнің де жадына бұл үлкен соққы. Бұл ретте психологтардың көмегі қажет. Алайда, көп ата-аналар оған жүгіне бермейді.

Айдана Оңғарбек, психолог:

-Кейбір ата-аналарда психология туралы түсінігі жоқ. Егер де баланың жасы мектепке дейін болса, ұмытуы мүмкін. Ата-ананың қолдауымен ұмытылуы мумкін, бірақ кейбірі ұмытпайтын жағдай болады. 

АҚШ мемлекеті жазаның бұл түрін өткен ғасырдың 60-шы жылдары алғаш қолданған. Ол елде педофилдердің аты-жөні, тұрғылықты жері жалпақ жұртқа мәлім. Кейбір штаттарда мұндай қылмыскерлерге мектеп пен балабақша жанында тұруға тыйым салынады. «Ал Қазақстанда салалық заңның өзі солқылдақ», – дейді заңгер Ольга Рыль.

Ольга Рыль, заңгер:

-Химиялық кастрация жүргізу үшін алдымен жүйені жұмылдыру керек. Бұл тек екпені егетін дәрігерлердің ғана емес, психологтардың да жұмысы. Өкінішке қарай, бізде білікті мамандар аз. Түрмеде отырған адам ашуын ішке жия береді, шыққан соң олармен жұмысты кім жүргізуі тиіс? Түрмеден босап шыққан қылмыскерлердің 97% осы әрекеттерін бостандыққа шыққан соң қайталайды екен. Менің ойымша, балалар үшін жазаны да, бақылауды да қатайту қажет.

Педофилды қалай жазалау керек? Қазақстандықтар арасында жүргізілген сауалнамаға халықтың 52,61% өлім жазасын ұсынса, 26,87% «химиялық әдіспен» жазалауды қолдайтынын айтыпты. Мемлекет екіншісін таңдады. Ол үшін биылғы бюджеттен 9 млн 629 мың теңге де бөлінді. Бұл қаржының қомақты бөлігі 1 млн 936 мың теңгесі Қарағанды облысына бөлінген. Ал ең азы 121 мың теңге Атырау облысына тиесілі.

Заңның тиімді болғаны жақсы. Олай болмаса, Қазақстан педофилдерге жазаның ауыр түрін қолдана ма? Бұл енді басқа мәселе.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Дәурен Жұрқабаев, Бекболат Базаров

Last modified on