×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 144

Қоғам

Президент жолдауын жүзеге асыру «Нұр Отан» партиясының бақылауында

Президент жолдауын жүзеге асыру «Нұр Отан» партиясының бақылауында

Елбасы жолдауында айқындалған мақсат-міндеттердің мінсіз орындалуын «Нұр Отан» партиясы жіті бақылауына алады.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Алматы облысына іссапармен барды. Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тұрғызылған нысандарда болып, төртінші өндірістік жаңғырудың жаңа мүмкіндіктерін белсенді игеріп жатқан кәсіпорындарды аралады. 

«Батыр бабалар» мемориалды кешені Қарасай ауданында бірнеше ай бұрын бой көтерген. Сәулеті мен келбеті келіскен кешендегі ел билеген хандар, билер мен батырлардың портреттік галереясы ерекше көз тартады. Келушілер Түрік қағанаты мен Қазақ хандығының, «Алаш орда» көшбасшыларының өмірімен таныса алады. Тәуелсіз Қазақстанның тарихына да кең орын берілген. Аймақтың көрікті орнына айналған тағы бір жаңа нысан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығы Елбасының туған жері Шамалған ауылында орналасқан. Мұражайда Мемлекет басшысының жеке заттары, фотосуреттер мен кітаптар, тарихи құжаттар қойылған.

Яя Ишигов, Шамалған ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Елбасымыз біздің ауылда туып-өскен азамат – Тұңғыш Президент болғаннан кейін, біз осы араға мұражай салудың жоспарын жасадық. Ауыл азаматының атына мұражай салып, соның өмірбаянын, оның істеген жұмыстарын, оның қызметін жастарымызға көрсетейік. Өйткені жастарымыз одан үлкен тәрбие алады.

Мемлекет басшысы биылғы жолдауында еліміздің ары қарай дамуына бағытталған 10 басымдықты анықтап берді. Онда көрсетілген талаптарға жауап беретін кәсіпорындардың бірі Алматы облысындағы кондитер өнімдерін шығаратын фабриканың жылдық өндірістік қуаты – 13 мың тонна. Кәсіпорынның технологиялық процесімен танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді арттыру қажеттігін айтты.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Елбасымыз өзінің бүгінгі жолдауында ел экономикасын дамытудың басым 10 бағытын көрсетіп берді. Соның үшінші бағыты ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге арналған. Ендігі кезде дайын астықты экспортқа шығарып қана қоймауымыз керек, оны осы заманғы технологияға сай өңдеп, астық өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды көбірек ашуымыз керек. Біз тұрған кәсіпорын Қазақстанның өз ішіндегі облыстарға ғана емес, Ресейдің 13 қаласына, Германияға, бүкіл Орталық Азиядағы елдерге, Қытайға және Беларуське өнімдерін шығарып отыр. Экспортқа арналған өнім шығаратын кәсіпорындар осындай болуы керек деп есептеймін.

Жоғары технологияға негізделген кәсіпорындарды жаңғырту – дамудың басым бағыттарының бірі. Аймаққа іссапары барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед әйнек шығаратын зауытта болды. Қазақстанда баламасы жоқ қондырғымен жабдықталған зауыттың өнімі қазір әлемнің бірнеше еліне экспортталады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Артем Истомин, Бақтияр Рзаев

Last modified on