Қоғам

«ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған тиімді жобалардың басым бөлігі қолданысқа енгізіледі

«ЭКСПО-2017» көрмесінде ұсынылған тиімді жобалардың басым бөлігі қолданысқа енгізіледі i.ytimg.com

Эйфель мұнарасы, сенсорлы телефон, балмұздақ, мұздатылған шай.

Мұның барлығы әлемнің өзге елдерінде өткен халықаралық көрмелерде таныстырылып, кейін өмірге енген. Ал «Болашақ энергиясын» алға тартқан елордадағы «ЭКСПО-2017» шарасы Қазақстанға не берді? Қандай жобалар енгізілмек?

Қуатты үнемдеуге арналған мұндай технологиялар елордада ЭКСПО көрмесінен кейін пилоттық жоба ретінде енгізіле бастады. Дені күн және жел энергиясымен жұмыс істейді.

Риат Шони, тілші:

- Қап, телефоным отырып қалды ғой. Сарышұнақ аязда мұндай жағдайға кез келген адамның жолығатыны айдан анық. Бұрындары далада телефонды қуаттау мүмкін болмайтын. Ал қазір ондай шешім табылды. Мынадай күн батареясынан қуат алатын орындықтар орнатылды. Оған USB-ді қосып, телефонды қуаттап алуға болады.

Басымдық отандық өнертапқыштардың жобаларына берілген. Мәселен, мынау – қазақстандық ғалым Болотовтың туындысы. Жел қуатынан 10 кВТ энергия алып, жалпы желіге тоқ көзін береді. Бұдан өзге 3 кВТ-тан энергия беретін ағаш тектес қондырғылар да қойылған. Олар кешкілік уақытта маңайындағы шамдарға жарық береді. Бастысы барлығы жеке инвестиция есебінен орнатылған. Ал жоспарда әлі ауқымды жобалар баршылық.

Мақсат Есмағұлов, Астана қаласы энергетика басқармасының бас маманы:

- Көрмеде көрсетілген үздік 8 технологияны таңдап алдық. Қазір оларды әкімдік қарамағындағы мекемелер қарастырып жатыр. Бұл бізге келеді ме? Әлде жоқ па? Сол жағы қарастырылып жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін біз оны қолданысқа енгізуге тырысамыз.

Төрткүл дүние көз тіккен ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесінің бізге берері мол болды. 90 күн бойы «жасыл» энергия саласындағы баламалы қуат көздерін пайдалану технологиялары жұртшылыққа ұсынылды. Олардың арасынан елімізге тиімді жобаларды Энергетика министрлігі жанынан құрылған сарапшы топ іріктеп алған екен.

Берік Ербосынов, ҚР Энергетика министрлігі ЭКСПО басқармасының басшысы:

- Олар ЭКСПО-да бір апта жұмыс жасап, елге тиімді деген жобалардың тізімін құрастырды. Шетелдік павильондардан 105 технология және ұлттық павильоннан 28 технологияны іріктеп алды. Қазіргі таңда біздің ақпарат бойынша әкімдіктер 40, ұлттық компаниялар 15 технологияны іріктеп алған. Соның ішінде ұлттық компаниялар екі жобаны 2018 жылы енгізейін деп отыр. Сонымен қатар әкімдіктерден 4 жоба. Ол Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары.

Биыл іске асырылатын жобалардың екеуін еліміздегі Ұлттық компания қолға алған. Мұндағылар Словакия және Австрия елдерінің технологиясын пайдаланбақ ниетте. Атап айтсақ, энергия үнемдейтін экокапсула мен «Sundrops» жылжымалы мобильді күн электр стансасы.

Сергей Костин, Ұлттық компания департамент директорының орынбасары:

- Біздің нысандарымыз Қазақстанның 10 облысында орналасқан және де тоқ көздерінен алыс тұр. Осы орайда байланыс қондырғысын қою үшін біз экокапсулаларды пайдаланбақпыз. Оның сыртқы қабаты күн энергиясын ала алатын батареялармен жабдықталған. Яғни шығын көп кетпейді. Ал ішінде бірқалыпты температура сақталады және электр қуаты өндіріледі. Бізге керегі осы. Ал жылжымалы мобильді күн электр стансасын тоқ көзі жоқ жерде жөндеу жұмыстарын жүргізгенде, өз нысандарымызда қуатты үнемдеуде пайдаланбақ ойдамыз.

Облыстағы әкімдіктер де таңдап алған 40 жобаның 4-еуі биыл қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда. Оның екеуі Солтүстік Қазақстанда болса, тағы соншасы Қостанай өңірінде.

Тобылдықтар газ өндірісінде газоанализаторлар мен роторлы турбина қоймақ. Ал солтүстік болса, биогаз зауытын салып, онда құстың қиынан электр қуатын өндіруді жоспарлап отыр.

Әділбек Әубәкіров, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Зауытқа келіп түсетін құстың қиы қайта өңделіп, биогаз шығарылады. Кейін одан қуаты 1 мВТ-ға жететін электр қуаты өндіріледі. Тоқ көзі жалпы желіге сатылады. Жоба құны 3 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жеке инвестиция. Сонымен қатар зауытта тыңайтқыштар да шығарылады. Тәулігіне мұнда құстың  60-тан 100 тоннаға дейін қиын қайта өңдеу жоспарланып отыр. Екінші жобамыз ол евроорындықтар. Онда далада серуендеп жүрген адамдар USB немесе Wi-Fi арқылы ұялы телефондарын қуаттай алады.

Қазір бұл жоба бойынша конкурс өтіп жатыр екен. «Алдағы уақытта адам көп шоғырланатын жерде 4 евроорындық қойылмақ», – дейді әкімдіктегілер.

Риат Шони, тілші:

- Қазір елімізде жалпы қуаттылығы 336 мегаватт болатын жаңартылған энергия көздерінің 50-ден астам нысаны жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта олардың саны артпақ. Өйткені 2030 жылға қарай Қазақстанда баламалы энергия үлесі 30 пайызға дейін жетуі керек. Бұл ретте ЭКСПО көрмесінде таныстырылған жобалардың басым бөлігі қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда. Ал олардың тиімділігін уақыт таразылайды.

Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байғазин

Last modified on