Қоғам

Астана күніне орай мейрамхана аспаздары да арнайы тағамдар дайындап жатыр

Астана күніне орай мейрамхана аспаздары да арнайы тағамдар дайындап жатыр

Астананың 20 жылдығына өнерпаздар ғана емес, кафе, мейрамханалар да қызу дайындалып жатыр. Самалды Сарарқаның төсіне қонақтап келгендердің дені қазақтың етін аңсайды. Әсіресе шетелдіктер.

Қазір елордада ет асатын 100-ге тарта дәмхана мен мейрамхана бар.

Ас үй тек әйелдердің бөлмесі емес. Бұл мейрамханада ең дәмді тағамдардың барлығын бас аспаз Артем Канцев пісіреді. Қазы-қарта, жал-жая, сүр ет, шұжығыңызды көп қазақтан артық біледі. 20 жыл бойы «Ет асу» өнерін шыңдап келеді.

Артем Канцев, бас аспаз:

-Әр өңірдің дәмін бір қазақша етпен көрсетуге тырысамыз. Бұл тағамның философиясы осы негізі. Ол үшін бізге әртүрлі жылқының еті керек. Бордақыланған ақмолалық тайдың етін аламыз. Жамбыл облысының технологиясымен дайындалған сүр етті қосамыз. Оған солтүстікте ысталған етті аламыз. Қамырды асқабақтың сөлімен дайындаймыз. Барынша жұқа қылу үшін асжапырақты да пайдаланамыз. Бір сөзбен айтқанда, әр тағамды асқан талғаммен, өзіндік тәсілімізбен дайындаймыз.

Әне, әр өңірдің дәмін бір табаққа үйлестіре білген аспаздың өзіндік қолтаңбасы бар. Одан бөлек, еттен жасалатын тамақтың небір түрін дайындайды. Бауырсақ пен құрт, ірімшік, қымыз, шұбатыңыз да осы жерде. Хош. Бұл мейрамханаға тек тамақ ішу үшін келмейді. Есігінен төріне дейін қазақылық нышаны сезіледі. Ұлттық нақышты әр ірілі-ұсақты дүниелерден байқауға болады.

Айлина Толықбаева, администратор:

-Тек асхана үшін ғана емес, осы біздің ұлы қазақ еліміздің салт дәстүрімен танысу үшін, тарихымызды еске алу үшін де қонақтар келіп, таңғалып жатады. Әрбір қонаққа кетер алдында бізде салт бар бос қол жіберуге болмайды деген. Сондықтан біз кететін қонақтарға сарқыт береміз. Сарқыт біздің кішігірім сыйымыз болып келеді, сонымен қатар олардың үйіне де бақ-береке алып келеді.

Қазақтың ұлттық дәмін татып көремін деген қонаққа Астанада баратын жер көп. Олардың қай-қайсысы да меймандардың көңілінен шығу үшін барын салып жатыр. Ал бұл мейрамхананың аспаздары елорданың 20 жылдығына орай арнайы тағамдарды дайындауға кірісіп кетті.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Аманжол Байғазин

Last modified on