×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 148

Қоғам

ШҚО-да қоқыстарды жою маңызды мәселеге айналып отыр

ШҚО-да қоқыстарды жою маңызды мәселеге айналып отыр

Шығыс Қазақстан облысындағы ірі қалалар мен елді мекендердің маңын қоқыс басып барады. Облыстық прокуратураның мәліметінше, өңірдегі полигондарда қазір 9 миллион тонна тұрмыстық қалдық жиналған.

Бұл шекті мөлшерден бірнеше есеге көп. Сондықтан тиісті органдар мен экологтар аймақта қоқыс өңдейтін зауыт салу керектігін талай жылдан бері айтып келеді. Бірақ әлі шешімін табар емес. 

Өскемендіктерді бұрын ауаның ластығы алаңдатса, енді оған қоқыс қосылды. Қазір қаладағы кейбір көпқабатты үйлердің аулаларындағы тұрмыстық қалдықтан аяқ алып жүргісіз.

Жалпы Өскеменде қоқыс алаңына айналған 100-ден астам орын бар. Онда не жоқ дейсіз?!

Қоқыс салатын контейнерлер де толып қалған. Ауланы үйіндіге айналдыратындарды қадағалауға Ішкі істер орган қызметкерлерінде пәрмен болғанмен дәрмен болмай тұр. Ал қала шетіндегі полигонға жыл сайын 200 мың тонна қоқыс төгіледі. Қазір ол да толып тұр.

Елена Полянцева, облыстық экологиялық мониторинг орталығының бас маманы:

-Қазір бүкіл қаланың қоқысы төгіліп жатқан полигонды пайдалану 2020-жылы аяқталады. Ол қазірдің өзінде толып қалды. Сондықтан тез арада бұл мәселені шешпесе, бүкіл қала қоқысқа толады.

Тек Өскемен қаласы ғана емес ірі елді мекендер мен ауылдарды да қоқыс басып барады. Жалпы облыста бүгінде 25 полигон және 257 ауылда  қоқыс алаңы бар. Алайда олардың бірнешеуі ғана экологиялық-санитарлық талапқа сай. Қолданыстағы заң бойынша жеке немесе заңды тұлғаны коммуналдық мекемелер қоқыс тасымалы үшін келісімшарт жасатуға мәжбүрлей алмайды. 

Тимур Шақпантаев, облыс прокурорының аға көмекшісі:

-Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша, қазір Өскеменде 96 мыңнан астам адам қоқыс тасымалын пайдаланбайды. Бұл шамамен тұрғындардың 30 проценті болады. Ал облыста соңғы жылдары барлық шығарылған қоқыстың бір келісі де сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілмеген.

Былтырдан бері қалада қоқысты бөліп жинайтын контейнерлер қойыла бастады. Бұл жұмысты бір кәсіпкер отбасы қолға алды. Қалалық әкімдік кәсіпкерлерге Өскеменде 300 контейнер орнатуға рұқсат беріпті. 

Динара Әкімжанова, кәсіпкер:

-«Қала тұрғындарын қоқысты бөліп жинауға үйрету өте қиын», – деп қорқытқандар көп болды. Бүгінге дейін 11 контейнер қойдық. Бұл құр сөз екеніне көз жеткіздік. Адамдар біздің идеямызды қолдады. Қоқысты сұрыптап, біздің контейнерлерге пластиктен жасалған ыдысты, тіпті ескі ойыншықтарды да тастап жатыр.

Жыл сайын қоқысты жинастыруға қала қазынасынан 6,5 миллионға жуық теңге бөлінеді. Ал қалада жаңа қоқыс зауытын салу мәселесі бірнеше жыл бұрын көтерілгенімен әлі оңды шешімін таппай келеді. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Last modified on