×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 138

Қоғам

Танымал түрік тележүргізушісі елімізде шеберлік сабағын өткізеді

Танымал түрік тележүргізушісі елімізде шеберлік сабағын өткізеді

Түрік елінің танымал журналисі, «ТРТ Хабер» арнасының маңдайалды тележүргізушісі Зафер Кираз біздің арнамыздың арнайы шақыруымен Астанаға келеді.

Түркияның ақпарат құралдарында 33 жылдан бері қалтқысыз еңбек етіп, талғамы биік көрерменнің көңілін баурай білген тәжірибелі маман елордаға сапары аясында «Хабар» агенттігінің журналистерімен кездесіп, шеберлік сабағын өткізеді. Ол бүгінгі күннің дикторы қандай болуы керек, ақпарат таратуда неге баса мән берілуі тиіс, әлеуметтік медианың телевидениеге ықпалы және оны тиімді пайдаланудың жолдары жайлы қазақстандық әріптестерімен ой бөліседі.

Зафер Кираз ұзақ жылдан бері «ТРТ Хабер» арнасында қорытынды жаңалықтардың жүргізушісі болып қызмет етеді. Кәсіби өмірінде көрерменнің көзайымына айналған бірнеше саяси-сараптамалық бағдарламаның тізгінін де ұстаған. Алайда қорытынды жаңалық – бұл оның авторлық жобасы. Сондықтан ол әр шығарылымына ерекше дайындықпен келеді. «Ақпараттың өзектілігі бір бөлек, оны халыққа түсінікті тілде жеткізе білу де үлкен өнер. Эфирде шынайы болмысыммен көрінуім үшін телесуфлердің көмегіне жүгінбей, ақпаратты өз ойыммен еркін жеткізуге тырысамын», – дейді Зафер Кираз.

Зафер Кираз, тележүргізуші:

–Мен елді елеңдеткен маңызды деген оқиғалардың ішінен бір фотоны таңдап алып, соған қарап-ақ жаңалыққа кіріспемді жасай беремін. Тіпті оның негізінде ақпаратымның өзектілігін баяндап беруге күш саламын. Себебі видеоға қарағанда, кейде әсерлі түсірілген фото тақырыптың мәнін толығымен ашады. Одан соң өзімді қатып қалған форматтың қыспағында қалдырмаймын. Егер оқиға ортасында тікелей қосылымға шыққан тілші тың ақпарат бермесе, диалогымызды шорт кесіп, басқа тақырыпқа өтіп кетемін. Өйткені көрерменнің уақытын сыйлауымыз тиіс. Ал тележүргізуші эфирде неғұрлым шынайы болса, көрермені де соғұрлым оған жақындай түседі.

Телевизия мен әлеуметтік медианың келешегі қандай болады, ақпарат айдынында қайсысына басымдық берілуі керек? Жаңалық жүргізушілерінің кәсібилігі немен өлшенеді? Осы және өзге де өткір сауалдарға Зафер Кираз Астанада өтетін шеберлік сабағында кеңінен тоқталады. Ол журналистік кәсіпте жиған-терген тәжірибелерін бөлісуге дайын.

Зафер Кираз, тележүргізуші:

–Халық теледидар көруден қалды. Білім де, ақпаратты да ғаламтордан алып жатыр. Қолымыздағы деректерге көз жүгіртсек, бізді көбіне 35 жастан жоғары азаматтар тамашалайды, ал жас буынға біз қызық емеспіз. Неге? Өйткені олардың ақпарат көзі – әлеуметтік медиа. Бұл үрдістің қауіпті тұсы да сол, көпшілік ақпараттың ақ-қарасын ажыратпай көңілге тоқиды. Сол үшін бүгінгі таңда телеарнаның көтерген жүгі ауыр. Олар уақыт көшінен қалыспай, ақпараттарды тез әрі шұғыл тарата білу қажет. Әрине бұл жағдай кәсіби даярлықты талап етеді.

Зафер Кираз біздің мемлекетіміз туралы жақсы біледі. Ол Түркия президентінің елімізге жасаған алғашқы сапарында делегация құрамында Алматы, Түркістан мен Байқоңыр қалаларында болып қайтқан. «Арада жылдар өтсе де, естен кетпес жағымды естелігім көп. Алайда осы жолы ел мақтаған елорданың кескін-келбетін тамашалауға асықпын. Әлбетте, әріптестеріммен өтетін кездесу мәнді де мағыналы және екі жаққа бірдей пайдалы болатынына сенемін», – дейді ол.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Last modified on