×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 154

Қоғам

Еліміздің үздік бизнес құрылымдары марапатталды

Еліміздің үздік бизнес құрылымдары марапатталды

Телекөпір ізімен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің үздік кәсіпорындарын марапаттады.

Президент жыл сайын бұл салада жоғары нәтиже көрсетіп, тұтынушыларға сапалы өнім ұсынып, халықты жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошақтарына тағайындалатын «Алтын сапа» мен «Парыз» сыйлықтарын табыстады. Жалпы бұл байқауға 101 кәсіпорын қатысқан. Бүгін үздіктерге лайықты сый-құрмет көрсетілді.

Ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мемлекет тарапынан марапатталып, оларға жылда дәстүрге айналған «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтары табысталды. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір аясында үздік бизнес құрылымдарға сый-құрмет көрсетілді.

Алдымен «Парыз» сыйлығы бірнеше аталым бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласында бірегей жобаларын жүзеге асырған озат кәсіпорындарға табыс етілді. Биыл бұл марапатқа 400-дей компания ұсынылған. Солардың тек 20-ға жуығы үздік деп танылып, құрмет биігінен көрінді. Олардың қатарында еңбек өнімділігі және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үздік атанған кәсіпорындар бар.

Өтесін Уандықов, «Парыз» сыйлығының иегері:

– Компанияда еңбек қорғау саласы өте жоғары сатыға қойылған. Қазыр зауытымызда «Аман» атты еңбек қорғау бағдарламасы жұмыс атқаруда. Соның бір жетістігі болар деп ойлаймын. 

«Алтын сапа» байқауына да биыл 100-ден аса кәсіпорын қатысты. Солардың арасынан әртүрлі аталым бойынша 20-ға жуық компания мәртебелі сыйлыққа ие болды. Президенттік марапат «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын», «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» және «Қызмет көрсету саласындағы үздік кәсіпорын» номинациялары бойынша табысталды.

Зәкіржан Күзеев, «Алтын сапа» сыйлығының иегері:

– «Алтын сапа» алып отырмыз. Неге? 65 пайыз бүгін біздің шығарып жатқан зат экспортқа кетеді. Осы «алтын сапаның» нәтижесі деймін. 28 түрлі зат шығарамыз. Крахмал дейміз, батк осындай заттарды біздің зауыт шығарып жатыр. 120 мың жүгерінің өңдейміз. 

Жеңімпаздар қатарында Алматы мен Көкшетау қалаларында ет өнімдерін шығарып, ішкі нарықты ғана емес, экспорттық әлеуетті де артырып отырған кәсіпорын бар. Отандық тауар өндірушінің еңбегі де жоғары бағаланды.

Хадиша Бижан, «Алтын сапа» сыйлығының иегері:

– Таза ет өнімдерін шығарып жатырмыз. Халыққа қызмет жасап отырмыз. 150-дей адам жұмыс жасап отыр. Тауарларымыз шетелге кетіп жатыр. Еңбегіміз бағаланып отыр. Әлі де халыққа қызмет етуге дайынбыз. Бұдан да жоғары наградаларды алуға жұмыстанамыз.

«Алтын сапа» өткізіліп келе жатқан 2006 жылдан бері қатысушылар қатары үш есеге артқан. Алғашқы кезде бұл байқауға қатысуға 52 кәсіпорын өтініш берген болса, биыл олардың саны 101-ге жеткен. Оның ішінде шағын 44, орта 32 және ірі 27 кәсіпкерлік болды. Демек шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатын азаматтардың «Алтын сапа» сыйлығына талпынысы артып келеді. Осының арқасында тұтынатын тауардың да сапасы жоғарылай түседі.

Бахтияр Тағаев, кәсіпкер:

– Елбасының индустрияландыру картасы бойынша айтылған ауыл шаруашылы өнімін шығарып қана қоймай, терең өңдеу арқылы ішкі және сыртқы рынокқа шығаруды мақсат етіп отыр. Біздің кәсіпорында осы шаруашылықты жүргізіп отыр. Алма өндірісінен біздің келесі жылға жоспарымыз бар. Шыққан өнімді ары қарай терең өңдеу. Оны тұтынушыға жем, жарение түрінде терең өңдеу жоспарымызда бар.

Саладағы үздіктерді мыңдаған жұмыс орындарын ашып, елге миллиондаған табыс әкеліп отырған өндіріс ошақтарын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жеке құттықтады. «Парыз» сыйлығының бас жүлдесі Еуразиялық топқа тапсырылды. Ал «Алтын сапа» бәйгесінің ең үздік индустриялық жоба аталымы бойынша бірқатар кәсіпорын басшылары марапатталды. Олардың қатарында «Алтын сапа» сыйлығының, сапа үздігі номинациясында жеңіске жеткен Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» кәсіпорны да бар.

Мұқаш Ескендіров, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры:

– Менің ойымша, бұл үлкен жеңістерге, жобаларды іске асыруға күш-қуат береді деп ойлаймын. Ендігі жылға тыңайтқыш шығару көлемін 300 мыңнан 500 мыңға шығаратын жобаға кірісіп кеттік. Құдай қаласа, ендігі жылдың аяғына оныда іске қосамыз. Одан кейінгі жобаларымыз кезекте тұр.  Біздің мақсатымыз – 2020 жылы «Қазфасфат» жылына 1 млн тонна тыңайтқыш шығару.

Азық-түлік тауарларын және ауылшаруашылығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорын аталымында «Алтын сапа» Президент сыйлығы Қызылорда облысының күріш өндіретін өндіріс ошағына бұйырды.

Мағжан Ералиев, «Алтын сапа» сыйлығының иегері:

– «Алтын сапа» сыйлығымен Елбасымыз марапаттады. Мен өте қатты қуаныштымын. Толқып тұрмын. Бұл ең жоғары дәрежедегі марапат болып саналады. Бұл марапат біздің мекеме ұжымының арқасы.

Салтанатты шара соңында Президент ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған азаматтармен естелік суретке түсті. Кәсіптерін дөңгелетіп, мемлекетпен бірге зор табысқа жетулерін тіледі.

Авторлары: Жұрағат Баман, Айдос Меделбеков, Ерсін Мұхамбеталин

Last modified on