×

Warning

JUser: :_load: Unable to load user with ID: 152

Қоғам

СҚО кәсіпкері сүт өнімдерін Ресейге экспорттап отыр

СҚО кәсіпкері сүт өнімдерін Ресейге экспорттап отыр

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко және К» серіктестігі биыл 980 тоннадан астам сүт өнімдерін Ресейге экспорттады.

Және бұл көрсеткішті одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.

Тоқырау жылдары Новоникольское кеңшары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жағынан облыста соңғы орында болған. Елбасының сындарлы саясатының арқасында Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко тұралап қалған ауыл өміріне жан бітіре алды. Бүгінде марқұмның ісін балалары жалғастырып отыр.

«Зенченко және К» командиттік серіктестігі өңірдегі озық шаруашылықтардың біріне айналды. Бүгінде мұнда 8 мыңнан астам сүтті және етті бағыттағы ірі қара бар. Олардан алынған ақ өз зауытында өңделеді. Ал дайын өнім көршілес Ресейге де экспортталады.

Геннадий Зенченко, Г.Зенченконың ұлы:

– Мемлекет бүгінде ауыл шаруашылығы саласына жан-жақты қолдау көрсетуде. Кәсіпкерлерге уақытылы субсидия беріледі. Осы қолдаудың арқасында біздің серіктестік үлкен кластерге айналды.

Шаруашылық тапқан табысының бір бөлігін ауылдың гүлденуіне жұмсайды. Мәселен, соңғы жылдары мұнда балабақша, аурухана, мәдениет үйі, спорт кешені, хоккей корды тұрғызылды. Сондай-ақ тек осы жылы жұмысшыларға жаңадан 26 үй салыныпты.

Иван Боев, ауыл тұрғыны:

– Ауылға көшіп келіп жатқандар көп. Өйткені халықтың тұрмысы қалалықтардан кем емес. Баспаналар орталықтандырылған жылуға қосылған. Су үйдің ішінде. Енді көшелерге жарық орнатылып жатыр. Бізге бұдан артық не керек?

Новоникольское – елді мекені бүгінгі күні елімізде үлгі тұтарлық ауылдардың бірі. Мұнда әлеуметтік маңызы бар нысандардың барлығы дерлік бой көтерген. Тұрғындардың өмір сүруіне толықтай жағдай жасалған. Оның үстіне ауыл жасыл экономикаға да көшкен. Мәселен, мұндағылар электр энергиясын желден өндіріп отыр.

Қазіргі таңда Новоникольское селосында 400-ден астам үй түтін түтетіп отыр. Уақыт өткен сайын әлеуметтің әлеуеті артып келеді.

Геннадий Зенченко, Г.Зенченконың ұлы:

– Менің ендігі мақсатым – әкемнің маған қалдырып кеткен ісін одан әрі дамыту. Үлкен жауапкершілік артылып отырғандығын жақсы түсінемін. Қазір өз балаларымды да осы шаруаға үйретіп жатырмын. Ұрпақтар жалғастығы деген осы ғой.

1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Геннадий Зенченкоға өзінің қол сағатын сыйға тартқан болатын.

Қазір бұл сағат – отбасылық құнды жәдігерлерінің бірі. Бірталай уақыт өтсе де, сағат тілі әлі тоқтамапты.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Last modified on