Қоғам

Павлодарда 100-ден астам өзге ұлт өкілі қазақша ән шырқады

Павлодарда 100-ден астам өзге ұлт өкілі қазақша ән шырқады

Қазақстан халқы Ассамблеясы Павлодар облыстық филиалының белсенді жастары патриоттық әндер фестивалінде бас қосты.

100-ден астам дарынды ұл-қыз 16-шы рет ұйымдастырылған дәстүрлі байқаудың лауреаттары атанды.

Жастар дәстүрлі фестивальге тыңғылықты дайындалған. Өнер десе, ішер асын жерге қоятын солистер кең байтақ Отанымызды ән мен жырға қосты.

Анастасия Ильченко, фестиваль қатысушысы:

- Бұл фестивальге жарты жыл дайындалдық. Жаңа костюм дайындадық. Біз Отан туралы «Туған жер» әнін дайындадық.

Осымен 16-шы рет ұйымдастырылған фестивальде бақтарын сынағандардың дені – өзге ұлт жастары. Жүзі басқа, тілегі бір жас буын өкілдері қазақ тілінде ән шырқады. «Өнер арқылы мемлекеттік тілді оңай меңгердік», – дейді олар.

Иван Нечепуренко, «Беларусь» вокалдық квартетінің мүшесі:

- Қазақ тілін білу – ортақ міндет. Қазақша ән шырқау тілді меңгеруге оң септігін тигізді.

Михаил Кобец, «Эльбрус» этномәдени бірлестігінің би ұстазы:

- Мен 2008 жылдан бастап би мұғалімі болып жұмыс істеп жатырмын. Өз білімімізді жастарға береміз.

Өңірдегі «Достық» үйінің жанында 25 этномәдени бірлестік бар. Ал жаңғыру мектебінің жанында 20-ға жуық тіл бөлімі бар. Өзге ұлт өкілдері үшін ана тілдерін оқып-тоқуға қолайлы жағдайлар жасалған. Шығармашылықпен айналысуға да жол ашық.

Элина Паули, облыстық ҚХА филиалы жастар үйлестіру кеңесінің төрайымы:

- Жобаларымыз көп. Әлі мақсаттарымыз бар. Осы мақсаттарымызды орындап,  өзіміздің бірлігімізді, татулығымызды нығайтпақпыз. Қазақ тілін бүгінде біріктіру факторы деп айтуға болады. Қазақ тілі, яғни мемлекеттік тіліміз бізді біріктіреді.

Патриоттық әндер фестиваліне қатысуға ниет еткендердің қатары жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздік тұсында өткен шараға келген көрермен жастардың өнеріне тәнті болды. Қазылар алқасының мүшелері де жоғары бағасын берді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Last modified on