Саясат

Джордж Крол: АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалайды

Джордж Крол: АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалайды

АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық серпінді сипатқа ие.

Екі мемлекет бірқатар салада бекем байланыс орнатқан. Осы елдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол арнамызға берген сұхбатында осындай пікір білдірді. Айтуынша, Астана мен Вашингтон аймақтық һәм халықаралық өзекті мәселелер бойынша бірлесе жұмыс атқарып келеді. «Қос елдің қатынастары ортақ мүдделерге негізделген», – дейді елші.

Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы аптадағы АҚШ-қа сапары – екі елдің 26 жыл аралығында қол жеткізген стратегиялық серіктестігінің жарқын көрінісі. Америка Құрама Штаттары Қазақстанның энергетика саласында маңызды әріптесі екені белгілі. Дегенмен мұнымен тоқтамаған жөн. Саяси ынтымақтастық туралы айтатын болсақ, бұл тұрғыда мемлекеттеріміздің арасында 90-шы жылдардан бері бекем байланыс орнаған. Ядролық қауіпсіздік саласында бірлесіп жұмыс атқарудамыз. Сонымен қатар біз халықаралық тақырыптар бойынша ынтымақтастығымызды бағалаймыз.

Джорд Крол еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметіне жоғары баға берді. «Қазақстанның бейбітшілікті ілгерілетудегі бастамалары АҚШ тарапының қолдауына ие болды», – дейді дипломат.

Джордж Крол, АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- АҚШ Қауіпсіздік Кеңестегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалайды. Менің ойымша, Қазақстанның бастамалары, соның ішінде Ауғанстан жөніндегі комитеттің төрағасы ретіндегі іс-қимылдары әлемдік қауымдастықтың бейбітшілік жолында күш жұмылдыруы үшін аса маңызды. Ауғанстандағы жағдайдың реттелуі аймақтағы экономиканың одан әрі дамуына ықпал етеді.

Last modified on