Саясат

Вашингтонда ҚР Президентінің АҚШ-қа жасаған ресми сапарына арналған жиын өтті

Вашингтонда ҚР Президентінің АҚШ-қа жасаған ресми сапарына арналған жиын өтті

Вашингтондағы ең ауқымды «Сараптамалық кеңес» орталығында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа жасаған ресми сапарына арналған қорытынды жиын өтті.

Іс-шара тікелей және интерактивті пікірталас форматында ұйымдастырылды. Оған АҚШ-тың жетекші сарапшылары, дипкорпус мүшелері, Ақ үйдің жоғары лауазымды тұлғалары, Ұлттық қауіпсіздік кеңесі, Мемлекеттік департамент және америкалық ірі компаниялардың өкілдері қатысты.

Қазақстанның елшісі Ержан Қазыханов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапарын табысты ұйымдастыруға көмек көрсеткен әріптестеріне алғыс айтты. Ол Ақ үйде бірлесіп қабылданған мәлімдеме мен жоғары дәрежелі келісім сенімді серіктестікті тереңдете түсетініне сенім білдірді.

Ал АҚШ тарапы көптеген коммерциялық келісім жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болып, екі елдің экономикалық өсуіне ықпал ететінін жеткізді.  АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Ричард Хоугланд шұғыл халықаралық мәселелерді шешуде Қазақстан Президентінің көшбасшылығына тәнті екенін атап өтті және қос елдің келешегі кемел боларына сенім білдірді.

Лиза Кертис, АҚШ Президенті көмекшісінің орынбасары:

- АҚШ пен Қазақстан басшылары кездесуінің негізгі тақырыптарының бірі экономикалық ынтымақтастық болды. Екі көшбасшы іскерлік оңтайлы ахуал қалыптастырып, Қазақстанға барынша Америка компанияларын  тарту жолдарын талқылады. Мен президенттік делегация құрамында 2017 жылдың тамызында Астанаға ЭКСПО-ға бардым. Ондағы  Халықаралық қаржы орталығы мен инновациялық технологиялар паркінің болашағы жарқын болары сөзсіз. Бұл тамаша жоба. Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі әрі қарай стратегиялық әріптестікке ықпал етері сөзсіз.

Ричард Хоугланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі:

- Тәуелсіздік алған жылдары Президент Нұрсұлтан Назарбаев көпвекторлық дипломатияны құруды қолға алды. Қазақстан Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық одақпен жан-жақты достық қарым-қатынас орнатты. Бұл ел ядролық қаруды таратпау бастамасын қолға алып, экономикалық реформаларды өткізе бастады. 2010 жылы Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқарды және алғаш рет ЕҚЫҰ саммитін өткізді. Астана Сирия мәселесі бойынша да бірқатар келіссөз жүргізуге қолғабыс етті. Әрине, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қазіргі төрағалығын атап өткен жөн. Сөзсіз, бұл әлемдік аренада Қазақстанның беделін айшықтай түсті.

Last modified on