Саясат

Елбасы Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады

Елбасы Қазақстанның Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдады akorda.kz

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Министрлік дінге қандай да бір шектеу қою үшін құрылған жоқ.

Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Бас мүфтиі Серікбай қажы Оразды қабылдау барысында осылай деді. Серікбай қажыны Қазақстанның Бас мүфтиі лауазымына сайлануымен құттықтаған Президент Тәуелсіздіктің арқасында дәстүріміз қайта жаңғырып, ата-баба дінін ұстану мүмкіндігіне ие болғанымызды атап өтті және бүгінде әзірленіп жатқан діни қызмет туралы заңның негізгі ережелерін кең ауқымда түсіндіріп, халыққа жеткізу жөнінде бірлесе жұмыс жүргізудің қажеттігіне баса назар аударды. Бұл ретте ханафи мазхабының дәстүрлі сипатына назар аударып, оның мәнін ұғындырудың маңыздылығы аталды. Ол үшін құран мен хадистерді білетін білікті имамдарды тарту мәселесі қозғалды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 8 желтоқсан күні арнайы жиналыста бірауыздан барлығы сайлады. Мен қолдадым. Көптен бері белгілісің, арамызда жұмыс істеп жүрсің. Сауатың бар, барлық жерде оқып шықтың. Мысырда да, Пәкістанда да, Ташкентте де, бізде де оқыдың. Сабақ бердің. Жанымызда көптен бері жұмыс істеп жүрсің. Қазіргі заманда діни мәселелерге бүкіл дүниеде халықтың, мемлекеттің барлығы көңіл бөлуде. Бізде де мәселелер бар. Өзің білесің, осы күні 2 900-дан артық мешітіміз бар. Онда істейтін 3 700 имамымыз бар. Жартысының жоғары, орта білімі бар. Басқасы курстардан өткен. Бұрынғыдай емес, барлығының білімі бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз, өзің білесің. Сондықтан ұстанымымыз белгілі. Мына Тәуелсіздіктің арқасында Құдайға шүкір, өшіп бара жатқан дінімізді, ата-бабамыздың дәстүрін қайтардық. Бірақ та діни ғылымды, теологияны өздерің жақсы білесіңдер. Мемлекеттің дінге ешқандай қарсылығы жоқ. Барлық халқымызға өзінің діни көңілдегі жүрегін атқаруға жағдай жасап отырмыз. Мешіттер ашылды. Жақында ауылдағы жұмыс істеп жүрген имамдарға жағдайын түзеу үшін әдейілеген қор ашқыздым. Қазірдің өзінде бірталай кісіге көмек көрсетілді. Тек қана әлеуметтік жағдайын қорғау емес, басқа да жағдай бар. Ғылыми жұмыстар, конференцияларды жүргізу, түсіндіру керек. Дүниеде болып жатқан діндердің саласы, қазір мінекей мұсылмандардың өзінің ішіндегі әртүрлі саласы, суннит пен шиитті былай қойғанда, олардың ішіндегі болып жатқан жағдай. Кейінгі кездегі оның бізге жасаған ықпалы, өзің білесің, барлығын. Қанша күрестік, қанша азаматтарымыздың құқығын шектеуге тура келді. Себебі ол – дінге қарсылық емес, сол мемлекеттің негізгі қағидаларын ұстану мәселесі. Мемлекеттің тұғыры мықты болу үшін барлығымыз атсалысуымыз қажет. Оның ішінде қазақ мұсылман болғаннан кейін, мұсылман дінінің орны өте бөлек. Сириядағы жағдай бір жағына қарай шығып келе жатқандығын көріп отырмыз. Ислам мемлекеті өзінің қатарынан қазір бір жағына шықты. Бірақ та олар іріктеліп-іріктеліп келуі де мүмкін. Бізден ол жаққа барған азаматтар бар. Егер де біздің имамдарымыз, мешіттеріміз Құран Кәрімнің сөзін елге жеткізіп, түсіндіріп, оның ішінде елдер аман-есен мешітке барып, дұғасын, намазын оқу үшін не керек? Ел тыныштығы керек. Тәуелсіздік, мемлекет мықты болу керек. Елдің ішінде тәртіп болмаса, әркім болады. Содан кейін біз әдейі министрлік құрдық. Кім болса сол, қалай болса солай бұрып әкетіп, өзінің ойын енгізуге болмайды. Бізге бір саясат, бір дін керек. Басқа елдерде қалай болып жатқанын көріп отырмыз. Нағыз мұсылман елінің орталығы деген Сауд Арабиясының өзінде де діннің жұмыстары басқа болады. Әдейі министрлікпен. Қазақтың Тәуелсіздігі деген бәрімізге ортақ. Барлық қазаққа, Қазақстанның мұсылмандарына ортақ.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстанның Бас мүфтиі:

- Аса мәртебелі Елбасы! Менің өтінішімді қабыл алып, өзіңіздің құзырыңызға бүгін қабылдағаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін! Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Ол – қазақ мұсылмандық тарихи келе жатқан діни мектебіміздің қайта жаңғыртып, соның рөлін арттыру. Сонымен бірге Ислам діні бұл барлық дінді де дұрыс қарым-қатынас жасай отырып, тек қана мейірімділікке, ізгілікке насихаттау керек. Сонымен қатар ел арасындағы, жамағат ортасындағы таза дінитаным түсіністікпен теріс диструктивті көзқарастардан арылу және қасиетті Құран аяттарының түсінігін буквализм танымынан арыла отырып, бүгінгі заманның ағымындағы жаңаша біздің қалыптасқан діни мектебіміз бар. Орталық Азияда, қазақ мұсылмандығы мектебінің, Абу Ханифа мазхабының жолындағы жұмыстарды мейлінше жалғастыра береміз деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мақсат белгілі. Білікті имамдар болса екен деп ойлаймын. Ол бір күнде бола салатын нәрсе емес. Сондықтан білім беру жағына көңіл аудару керек. Содан кейін радикалды көзқарастар дейміз ғой, солармен сөйлесіп, олардың жолы дұрыс емес екенін нақты сөзбен, іспен түсіндіретін адамдар керек. Сіздер, білікті имамдар, оқымысты адамдар өздеріңіздің біліктеріңіз арқылы, Құранды, хадистерді жетік білгендеріңіздің арқасында сол жолдардың теріс екенін түсіндірмесек, жастар қайдан біледі?! Сондықтан кейбір заңнама актілеріне діни қызмет бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз деп отырмыз. Оның барлығы заманға сай болу керек. Дінге ешқандай қысым болмау керек. Сол заң жобасын мұсылмандарға қаратып, қолдатып, бірге қабылдауымыз керек.

Серікбай қажы Ораз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдында тарихи тұрғыдан қалыптасқан дәстүрлі діни мектепті қайта жаңғыртуға байланысты үлкен міндеттер тұрғандығын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Серікбай қажы Ораз, Қазақстанның Бас мүфтиі:

- Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі дер кезіндегі үлкен шешім болды деп ойлаймыз. Өйткені еліміздегі дін саласындағы көптеген түйткілді мәселенің дұрыс, заң аясында өз құқығының нормаларына сәйкес шешілуіне көптеген көмегі тиіп жатыр.

Last modified on