Хабар телеарнасы

Қостанай облысындағы бизнес құрылымдарының салық рақымшылығына ілігу мүмкіндігі бар

Биылғы 1 қаңтардан күшіне енген салық рақымшылығы осы борыш ауыртпалығынан арылуға мүмкіндік береді. Ол үшін басты міндет – салықтың негізгі бөлігін төлеу.

Азамат Игіліковтің үй жиһаздарын шығарумен айналысқанына 15 жылға тақаған. Өз ісінің хас шебері. «Алайда мұндай кәсіппен айналысудың өз тәуекелі де аз емес», – дейді. Кейде тоқтап, кейде жеткізбей жатады. Сондықтан салық рақымшылығын жасау шағын бизнеске әжептәуір қолдау екендігін айтады.

Азамат Игіліков, кәсіпкер:

- Түрлі жағдайларға байланысты уақытылы салық төлей алмай қалатын адамдар көп-ақ. Соның кесірінен айыппұл, өтемпұл салып жатады. Енді оларды жоятын болса, бизнестің дамуына жақсы әсер етеді деген ойдамын.

Облыс бойынша жалпы салықтық қарыз 3,3 млрд теңге болса, оның 82%-ы шағын және орта бизнеске тиесілі. Міне солар осы жыл ішінде негізгі қарызын төлесе ғана өтемпұл, айыппұлдар жойылады. Тағы бір өзгеріс, биыл өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға «бірыңғай жиынтық төлемі» деп аталатын жаңа бір салық түрі енгізілді. Ол ешкімге ешқандай міндет жүктемейді, ерікті түрде жасалады. Төлем жасамаған жеке азаматтар жауапкершілікке тартылмайды.

Бауыржан Ерменов, Мемлекеттік кіріс департаментінің бас маманы:

- Ешқандай декларация толтырмайды. Тіркелуден өту керек емес. Тек қана 2,5 теңге қалада, ауылда 1 200 теңге төлеп отырса, сосын оны корпорация төртке бөледі. Мысалы 40%-ын медициналық сақтандыруға жібереді. 30%-ын зейнетқорына жібереді. Сонда жеке тұлғада еңбек өтілімі де, зейнетақысы да болады, медициналық көмек те алады.

Биыл облыстағы 2 700 шағын және орта бизнес құрылымдарының салық рақымшылығына ілігу мүмкіндігі бар. Алайда олардың басым бөлігінің төлеу қабілеті төмен.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг