Хабар телеарнасы

Соңғы жылдары елде хоккейдің шоқтығы ерекше биіктеді

Айта кету керек, «Барыс» биылғы маусымда 6 елдің 20 командасынан басым түсіп, шығыс конференциясында екінші орынға табан тіреген.

Плей-офф кезеңінің екінші ойыны. «Барыс» пен «Торпедо» арасындағы бұл кездесуде алғашқысы секілді айна-қатесіз басталды. Алғашқы голды да Төменгі Новгород хоккейшілері соқты. Михаил Варнаковтың нәтижелі пасынан кейін Антон Волченков Карллсон қорғаған қақпадан саңылау тапты.

Бұдан кейін айдын иелері қарсыластан үш шайба жіберіп алды. Матч тағдыры осы голмен шешілген секілді болды. Алайда Әлихан Әсетов пен Валерий Ореховтың нәтижелі пастарының арқасында Антон Сагадеев өшкен үміт отын қайта маздатты. Голдың тазалығына «Торпедо» бапкерлері шүбә келтірді.

Бұдан кейін Дмитрий Шевченко, құрлықтық хоккей лигасындағы ең үздік қорғаушы-бомбардир Даррен Диц тағы да мықтылығын дәлелдеді. Ойынның аяқталуына шамамен 1,5 минут қалған сәтте Мэтью Фрэттин ерледі. Көк жолақтың бойынан Бари Браст қақпасына жойқын соққы бағыттап, матч тағдырын овертаймда шешуге шақырды. Барыс хоккейшілері қосымша уақытта да ерледі.

Шабуылшы Роман Старченко көк жолақтың бойынан шайбаны тура тоғыздыққа топ еткізді. Драмаға толы матч 5-4 есебімен айдын иелерінің пайдасына шешілді.

Антон Сагадеев, «Барыс» ХК шабуылшысы:

- Ойынға жылдам гол соғамыз деп шығамыз. Бірақ екінші кездесуде қатарынан өзіміз бірінші болып шайба жіберіп алдық. Қателіктер көп болды. Дегенмен жеңіске жеттік. Жанкүйерлерге алғыс білдіремін.

Кешегі күні қарағандылық «Сарыарқа» командасы да сәтті ойнады. Жоғары хоккей лигасының плей-оффтағы алғашқы кездесуінде қазақстандық клуб «Югра» ұжымын 2-3 есебімен тізе бүктірді. Ойын барысы тартысты өтіп, таразы басы теңесіп тұрғанына қарамастан Виталий Кропачев жеңіс голын соғып, бұл серияда «Сарыарқаны» алға шығарды.

Осы көктем хоккей сүйер қауым үшін ерекше болмақ. Өйткені ертең студенттерден жасақталған ұлттық құрамамыз Красноярск қаласында Универсиададағы алғашқы кездесуін өткізеді. Жігіттеріміз Латвия жастарының осал тұсын табуға талпынады. Жалпы Универсиада тарихында студенттеріміз жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Екі жыл бұрын Алматыда өткен дүбірлі додада отандастарымыз финалда Ресей құрамасынан ғана ұтылып, күміс жүлдені қанағат тұтқан. Енді биыл есе қайтаратын жақсы мүмкіндік туып тұр.

Бұдан бөлек 29 сәуір мен 5 мамыр күндері аралығында Астанада шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Бірінші дивизионның А тобындағы командалар элитаға берілетін жолдаманы сарапқа салады. Ұлттық құрама үш жыл қатарынан үшінші орынды иеленіп, азулы қарсыластармен кездесу мүмкіндігіне ие бола алмай келеді. Бұл жолы олар Беларусь, Оңтүстік Корея, Венгрия, Словения және Литва елдерінің құрамасына қарсы тұрмақ.

Авторлары: Риат Шони, Ержан Рахманбердиев