Сюжеттер

Алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетілді

Алтын құрсақты аналарға құрмет көрсетілді

Көпбалалы отбасыларына әлеуметтік тұрғыдан қолдау көрсету жүйесінде тың серпіліс бар.

Алтын құрсақты аналарға қамқорлық жасау жалғасады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері көпбалалы аналарды мерекемен құттықтап, мемлекеттің әлеуметтік қолдауы туралы түсіндірді. Елбасы айтқан реформалардың нәтижесін алыстағы болашақта емес, бүгін сезіну керектігін мысалға келтіріп, өңірлерде осы бағыттағы жұмысты үйлестіру жайын талқылады.

Халқымыз: «Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді», – дейді. Астанада бас қосқан бұл аналар соның жарқын үлгісі деуге болады. Үш-төрт, кейбірі жеті, тіпті сегіз балаға дейін тәрбиелеп отыр. Оның үстіне тұрақты жұмыс істеп, қоғамдық істерде белсенділік танытып жүр. Солардың бірі – Ақмола облысынан келген Наталья Самофалова.

Наталья Самофалова, көпбалалы ана:

- Отағасымен бірге 8 бала тәрбиелеп отырмын. Алды колледжде оқуда. Өзім мектепте кітапханашы болып еңбек етемін. Жолдасым да жұмыс жасайды. Мен тұратын Шортанды ауданында 325 көпбалалы ана бар. Президенттің оларға қолдау көрсету жөнінде берген тапсырмасын естіп қатты қуандық.

Еңбекте әрі отбасында өзгелерге үлгі болған аналар жиын барысында арнайы сый-сыйапаттарға ие болды. Олардың арасында түрлі этнос өкілдері де бар. Ассамблея осындай мерекелерде ғана емес, ана мен бала, отбасы институтын дамыту бағытында да тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Еліміз бойынша ұйым жанынан құрылған 1700 аналар кеңесі бар. Аты айтып тұрғандай, оның өкілдері әр өзгеріс, мемлекет тарапынан қолға алынған әлеуметтік бастамаларды сол ортада талқыға салып, өңірдегі тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізеді. Қажет кезінде кез келген мәселе бойынша да ел азаматтарына қол ұшын береді.

Бақытжамал Максилова, ҚХА Павлодар облысы бойынша аналар кеңесінің төрайымы:

- Әкімге керек пе, әкімге біз тура кіре аламыз. Бізде кәсіпқорлар бар. Кәсіпқорлардан көмек керек болса материалдық жағынан көмектесетін кісілерді іздеймәз. Көмектеседі.

Бір топ астаналық кәсіпкер аналарға кәделі құрмет көрсетті. Сән әлемінде ісі өрге жүзіп тұрған азаматтар өз өнімдерін мүгедек баласы бар және көпбалалы аналарға тарту етті. Осылайша мереке қарсаңында аналар қауымы бір марқайып қалды.

Айдай Ибраимова, қала тұрғыны:

- Бала күтімімен үйде отырған анамын. Ол кісілер мені өздері тауып хабарласты. Сыйға тартқан көйлек өте әдемі. Түсі де ұнады. Көп рахмет.

Ұйымдастырушылар алғашында 50 адамды марапаттамақ болған екен. Мерекенің ауқымын, оның үстіне ел азаматтарын тәрбиелеп отырған аналардың ерен еңбегін ескеріп, құрмет иелерінің санын екі есеге ұлғайтыпты. Елордадан бастау алған игі іс еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасатын болады.

Авторлары: Ердәулет Байдуллаев, Болатбек Табалдиев, Султан Қалдыбеков