Хабар телеарнасы

А.Гутерриш гендерлік дискриминациямен күресуге шақырды

Ал 1975 жылы БҰҰ 8 наурызды ресми мереке деп бекітті. Жалпы көктем мерекесін жаһан жүзіндегі нәзік жандылар қалай атап өтеді?

Халықаралық әйелдер күні алғаш рет 1911 жылы төрт елде Дания, Швейцария, Австрия және Германияда атап өтілді. Араға екі жыл салып, 1914 жылы олардың қатарына АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланд және Ресей қосылған.

Ал 1975 жылдан Халықаралық әйелдер күні БҰҰ-да аталып келеді. Биыл мереке технологиялар, инновациялар мен ғылымдағы әйел роліне арналған. Мәліметке сай бұл саладағы нәзік жандылардың үлесі әлі де аз. Халықаралық әйелдер күні Ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш гендерлік теңдік және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуді ілгерілетуге шақырды.

Әйел адамның бағы тек қазан-ошаққа байланбауы тиіс. Осылай деген жүздеген нәзік жанды Мадридтің орталық алаңына жиналып халықаралық әйелдер күнін атап өтті. Гендерлік теңдік үшін атой салу, испандық қыз-келіншектердің жылдағы әдеті.

8 наурызда – 8 шақырым жүгіру. Украинада мерекелік күн ерекше спорттық шарамен жалғасын тапты. Киевтің арулары жүгіру алаңына зор ықылыспен және көтеріңкі көңіл-күймен келді.

Мария Карачина, «Қыздар жүгіреді» шарасын ұйымдастырушы:

- Дәл мереке күні біз қозғалыс, жүгіру және спорт арқылы қыздардың сұлулығын паш еткіміз келді. Қыздар белсенді, жігерлі, қуатты болған кезде әдемілігі еселене түседі.

Әр елдің салты басқа. АҚШ-та наурыз айы әйел қауымына арналған деуге болады. 1980 жылы сол кездегі ел президенті Джимми Картер «Әйел тарихының ұлттық аптасын» жариялаған. Содан бері бұл мерекеде жеткен жетістіктер електен өткізіліп, ел тарихында маңызды рөл атқарған әйелдердің батылдығы еске алынады.

La Festa della Donna. Италияда бұл мереке осылай аталады. Елде мимоза гүлі 8 наурыз мерекесінің символына айналған. Ал Солтүстік Кореяда 2013 жылы алғаш рет 8 наурыз демалыс күні болып жарияланды. Африка құрлығында мереке Ангола, Замбия, Уганда, Камерун, Буркина-Фасо, Кения, Эритрея және Мадагаскарда тойланады.

Авторы: Меруерт Жақан