Хабар телеарнасы

Қарағанды облысындағы Тораңғылық ауылында ауызсу жоқ

Тұрғындар тіршілік нәрінің әр литріне 3 теңгеден төлейді. 2011-2017 жылдары мемлекеттік бағдарлама бойынша елді мекенге екі мәрте су тартылғанмен еш нәтиже жоқ. Әу бастан ойластырылмай жасалған шалағай шаруадан қазынаның қаншама қаржысы құмға кетті. Енді оның зардабын жергілікті халық тартып отыр.

500-ге жуық тұрғыны бар Тораңғылық ауылына ауызсу аптасына бір рет Балқаш қаласынан тасымалданады. Оның өзі тегін емес, жұрт әр литрін 3 теңгеден сатып алып отыр.

Гүлжан Мұхтархан, ауыл тұрғыны:

- Суды бізге 25 шақырым жердегі Балқаштан әкеліп сатады. Литрін 3 теңгеден аламыз. Бізде 2018 жылы аудан әкімінің есебі болды. Сонда Тораңғылық ауылы ауызсумен қамтылған деген есеп берілді. Алайда су мәселесі әлі шешілген жоқ.

Ауыл көл жағасында орналасқандықтан мұндағы жұрттың көбі жаз айларында үйін туристерге жалға беріп, табыс табады. «Бірақ судың тапшылығы бұл кәсіпке де тұсау болып отыр», – дейді тұрғындар.

Зура Тоқсанқызы, ауыл тұрғыны:

- Жазғы уақытта аздаған еңбек етейін десең су мәселесі тіпті қиын. Бақша жоқ. Көлдің жағасы болған соң әйтеуір еңбек етіп, үйлер салып, оған адам кіргіземіз. Оның өзінде судың жоқтығы бөгет.

Тораңғылық жұрты сонау 90-шы жылдардан бері ауызсудың азабын тартып келеді. 2011 жылы мұнда 11 млн теңгенің су тұщыту қондырғысы орнатылған. Алайда жылға жетпей істен шығады. Содан 2017 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында қазынадан тағы 77 млн теңге қаражат бөлініп, құбырлар жаңартылады, тұщыту қондырғысы жөнделеді. Бірақ су жоқ. Себебі алып резервуарды толтыруға қысым жетпейді.

Қалыбек Адамбаев, Тораңғылық ауылдық округінің әкімі:

- Мұнара төменгі жақта орналасқан. Оған су жіберу үшін қаншама киловаттық насостар қою керек. Оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Су мұнарасы 50 текше метрлік. Ал су тазалайтын бір сағатта 3 куб қана шығарады.

Осылайша бастапқыда жобалық-сметалық құжатта кеткен қателіктер мен мердігер компанияның жауапсыздығынан жұрт әлі күнге ауызсуға жете алмай отыр. «Енді шала жұмысты шегіне жеткізу үшін тағы қосымша қаржы керек», – дейді ауыл әкімі. Демек, тұрғындарға әлі де бірер жыл күтуге тура келеді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Әсет Асайынов