Хабар телеарнасы

Елбасы мен Президенттің қатысуымен елордада Наурыз мейрамы тойланды

Ал 2010 жылдың 10 мамырында БҰҰ Бас ассамблеясы 21 наурызды «Халықаралық Наурыз күні» ретінде атап өту туралы қарар қабылдады. Яғни Наурыз – шығыстағы шағын халықтардың ғана емес, әлемдік масштабтағы атаулы мереке.

Елордалықтар «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі алдында орналасқан этноауылда әз-Наурызды тойлады. Сол тойға Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев та барды. Елбасы мен Президент елорда қонақтарын және тұрғындарын, сондай-ақ барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бақ-береке тіледі.

Наурыз – береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы. Наурыз – күн мен түннiң теңелiп, табиғаттың ерекше бiр түрге бөленiп, жаңаратын кезi, ел-жұрттың қаһарлы қыстан аман-есен шығып, бiр-бiрiмен құшақ жайып, емен-жарқын табысатын айы. Наурызды әсіресе қысы ұзаққа созылатын арқа жұрты асыға күтеді. Тұтас тарих бедеріндегі тыйымдарға қарамастан бұл көктем мерекесін халық ұмытқан жоқ, керісінше ұлықтап келеді.

Елордадағы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі алдына бейне бір қазақы ауыл келіп қоныстанғандай. Ақшаңқай киіз үйлер, жайраңдаған қыз бен жігіттер мерекенің сәнін, ұлттық ойындар мен тағамдар мерекенің мәнін келтірді. Торқалы тойға Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаев та келді. Елбасы мен Қазақстан Президентін бұл жерде бимен, әнмен қарсы алды. Әйгілі әнші Роза Рымбаева да осында.

Елбасы мен Президент елорда қонақтарын және тұрғындарын, сондай-ақ барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев қолын жайып, қазақтың жеріне тыныштық, халқына бақ тіледі.

Наурыз – шығыс халықтары үшін жыл басы. Ендеше бұл жаңа жыл Қазақстанға, қазақ жұртына ерекше лебімен келді. Мерекеге жиналған жұрт Елбасыға деген қимас-қошеметін, жаңа Президентке деген таза-тілегін жеткізіп жатты.

Торғын Ашенова, «Омбы қазақтары» қоғамдық бірлестігінің өкілі:

- 100 мың қазақ Омбы жерінде тұрады. Бүкіл Омбы жұртынан үлкен сәлемімізді әкелдік. Қазақ еліндегі жұртты Наурызбен құттықтаймыз. Жаңа Президент, қаланың жаңа атымен мақтаныш туып, қуанып отырмыз.

Әйгерім Ерсайынова, «Қорқыт» мәдени орталығының жетекшісі:

- Қазақ елінде осы мейрамды, жаңа жылды қарсы алғаныма қуаныштымын. Біз де әр жыл сайын Францияда елшілікпен қосылып тойлаймыз.

Елордадағы Наурыз тойына шеттен келген қонақтар да, ауылдан келген ағайын да Астана атауының «Нұр-Сұлтан» болып жаңаруын жақсылыққа жориды. Осылайша қиын сәтте ел бастаған Елбасының еңбегін шаһар атымен мәңгі сақтап қалуға қолдау көрсетіп жатыр.

Наурыз – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. Бүгінде біздің қоғамда бұл мерекені жаңа форматта тойлау идеясы айтылып жүр. Әсіресе әз-Наурызды нағыз бүлдіршіндер мерекесіне айналдыру қажет. Алаңда кішкентай балалар көп болды. Олар таза көңілімен туған жеріне жақсылықтар жаудырды:

- Наурыз құтты болсын! Ақ мол болсын!

- Наурыз құтты болсын! Ел-аман, жұрт тыныш болсын!

- Маған өте ұнайды, ұлттық тағам, ұлттық киімдермен жүреді.

- Әр қазаққа наурыз мерекесі ұнайды ғой.

Наурыз мерекесін Қазақстан жұрты ғана емес, күллі шығыс халқы тойлап жатыр. Наурыз мейрамын адамзат қашаннан бері атап өтіп жатқанын тарихшылар да дөп басып айта алмайды, шамамен үшмыңжылдық деп топшылайды. Ал Қазақстан жұрты осымен 30 жыл әз-Наурызды ресми түрде тойлауда. Жаңа жылдан да, жаңа күннен де үлкен үміт күтеді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдос Меделбеков