Хабар телеарнасы

Елбасы шешіміне беделді шетелдік саясаткерлер пікір білдірді

Еліміздің Тұңғыш Президентінің мерзімінен бұрын Президенттік өкілеттігін тоқтатуы бәріміз үшін таңқаларлық жайт болды. Дегенмен байыбын бағамдаған Елбасы барлығы да халықтың болашағы мен үздіксіз дамуы үшін жасалған амал екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі жайлы халықаралық сарапшылар мен белгілі саяси тұлғалар жарыса жазып та, айтып та жатыр.

«Нұрсұлтан Назарбаев – халқының басына қонған бақ құсы». Мұны қазақстандықтар да, өзгелер де айтады. Қызыл сөз емес, расында оның бастамалары мен еңбегіне әлем елдерінің басшылары сүйсінеді. Қазақстанның кешегісі мен бүгінгісіне бажайлап қарасаңыз, көз жеткізесіз. Отыз жыл бойы аса даналықпен ел басқарған Елбасының шешіміне өзгелер қызғанбаса да, қызыға қарайды.

Кэй Карасава, Рицумейкан университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы:

- Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Халықаралық мәселелер тұрғысынан алатын болсақ, Президенттің АҚШ, Қытай, Ресей сияқты үлкен державалардың арасында, оның ішінде ядролық қаруға ие үлкен мемлекеттермен жақсы қарым-қатынастар балансын орнатқаны, сондай-ақ ядролық қаруы жоқ Жапониямен тығыз байланыс ұстануы – өте маңызды жетістік.

Микаэл Золян, Армения ұлттық алқасының депутаты:

- Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – тарихи тұлға. Ол алғаш Президент болған тұста Қазақстан талай қиын-қыстау кезеңнен өтті. Назарбаев өзін көреген басшы, мықты саясаткер, данышпан тұлға ретінде көрсете алды. Батыл бастамаларының арқасында аз уақытта Қазақстан гүлденді.

Бітімгер басшы, сұңғыла саясаткер, парасатты патша. Қалай айтсақ та еліміздің Тұңғыш Президенті бұл сөздерге лайық. Енді ғана Тәуелсіздік алған жылдары Елбасына да, елімізге де күмәнмен қарғандар көп болды. Дүрмекке ермей, айтаққа көнбей көреген басшымыз табанды еңбегімен біздің де алар асуымыздың бар екенін көрсетті. Оның асқақ абыройына біз де, өзге мемлекеттер де тәнті.

Алек Эпштейн, әлеуметтану ғылымдарының докторы:

- Назарбаев 30 жыл бойы Президент болғанда ұлтаралық түсініспеушілік немесе өзге де қақтығыстар болған жоқ. Сол үшін де мен оны қатты сыйлаймын. Сіздердің елдеріңіз Еуразия кеңістігінің алтын көпірі болып қалды. Қазақстандағы дінаралық қатынастар да бір жолға қойылған. Діни экстремизмге мүлдем жол жоқ!

Филип Войтех, Чехияның депутаттар палатасы төрағасының бірінші орынбасары:

- Мен Назарбаевтың бұл шешімін Қазақстанның болашақта тұрақты дамуы үшін жасалған үлкен қадам деп санаймын. Ол ел билеген тұста Қазақстанда біраз әлеуметтік, экономикалық және саяси оң реформалар іске асты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті тек халқының алдында ғана емес, халықаралық аренада да абыройлы екенін жақсы білеміз.

Қанша биіктесе де, халқынан биіктемегенін айтқан Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі – көпке үлгі. Халқының болашағын ойлай білген тұлғаның ісіне көпшілік таңырқай қарағанмен, дұрыс қадам екеніне көз жеткізді. Бастысы Президенттік өкілеттігін тоқтатқанымен, халқынан кеткен жоқ. Игі бастамалардың ұйтқысы, ел үшін жасалатын игі істердің бастаушысы болып қала беретінін айтты. Бір сөзбен айтқанда Назарбаевтың бұл шешімі – кемел келекшек үшін, қазақстандықтардың жарқын болашағы үшін жасалған қадам.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Айбар Төлжанұлы