Хабар телеарнасы

Конституциялық Кеңес Астана атауын ауыстыру ретін түсіндірді

Көпшілік бұл ойды құптап отыр. Олай болса, бұл үдерістің жүзеге асырылу барысы заңға қаншалықты сыйымды? Конституциялық кеңес мүшелері осыны егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Риат Шони, тілші:

- Шынымен де халықтың кей бөлігі Елорда атауын өзгерту Конституцияға сай емес деген пікір білдірді. Осы орайда Әділет министрлігі осы процесті Ата Заң бойынша тізбектеп берді.

Сонымен Ата Заңға өзгертулерді Парламент Конституцияның 53-бабы негізінде енгізе алады. Яғни, Палаталардың бірлескен отырысында Парламент Президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізе алады. 91-бап бойынша Конституцияға түзетулер республикалық референдум арқылы енгізілуі мүмкін. Референдум өткізу туралы бастама құқығы Парламент немесе Үкіметке берілген. Ал оны өткізу немесе бас тарту туралы шешімді Президент қабылдайды. Бұл ретте егер мемлекет басшысы оны Парламенттің қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Елорданы қайта атау туралы Конституцияға түзетулер жоғарыда көрсетілген рәсім бойынша ҚР Конституциясы мен заңдарына сәйкес енгізілді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елорда атауын өзгерту туралы заң жобасын енгізген жоқ. Ол қос палатың бірлескен отырысында ұсыныс жасады. Заң жобасын Үкімет енгізді. Бұған байланысты Конституциялық Кеңес жобасының Ата Заңға қайшы келмейтінін растады. Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкес, Мемлекет тәуелсіздігіне, Республиканың аумақтық тұтастығына, оны басқару нысанына және басқа да негізгі қағидаттарға қайшы келетін өзгерістер енгізуге болмайды. Ал Елорда атауын ауыстыру жоғарыда аталған қағидаттарға қайшы келмейді.

Иоган Меркель, ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі:

- Аталмыш рәсім біздің Конституцияда нақты жазылған. Шынында да, Президенттің өкілеттігін өзіне алған тұлғаның Конституцияға өзгерістер енгізуге, бастамашылық жасауға құқығы жоқ. Олай болған емес. Қасым-Жомарт Тоқаев палаталардың бірлескен отырысында тек ұсыныс жасады. Заң жобасын Үкімет енгізді. Бірақ бұл жағдайда да белгілі бір міндетті рәсімдер бар. Конституциялық Кеңестің қорытындысы міндетті түрде қажет. Ал мәселе тек қаланы қайта атау туралы болғандықтан, біз оң шешім бердік.

Елорда атауын өзгерту бойынша ұсынысты Үкімет жасағандығын айттық. Ал бұл заң жобасын Президент Конституциялық Кеңеске жолдады.

Үнзила Шапақ, ҚР Констуитуциялық Кеңесінің мүшесі:

- Заң нормасын қарап, бұл нормаға қайшы келмейді деген тұжырым жасап, Конституциялық Кеңес өзінің оң қорытындысын берді. Бұл қорытынды Президенттің қолына барғаннан кейін, 91-бапта Президенттің құзыры бар. Бұл: «Заң жобасын референдум арқылы қабылдаймыз ба, әлде Парламент арқылы қабылдауға бола ма?», – деген құзыр. Президент бұл заңның жобасын қарай отырып, Парламент арқылы талқылауға берді. Ал заң шығарушы орган өзінің шешімін қабылдады. Сондықтан Астананың атауын ауыстыру бойынша жасалынған үдеріс конституциялық заңға сәйкес келеді.