Хабар телеарнасы

Наурыз мейрамын әр өңір өз ерекшелігімен қарсы алды

Еліміздің оңтүстігі мен шығысы, батысы мен солтүстігінде дүбірлі той дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, жаңарудың жаршысына айналды.

Шымкент тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін миллионды шаһар атанып, мегаполис болғалы алғаш рет тойлады.

Исамуддин Рысбай, қала тұрғыны:

- Наурыз мерекесі құтты болсын. Ақ мол болсын! Барлық Шымкент халқына, жалпы Қазақстан халқына мынау Наурыз мерекесі жыл он екі ай тек жақсылықтарымен болсын деп тілеймін.

Ал Талдықорған қаласы бүгін нағыз мерекелік көңіл-күйге бөленген. «Жастар» саябағына жайғасқан этноауылдар қаланы тіптен түрлендіріп жіберді.

Меруерт Боранбайқызы, қала тұрғыны:

- Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, Самарқанның көк тасы еріген тұста әз-Наурызымыз келіп жатыр. Наурыз – құтты болсын! Еліміздің іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!

Иә, биылғы Наурыз бұрынғыдан өзгерек. Жаңару мен көктем мейрамын атап өтудің бағдарламасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделген. Орталық жағалауда мақаланың әр қырына арналған жеті бірдей ауыл бой көтерді.

Түркістанда мерекелік шараға жиналған халық алдымен «Наурыз-думан» театрландырылған қойылымын тамашалады. Одан кейін түркі халықтарының «Наурыз» керуені орталық көше бойымен жүріп өтіп, этноауылға келді. Қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату сынды ұлттық ойындар мереке салтанатына сән берді.

Авторлары: Әл-Фараби Серіков, Гүлғайым Ербол