Хабар телеарнасы

Сенат 2019-2021 жылдарға арналған бюджет жобасын Мәжіліске қайтарды

Құжатта биылғы бюджет шығыны 1 трлн 168 млрд теңгеге көбейіп, 11 трлн 895 млрд теңге деп есептелді. Әлеуметтік қамқорлық шараларына 444,3 млрд теңге, «Жас кәсіпкер», «Жас маман» бағдарламаларына 24,6 млрд теңге, инвестициялық даму қорының қызметіне ұлттық қордан 370 млрд теңге қарастырылған.

Бюджет нақты макроэкономикалық көрсеткіштер негізінде түзілген. Мұнай баррелінің құны 55 доллар, ұлттық валюта бағамы 370 теңге деп есептелген. «Ұлттық қорға 2,6 трлн түсім келеді» деген жоспар бар. Жүз күзеліп, түзелетін бюджет қашанда қызу талқыланады.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Ең төменгі күнкөрісті біз заң бойынша 29 698 теңге деп биыл бекіттік. Өкінішке орай, ЕАЭО елдерінде ең төменгі күнкөріс біздің елімізде екен.Осыған байланысты күнкөріс деңгейін жоғарылату ойларыңызда бар ма?

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Nur Otan партиясының съезінде Елбасы: «Бұл – 10 жылдық бағдарлама, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», – деп айтқан болатын. Сондықтан ол кезең-кезеңімен инфляцияға сәйкес көтеріліп отырады.

Бюджеттің 45% халықтың тұрмысын түзеуге бағытталған. Биыл әлеуметтік салаға 5 трлн 155,1 млрд теңге бөлінсе, оның 180 млрд теңгесі әлеуметтік көмекке берілген. Денсаулық сақтауға 774 млрд теңгеден астам, білім беру саласына 12,5 млрд теңге белгіленсе, мәдениет пен спортқа 15 млрд теңге жұмсалмақ. Қаржы бөлінгенімен, оны сапалы игере де білу керек екенін депутаттар ескертті.

Еділ Мамытбеков, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Бюджет қаржысын дұрыс жоспарлап орындамаған бағдарлама басшыларына әкімшілік жаза қолданылуы керек. Экономиканың өсуіне Ұлттық банк заңды тұрғыда жауапты болуы тиіс. Ішкі жалпы өнімнің 20% көлеңкелі экономика үлесінде. Ұлттық қордың ақшасын пайдалана бермей, өзге де қаржыландыру көзін іздеу керек.

Бюджет түсімін молайтудың тағы бір жолы – экспорт әлеуетін арттыру. Депутаттар міндетті дұрыс орындай алмай отырған Сыртқы істер министрлігіне сын тақты.

Дәурен Әділбеков, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Әр елдегі елшілеріміз саяси мәселелерді шешіп, біздің экспортқа кедергілерді жойып, квоталарды көбейтумен айналысуы тиіс. Мәселен, Қытай, Германия, Франция бойынша үш жоба бар. «Осы үшеуі бойынша инвестор ізде» деген тапсырма берілуі керек. Ал өзімізде осы ұсыныстарды нақты бір жауапты орган әзірлесе дұрыс.

Сөйтіп бюджет мәжіліске қайтарылды.

Ольга Перепечина, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

- Президенттің Астана атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту ұсынысы бойынша және Тұңғыш Президент кеңсесін құру, жалақысы төмен бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруді 1 шілдеден 1 маусымға ауыстыру тапсырмаларын орындауға 38,8 млрд теңге қаражат керек. Бұл бюджет тапшылығы есебінен алынады. Осы түзетулер енгізілді.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:

- Бүгінгі қаралған заң жобалар өте маңызды, бюджетке енгізілген түзетулер еліміздің әлеуметтік экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Енді осы жерде сенаторлар айтқан ұсыныстарын қарастырып, бірге талқылап, жұмыстық топтарда бір шешімге келесіздер деген сенімдемін.

Бюджет шығынын бекітіп, түзету кезінде бірқатар проблема анықталған.

Индира Жылқайдарова, тілші:

- Биыл әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы 323,7 млрд теңгеге көбейді. Жаңа әлеуметтік бастамаларға қаражатты Үкімет тағы да Ұлттық қордан алмақ. Ол үшін кепілдендірілген трансферт көлемін де ұлғайтуға тура келді. Бюджет шығынының 23% қаржыландыратын трансферт көлемі биыл 2 трлн 700 млрд теңге болды. Сенаторлар кепілдендірілген трансферт туралы құжатты қабылдады.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Айдос Меделбеков