Хабар телеарнасы

«Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасынан ұтқан қаражат қайырымдылыққа жұмсалды

«Хабар» Агенттігінің тележүргізушілері «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасынан ұтып алған қаражаттарын қайырымдылыққа жұмсады. Елордадағы көпбалалы екі отбасына қол ұшын созып, балаларды базарлығымен қуантты.

Мансұр «Хабар» Агенттігінің тележүргізушілері тарту еткен тәттілердің дәмін татып жатыр. Бабыровтар әулетінің өзге балалары базарлықты өзара бөлісіп, ойнауға кірісіп кеткен. Қасиетті жұмада «Хабар» қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.

Бабыровтар әулетінің елордаға көшіп келгеніне 10 жылдан асқан. Төрт бөлмелі жер үйдің бір бөлмесін 45 мыңға жалдап тұрады. Отбасында бес бала. Отағасы өмірден озған. Сондықтан жанұяны асырау аманаты Жадыра Бабырованың мойнында.

Жадыра Бабырова, көпбалалы ана:

- Біреудің үйін жинап беремін, ақтап беремін. Сондай жұмыстарға барып, өзіміздің нан, ішіп-жейтінімізге ақша тауып отырмын. Қазақстан бойынша осындай қайырымдылық тобы жұмыс жасайтынына өте қуаныштымын. Әрқашан жұмыстарыңыздың жемісін көре беріңіздер. Алланың нұры жаусын!

Ал Жұмағұловтар әулетінде 8 бала тәрбиеленеді. Отағасы жұмыс істегенімен, айлығы шайлығына жетпейді. Анасы бала күтімімен үйде отыр. Үлкен жанұя бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрады. Осы екі отбасына берілген қаржы – «Хабар» Агенттігінің тележүргізушілері Ғани Жапишов пен Саят Жөкенұлының «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасынан ұтып алған ұтыстары.

Саят Жөкенұлы, тележүргізуші:

- Бұл енді біздің көмегіміздің, ниетіміздің тек басы ғана. Соның бір алғашқы кезеңі деп айтар едік. Себебі бұдан былай да басқа мемлекеттік органдарға, қайырымдылық ұйымдарға, қалталы азаматтарға біз осы адамдардың мекенжайларын, телефондарын беріп, әрі қарай қолдау көрсетуге, олардың аяғынан тік тұрып кетуге, балалардың болашағына жақсы мүмкіндік беруге атсалысатын боламыз.

«Хабар» Агенттігінің ұжымы қайырымдылық шараларын ұйымдастыру арқылы жомарт жандарды мұқтаж азаматтарға қолдау көрсетуге үндеп отыр. Ал қайырлы істің қашан да қайырымы бар.

Авторы: Гүлмайра Қуатбайқызы