Хабар телеарнасы

Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтеді

Құрылтайда билік партиясы президенттікке өзінің үміткерін ұсынады. Съезде талқыланатын өзге де мәселелерді партия мүшелері саяси кеңес жиынында қарастырды.

Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезі – саяси әрі ел үшін жауапты науқан алдындағы жиын. Оған аймақтардан 600-ден астам делегат келген. Күн тәртібіне екі өзекті сұрақ шығарылмақ. Негізгісі әрине, партия атынан Президенттік сайлауға қатысатын кандидатты ұсыну.

Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Партия атынан Президенттік сайлауға қатысатын кандидатты ұсыну – билік сабақтастығының маңызды факторы және Nur Otan партиясының Елбасы саясатын ары қарай жалғастыратынын көрсетеді. Жаңа шарттар кезеңінде Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған бағыттың сақталатынының кепілі болмақ.

Съез алдындағы мәселелерді нұротандықтар саяси кеңес отырысында пысықтады. Барлығын мазалаған бір сұрақ: сайлаудан кейін Елбасы ұстанған бағыт-бағдар ары қарай жалғасын таба ма?

Ерлан Садықов, Nur Otan партиясы саяси кеңесінің мүшесі:

- Nur Otan партиясы өзінің кандидатын ұсынады. Бұл елімізде өтпелі кезеңнің тұрақтылығын, саяси курстың өзгермейтіндігін көрсетеді. Сонымен қатар Елбасы белгілеген, алға қойған мақсаттардың барлығы жүйелі түрде, уақытында орындалатындығының кепілі деп білуіміз керек.

Жанәділ Оспан, Nur Otan партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Nur Otan – қай кезде де сайлауалды бағдарламасын ұсынып, жалпы халықтың, Елбасының сенімді серігіне ие болып келе жатқан партия. Сондықтан кез келген уақытта біздің партиямыз сайлауға дайын. Партия тиімді әрі мақсатты бағдарламасын халыққа ұсынып келеді.

Егеменді елді түзуде Елбасының атқарған рөлі маңызды. Жиынға келген делегаттардың пікірлері бір арнада тоғысуы да осыдан. Соңғы жылдары Елбасы бастамасымен қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға екпін беріле бастады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін арттырды, баспанамен қамту жайы шешіле бастады. Ел болашағы жастардың өзекті мәселелері шешімін таба бастады. Биылғы жыл Елбасы бастамасымен Жастар жылы деп жарияланды.

Бақтияр Мәкен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Партияның басты мақсаты – осы әлеуметтік мәселелерді шешу. Партия Төрағасының берген тапсырмаларын Үкімет, біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары, басқа да қоғамдық азаматтар осыған атсалысып, еліміздің дамуына үлес қосады деп сенемін.

Ғалиасқар Сарыбаев, Nur Otan партиясы саяси кеңесінің мүшесі:

- «Мұнараның жарығы табанына түспейді», – дейді. Елбасымыз мұнара ғой. Елбасымызды бүкіл әлем таниды. Елбасы десе бүкіл Қазақстанды әлем таниды. Елбасының еңбектері, жемістері болашақта көп айтылатын болады. Тәуелсіздік алған жылдары жоқтан бар жасады. Әлемге танытты. Экономикамызды көтерді. Көптеген реформа жүргізді. Осының барлығы жай ғана сөзбен емес, күшпен келді.

Айта кету керек, маусымның 9-ы күні өтетін Президенттік сайлауға Nur Otan партиясынан қатысатын кандидаттың есімі съезде жарияланады. Партия Жарғысының 9.1 тармағына сәйкес ұйымның жоғары басшылық органы үміткерді ұсынады. Кандидаттың есімін Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялайды.

Авторлары: Риат Шони, Әлібек Әлиев