Хабар телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев лингвистикалық комиссия сынағынан өтті

Nur Otan партиясының атынан ұсынылған үміткер сынның үш кезеңінен де сүрінбей өтті. Жазбаша тапсырмасында Қасым-Жомарт Тоқаев Абай шығармашылығына қалам тербеп, кейін Шерхан Мұртазаның әңгімелерін нақышына келтіріп оқыды. Ал көпшілік алдында 15 минут сөйлеуге үміткер өзіне жақын «Қазақстанның геосаясаттағы орны» тақырыбын таңдады. Емтихан қорытындысы бойынша комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков кандидаттың жұмысынан мін таппадық деп, оның мемлекеттік тілді меңгеру деңгейіне жоғары баға берді.

Мырзатай Жолдасбеков, Лингвистикалық комиссия төрағасы:

- Шығарма жазғанда Абайдың поэзиясы, қара сөздері, оның жалпы халыққа беретін маңызы туралы ой толғады. Бұл жұмыстан қате көргеніміз жоқ. Шерхан Мұртазаның «Мыңбұлақ» әңгімелер мен хикаяттар жинағының 3 бетін оқыды. Қазіргі Қазақстанның геосаясаты жайында кең толғады, терең сөйледі. Жалпы біздің лингвистикалық комиссияның берген қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік тілді толық, жан-жақты меңгерген.