Хабар телеарнасы

Қазақстан мен Мажарстан жаңа инвестициялық жобаларды қолға алады

Мәртебелі қонақты Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Кездесуде екі ел арасындағы саяси-экономикалық, мәдени байланыстарды нығайта түсу мәселелері талқыланды. Биыл Қазақстан мен Мажарстанның стратегиялық серіктес болғанына 5 жыл толды. Венгрия – Шығыс Еуропадағы біздің ең жақын серіктесіміз. Өткен жылы арадағы сауда-саттық 139 млн доллардан асты.

Виктор Орбан қазақтың қонақжайлылығымен жақсы таныс. Венгрияның Премьер-Министрі лауазымында Қазақстанға үшінші мәрте келіп отырған саясаткер соңғы сапарында: «Еуропа елдерінде өзімді бөтен сезінемін, Қазақстанға келсем өз үйімде жүргендей боламын», – деп ағынан жарылған. Қазақты «туыспыз» деп жақын тартатын азаматты Ақорда сән-салтанатымен қарсы алды.

Көк туға тағзым етіп, Президент пен Премьер біраз сөйлесті. Биыл Қазақстан мен Мажарстанның стратегиялық серіктес болғанына 5 жыл толды. Венгрия – Шығыс Еуропадағы біздің ең жақын серіктесіміз. Өткен жылы арадағы сауда-саттық 139 млн доллардан асты. Десе де мүмкіндіктерді ескерсек, бұл – тым аз көрсеткіш. Мәселен, жыл бұрын алыс-берісіміз 156 млн-нан асатын. Кемуді ескеріп, Виктор Орбан олқылықтың орнын толтыруға арнайы келсе керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы, сондай-ақ Еуропалық Одақ аясындағы негізгі әріптесіміз деп санаймыз. Елдерімізді саяси және экономикалық мүдделерімізбен қатар, халықтарымыздың ортақ тарихи тамыры біріктіретінін айрықша ризашылықпен атап өтемін.

Тарихи тамыр қыпшақтардан бастау алады. Венгрияда 100 мыңнан астам мажар қыпшағы бар. Ал ол Одақтың құрметті лидері біздің Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екенін біреу білсе, біреу білмейді. Екі ел арасындағы тығыз байланыстың тағы бір белгісін айтсақ, Будапешт орталығында Астана деген көше бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл өзара байланыстардың дамуына орасан зор үлес қосқан Елбасының ерең еңбегінің кеңінен мойындалғанын көрсетеді. Бүгін біз Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбанмен өзара іс-қимылдардың сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларындағы басым бағыттарын белгіледік.

Венгрия Премьер-Министрінің бұл ресми сапары Қасым-Жомарт Тоқаевпен жақын танысумен қатар, бизнеске қатысты көп сұрақтың басын ашып алуға бағытталған. Ресми Будапешт Қазақстанның табиғи таза өнімдерін импорттауға мүдделі. Қазір Ақтөбе, Жамбыл облыстарында Қазақстан-Мажарстан бірлескен кәсіпорындары ауыл шаруашылығы саласында нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Тағы бір сүт зауытының құрылысы басталып кетті. Еуропадағы Венгрияның Азиядағы Қазақстанға ден қоюының өз себептері бар.

Виктор Орбан, Венгрия Премьер-Министрі:

- Азия мен Шығыс үздіксіз дамып келеді. Ал біз Батыста, осы дамуға қалай ілесуге болады деп бас қатырып отырмыз. Бұл мүлдем жаңа үрдіс, және осы жағдайда әр ұлт өз орнын айқындап алуы керек. Осы бағытта Венгрия Шығыстағы, оның ішінде Орталық Азиядағы тарихи байланыстарын жандандыруға мүдделі. Біздің туыстығымызды ескере отырып, экономикалық-дипломатиялық серіктестігіміздің мәдени негізі бар деуге болады.

Қазақстандық студенттер үшін жетекші оқу орындарынан 250 грант берген Венгрия жастар екі ел арасындағы достық елшілері болады деп сенеді.

Жалпы Виктор Орбанның бұл ресми сапарын үлкен инвестициялық форумға қолайлы жағдай жасаудың талпынысы десе болады. Арадағы сауда-саттыққа қан жүгіртетін негізгі келісімдер де сол форумда жасалуы тиіс.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- Виктор Орбанның ресми сапары осымен аяқталғанымен, Венгриядан келген делегация Қазақстанда тағы бірнеше күн кідіреді. Себебі сәуірдің 29-30 күндері Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан-Венгрия стратегиялық кеңесінің үшінші отырысы өтеді. Оған Мажарстанның 100 кәсіпкері қатысады деп күтілуде. Бұл туралы уағдаластық өткен жылы Будапештте жасалған. Сәтін салса, қазаққа бауыры бұрып тұратын Мажарстанды Қазақстанмен ортақ инвестициялық жобалары одан әрі жақындата түсуі керек.