Хабар телеарнасы

Елбасы Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шараға қатысты

«Сан ұлттың салты, тілі, ділі бірігіп, бір мемлекетке ұйысуы – шын бақыт», – деді Елбасы. «Бақты бағалай білу керек. Қазақстанның көпұлтты болуы – тарихтың жазғаны. Сондықтан қазақ деген ел өзге ұлттарға ұйытқы болып қала береді», – деді Тұңғыш Президент.

Бірлік күні мерекесінің қысқаша тарихына тоқталсақ, елімізде 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол жылы Нұрсұлтан Назарбаев қаулы шығарып, 1 мамырда тойланып келген Еңбек күнін Қазақстан халқының бірлігі күні қылып өзгертті. 23 жыл қатарынан мемлекеттік мерекені жүзден астам ұлт ел болып тойлайды. Ән айтады, би билейді, қуанышына ортақтасқанның әрбірін ұлттық тағамына тойдырады. Ұлты бөлек болса да, бұл күнде барлығы бірдей ұстанатын дәстүр бар. Асты ең алғашқы болып үлкен адам алуы тиіс.

Елбасы ешкімнің қолын қайтармайды. Дәм татады, алғысын айтады. Әнін тыңдап, ұлттық биін де тамашалайды. Мәдениет пен өнер – ұлттардың арасындағы шекараны жойып, жақындастыратын құрал. Мерекелік сахнада қойылған бұл қойылым – Қазақстан халқының бірлік биі.

Қуанышқа ортақтаса білген ел қиын-қыстау күнде де ынтымағынан айырылмайды. Бірлік биінің де, мемлекеттің де көздегені бір.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Еліміз түрлі қиын-қыстау жағдайдан кең байтақ даламызды сақтап қалып, бізге аманат етті. Осы бірліктің арқасында біз тәуелсіз Қазақстан құрдық. Ата-бабаның аңсаған арманын орындадық. Мәңгілік ел деген ұғым болды. Оның барлығы тәуелсіздігімізді мәңгілік жасау үшін қазақ қанын аямай сақтайды деген сөз. Сол қағидаға адал болайық. Ата-баба аманатын орындайық. Осы жылдардың ішінде жеткен жетістіктеріміздің барлығы – елдің бірлігі, халықтың арасындағы тыныштықтың арқасы.

Қазақстанның көпұлтты болуын қайсібір елдер кемшілікке балағаны жасырын емес. «Атамекендерінен қуылған сан ұлт қазақ жеріне сіңісе алмай, берекесі қашады» деп шолақ пікір айтылып жатты. Бірақ біреуге кемшілік болып көрінгенді тәуелсіз Қазақстан керісінше, іргесін бекем етуге пайдалана білді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Біз тарихта көпұлтты, көпэтносты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ. Тарих солай, өмір солай болды. Әркімнің өнері, биі, сөзі басқа. Соның барлығын қосқанда қандай керемет болады. Елдің әр қыры, әр сыры жиналғанда керемет емес пе?! Сондықтан біз өзімізді бақытты елміз деп санауымыз керек.

Адам бақты қонғанда емес, ұшқанда біліп жатады. Оған тарих куә. Мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Қазақстан – бағын бағалап қана қоймай, берекесі қашқан елдердің қайта ел болуына атсалысып жүрген аз мемлекеттің бірі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- Благодаря независимости мы достигли всего того, что мы имеем. Мы стали известным в мире государством, авторитетным. Нам доверяют. Мы мирим тех, кто сражается между собой. И вообще, что творится вокруг, вы все видите. Я поздравляю вас с этим светлым праздником, всех казахстанцев. Во-первых, хочу, чтобы мы берегли это единство, во-вторых, я желаю каждому дому, каждой семье крепкого здоровья, благополучия, счастья и уверенности в завтрашнем дне. С праздником!

Ел бірлігін сақтау – бабаның да, Елбасының да бізге айтқан аманаты. Бұл аманатты санасына тек қазақ емес, қара шаңыраққа жиналған барлық ұлт бір адамдай түсінеді.

Блиц:

- Құрметті қазақстандықтар және Қазақстанда тұрып, еңбектеніп жүрген бүкіл дүние ұлтын бүгінгі мейраммен шын жүрегіммен құттықтаймын!

- Шаңырағымыздың астында бейбітшілік, достық мәңгі жасасын!

- Бүгінгі мейрам қазақ еліне құтты болсын! Алла тағала тек жақсылық әкелсін! Осындай күндеріміз көп болсын!

Бірлік, ынтымақ, бейбітшілік сөздері қай тілде айтылса да түсінікті.

Азамат Алдоңғаров, тілші:

- 130 ұлтты бір шаңырақтың астына біріктіріп, көп этносты бөлінуге емес, бірігуге ұтымды пайдаланған қазақстандық модельді күллі ел мойындады. Ширек ғасырға жуық нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан ҚХА Елбасы Н.Назарбаевтың ішкі саясатта ұстанған бағытының дұрыстығын сан мәрте дәлелдеді. Еліміздің 1 мамырда Қазақстан халқы бірлігі күнін тойлауы да – осы бағытқа беріктігінің белгісі.

Авторлары: Азамат Алдоңғаров, Әлібек Әлиев, Айдос Меделбеков