Хабар телеарнасы

Ақтауда соғыс жылдары ұшақ тізгіндеп, жау шебін бомбалаған батыр әже тұрады

Маңғыстау мен Атыраудың қара алтынын игеруге атсалысып, «Барлаушы ханшайым» атанды.

Қамқа Үмбеталина бейбіт өмірдің қадірін ерте түсінді. Ол небәрі 18 жасында от кешті. Әскери оқу-жаттығудан өткен бойжеткен жауға қарсы әуеден шабуыл жасау үшін ІV Украина ұрысына жіберіледі. Қаршадай қыз ауыр бомбаларды ұшақтарға қолмен тиепті. Оның негізгі қызметі – жойқын жарылғыш заттарды жау жеріне лақтыру. «Жастықтың әсері ме, ештеңеден қорықпаймыз, ойымызда тек Отанымызды жау қолынан қалай да аман алып қалу болды», – деп еске алады Қамқа әжей.

Қамқа Үмбеталина, соғыс ардагері, құрметті мұнайшы:

- Парашюттен секіруді де үйретті. Сосын парашютпен секіргенде, я болмаса ұшаққа оқ тиіп құлағанда, еш уақытта қорықпау керек деді. Есін жоғалтпай құлаған адам тірі қалады деген болатын. Әрбір екінші жауынгер ерлікке дайын еді, сондықтан да жауды жеңдік.

Қария жеңісті Қиыр Шығыста қарсы алады. Алайда ол үшін соғыс мұнымен бітпейді. Жауынгер қыз жапондарға қарсы ұрысқа да араласты. Бірде жау жеріне бомба тастап, қайтып келе жатқанда ол мінген ұшақтың моторына оқ тиеді. Экипаж мүшелері жау қолына түсіп қалмау үшін Кеңес жеріне жеткенше жанып жатқан ұшақта отыра берген. Тек ел аумағына кірген соң ғана парашютпен жерге түскен.

Қамқа Үмбеталина, соғыс ардагері, құрметті мұнайшы:

- Іші аю мен жолбарысқа толған Тайгаға түстік. Менің парашютім ағашқа ілініп қалды. Ілініп қалғаны жақсы болды. Себебі кеш болған. Жерге түссек жолбарыстар жеп қояды ғой бізді. Тамыз айы. Бір уақытта қасында үлкен иті бар шал келе жатты. Айқайладым. Солай аман қалдым.

Соғыстан кейін Қамқа Үмбеталина қазақ мұнайын игеруге атсалысты. Кейуана тағдырдың жазуымен жолдасы мен жалғыз ұлынан ерте айырылды. Алайда елі үшін от кешкен қарияны халқы жалғызсыратқан емес. Әлеуметтік қызметкерлер күн сайын қолұшын берсе, жас мұнайшылар ақыл сұрап, жиі хабарласады.

Гүлмира Әбішева, тілші:

- Соғыс кезінде майданға Маңғыстаудан 6 мыңнан астам жауынгер аттанып, олардың 4800-ге жуығы елге оралмады. Жеңіске жету жолында қасық қаны қалғанша күрескен майдангерлердің ерлігін паш ету үшін Мәңгілік алау маңына «Мәңгілік даңқ» тақтайшасы орнатылды. Мұнда аймақ тұрғындары аталары мен апаларының суреттері мен ерлігі туралы естеліктерін іліп жатыр. Сіз де іліңіз, жас ұрпақ батыр бабалардың ерлігін біліп жүрсін!

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев