Хабар телеарнасы

«Хабар» телеарнасы: «Topjarǵan» музыкалық шоуының іріктеуі басталды

«Topjarǵan» музыкалық жобасының ІІ маусымы көрерменге жол тартады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты жастардың бағын ашатын музыкалық шоуға іріктеу жүріп жатыр. Жас таланттар арасындағы жекпе-жектің биылғы жаңалықтары аз емес.

«Topjarǵan» тобын жаратын кезекті талантты іздеу басталды. Көрерменнің ықыласына бөленген музыкалық шоудың ІІ маусымына іріктеу жүріп жатыр. Елордадан басталған іріктеу Алматыға да жетті. Үміткерлер бар өнерін көрсету үшін кезекке тұрған. Жобаға 80-ге жуық үміткер жолдама алады.

Айдос Абу, жобаға қатысушы:

- Осы шоудың І маусымын көрдім. Жобаның ерекшеліктері қатты ұнады. Сол себепті ІІ маусымына қатысуға келіп отырмын. Жоба туралы Данагүл деген журналист апайдың парақшасынан көрдім.

«Topjarǵan» музыкалық шоуының алғашқы маусымы көрермен көңілінен шықты. «Ал ІІ маусым бұрынғыдан да қызық әрі жан-жақты болады», – дейді ұйымдастырушылар. 105 минутқа созылатын, 12 кезеңнен тұратын жобаға жаңалықтар да енгізілген. ІІ маусымда қатысушылар музыкалық аспаптарды қолдана алады.

Ерлан Бекчурин, музыкалық продюсер:

- Иә, музыкалық тосын сыйлар болады. Себебі биыл тек қана әншілер емес, кастингке қатысып жатқан инструменталистер де бар. Сол себепті музыкалық аспаптармен біріктірілген жақсы қойылым шығарамыз деп ойлаймын.

Айта кетейік, «Topjarǵan» музыкалық шоуына қатысушылар жеңімпаздар тұғыры үшін өзара жекпе-жек жасайды. Әр кезеңде оза шапқан төрт қатысушы жеңімпаздар тұғырына жайғасады және сол орынды қорғауы керек. Дәл осылайша соңғы кезеңге жеткен қатысушылардың өнерін көрермен дауыс беру арқылы бағалайды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов

Жарнама орналастыру жөніндегі сауалдар бойынша байланыс телефон нөмірлері: 8/7172/ 757 554, 757 556