Сюжеттер

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ басшыларының отырыстарына қатысады

Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ басшыларының отырыстарына қатысады

Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне ресми түрде кіріскеннен кейінгі алғашқы сапарын Қырғыз Республикасынан бастады.

Президент Бішкекке Шанхай сегіздігінің саммитіне қатысу үшін арнайы барды. Онда Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан және Пәкістан басшылары бас қосады. Сондай-ақ жиынға Беларусь, Иран, Моңғолия және Ауғанстан Президенттері бақылаушы ретінде қатысады. Саммитте ақпарат, спорт, денсаулық сақтау және халықаралық байланысты нығайтатын 20 шақты құжатқа қол қойылып, Бішкек декларациясы қабылданбақ.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- ШЫҰ мемлекеттер басшылары кеңесінің бірінші күні өтпек. Яғни халықаралық құрылымға мүше елдердің басшылары Қырғыз Республикасының астанасына жиылған сәт. Оны қаладағы қауіпсіздік шараларынан анық аңғаруға болады. Жалпы бұл күндері Бішкекке келген мәртебелі меймандар көп. Демек, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы маңызды пікір алаңын ұсыну қажет. Қырғыз елі бұл міндетті абыройлы атқарып жатыр.

Қырғыз астанасы ШЫҰ саммитіне қызу дайындалған. Тақтайдай тегіс жолдары мен жасыл-желекке оранған саябақтары бірден көзге түседі. Ал басты даңғылдарына ілінген Қазақстан, Ресей, Қытай сынды елдердің тулары мұнда ауқымды халықаралық жиын өтетінін айғақтап тұр. Қырғыз көшбасшысы Сооронбай Жээнбеков мәртебелі меймандарды қарсы алды. Бас-аяғы 12 мемлекеттің басшысын мемлекеттік резиденциясында күтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдегі ауқымды жиынға алғашқылардың бірі болып жетті.

Сооронбай Жээнбеков таяуда елордада өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысып, қос елдің Президенті екеуара жүздескен болатын. Енді оңаша отырып, пікір алмасатын тағы бір сәт туды. Бішкекте өтіп жатқан саммит екі елдің достығы мен ынтымақтастығын арттыруға септігін тигізуі тиіс.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:

- Cізді сайлаудағы жеңісіңізбен құттықтаймын. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас бұдан әрі де нығая түсетініне сенім білдіремін.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ұлықтау рәсімінен кейін Бішкек қаласында кездесуіміз – жақсылықтың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселесін талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз – сол келісімдерді жүзеге асыру.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ШЫҰ мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысуы еліміз үшін аса маңызды болып табылады. Бұл бірлестік денсаулық сақтау мен жаңа технологиялар саласында байланысты бекемдеп, Астана халықаралық қаржы орталығына инвестиция тартуға зор мүмкіндік береді. Шанхай сегіздігі биыл да қауіпсіздікті арттыру жолдарын талқылайды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан Президенті Мұхаммед Ашраф Ғанимен кездесуінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сізбен Бішкекте кездесіп отырғаныма қуаныштымын. ШЫҰ алаңы – өте маңызды жиын. Бірлесіп жұмыс істеуге таптырмас мүмкіндік береді. Біз Ауғанстанмен дос елміз. Кей бағыттар бойынша көзқарастырымыз да ұқсас.

Мұхаммед Ашраф Ғани, Ауғанстан Ислам Республикасының президенті:

 - Сізді алдымен сайлаудағы жеңісіңізбен құттықтаймын. Қазақстандықтар бұл саяси додада дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Себебі Сіз өте білікті саясаткерсіз. Аймақтық және әлемдік деңгейдегі беделіңіз жоғары.

Ал сауда-саттық және тауар тасымалы саласындағы әріптестік Мемлекет басшысының ҚХР төрағасымен кездесуінде айтылды. Яғни саммит алаңы мемлекеттердің өзара ынтымақтастықты арттыруына жол ашып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Төраға мырза менің Президент болып сайлануыммен құттықтағаныңыз үшін алғыс білдіремін. Сіз жолдаған құттықтау хатты оқыдым. Саяси науқанның қорытындысын елімнің маған деген сенімі деп білемін. Сондай-ақ бұл жетістікті жақын досыңыз Елбасы саясатын қолдайтынын білдіреді. Президент ретінде сабақтастық, даму және әділдік сынды үш басымдықты таңдап алдым. Көршілес елдермен, оның ішінде Қытаймен әріптестікті арттыру да маңызды міндетім деп ойлаймын.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің кездесуі келешекте көптеген мәселені шешуге ықпал етуі мүмкін. Қазір әлемдегі екінші экономикамен байланысты бекемдеу қаншалықты маңызды екені түсінікті. Оған бір себеп – Қырғызстан мен Өзбекстанның бірлесіп, жер аумақтары арқылы Қытайдан Еуропаға тікелей теміржол салу ұсынысы. Көптеген жыл бұрын көтерілген мәселе осы жолы шешімін табуы мүмкін.

Марат Қазақбаев, саясаттанушы:

- Біздің елдің Президенті ҚХР төрағасынан Қырғызстан арқылы теміржол салу немесе салмау мәселесінің шешімін сұрайды. Себебі қаржыландыру солардың тарапынан болады. Өзбекстан да осы істің аяқсыз қалмағанын қалайды. Бірақ бұл бастама Қазақстанның «Нұрлы жолына» бәсекелес болады.

Биылғы саммитке Үндістан мен Пәкістанның премьер-министрлері де қатысады. Сарапшылардың айтуынша, бұл мемлекеттермен әріптестіктің тиімділігі зор. Себебі солтүстіктен оңтүстікке бағыт алатын тағы бір сауда жолы пайда болуы мүмкін.

Марс Сәриев, саясаттанушы:

- Қасым-Жомар Тоқаевтың тарапынан маңызды бастамалар көтеріледі деп ойлаймыз. Мәселен, Жібек жолынан бөлек, «Солтүстік – Оңтүстік» идеясын ілгерілетуі ықтимал. Сол арқылы Ресей – Қазақстан – Қырғызстан – Тәжікстан одан әрі Пәкістан және Үндістан бағыты бойынша тауар тасымалдауға мүмкіндік пайда болады. Қасым-Жомарт Тоқаев – жан-жақты саясаткер. Оның жаңаша бастамалар көтеретініне сенімдіміз.

ШЫҰ – Қытай бастамасымен құрылып, сол елдің ғана көсегесін көгертетін бірлестік емес. Бұл – әрбір мемлекеттің мүддесі ескерілетін алаң. Президент үшін алда тағы бір маңызды күн бар. Себебі ШЫҰ мемлекет басшылары шағын кейін кеңейтілген құрамда кеңесіп, 20-ға жуық құжатқа қол қоюы тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Антон Балтрушевич, Алмас Омарғалиев