Сюжеттер

Мемлекет басшысының барлық әлеуметтік бастамасы орындалуы тиіс

Мемлекет басшысының барлық әлеуметтік бастамасы орындалуы тиіс

Кезектен тыс президенттік сайлау еліміздің заңдарына сәйкес барлық талапқа сай өтті.

Енді халық таңдаған Президент сайлауалды бағдарламасын іске асырып, әлеуметтік салаға баса назар аударуы тиіс. Сайлау нәтижелерін қорытындылаған «Қазақстан-2050» демократиялық күштердің ұлттық коалициясының мүшелері осылай дейді.

Азаматтық қоғамның түрлі әлеуметтік топтары мен жалпы халықтың мүддесін көздеген коалиция Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдап отыр. Елдегі жетекші саяси партиялардың ҚХА мен қоғамдық бірлестіктердің төрағалары: «Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы толығымен іске асуы керек», – дейді.

Мәулен Әшімбаев, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Мемлекет басшысы атап өткендей, біртұтас ел болып қалу – біздің басты бағдарымыз. Жұдырықтай жұмылып, қоғамның барлық өкілін, оның ішінде жастарды да диалогқа шақырып, бірігіп әрекет етсек қана көздеген мақсаттарға қол жеткізетініміз анық.

Басқосуда Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастамасы да қызу талқыланды. Беделді ұйымның айтары бар мүшелері мұны толығымен қолдайды. Яғни бұл кеңес билік пен халық арасында сенімді диалог қалыптастырмақ. Одан бөлек: «Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған барлық тапсырмасы орындалуы тиіс», – дейді жиналғандар. Ол үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын.

Бақытжан Әбдірайым, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:

- Қасым-Жомарт Кемелұлы ең бастысы халықтың әлеуметтік жағдайын, табысын көтеру керектігін тікелей айтты. Сол себептен біз осы ұсыныстарды толық қолдап отырмыз. Қазіргі таңда халықтың пікірі, ойы бар екенін сайлау көрсетті. Сондықтан осы ойларды бір жерге жинақтап, соның ішіндегі өзекті мәселелердің шешу жолдарын табу керек.

Жиын соңында қазақстандықтарға арналған үндеу қабылданып, оны барлығы бірауыздан қолдады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Өмірбек Изимов, Нұрғали Мамырбаев