Сюжеттер

ШЫҰ-ның экономикалық қылмыстарға қарсы органы құрылады

ШЫҰ-ның экономикалық қылмыстарға қарсы органы құрылады

Нұр-Сұлтан қаласында теміржол компанияларының кеңесі өткізіліп, көлік тасымалына қатысты маңызды мәселелер көтеріледі.

Бұл туралы Бішкекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Шанхай сегіздігінің саммитінде белгілі болды.

Қырғыз бен қазақ – бір туған. Ауылы аралас, қойы қоралас. Осы Алатаудың екі бетіне жағалай қонған қос елдің бірі Қырғызстанда ШЫҰ мүше мемлекеттердің басшылары бас қосты. Бұл жиынның бір басым тұсы мүше елдердің адам саны 3 млрд-қа жуықтайды. Демек, дүниенің жартысына жуығы Шанхай сегіздігін құрап отыр. Оған бақылаушы мәртебесіне ие Беларусь, Моңғолия, Иран және Ауғанстан халқын қосыңыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қабылданатын шешімдер мен қол қойылатын құжаттар ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. ШЫҰ басты міндеті – өзара сенімді арттырып, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бірлескен іс-қимыл арқылы достық пен тату көршілік қарым-қатынасты арттыра беруіміз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми түрде қызметіне кіріскеннен кейінгі алғашқы сапары Қырғыз елінен басталды. Сооронбай Жээнбеков шағын құрамдағы отырыста ең алдымен осыны атап өтті. Яғни Мемлекет басшысын сайлаудағы жеңісімен құттықтап, жауапты қызметіне сәттілік тіледі. Жалпы қырғыз тарапының саммитке қатысушы елдер арасында бізге деген ықыласының ерекше екенін байқауға болады. Мұның өзіндік жөні бар.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

- Бұл Қырғызстанның зиялы қауымын қуантып отыр. Себебі Елбасы бастамашылық еткен Орталық Азияның ынтымақтастығы, түркі елдерінің достығы сынды ұғымдар сабақтастық тауып жатыр. Оның үстіне биыл Қырғызстан – түркі кеңесінің іс басындағы төрағасы.

Қазақ пен қырғызды біріктіретін байланыс көп десек, соның бірі – тарихи тамырластық. Саммит алаңында киіз үй үлгісінде жасалған баспасөз орталығы сол ерекшелікті айғақтап тұр. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының 500-дей өкілі осы жерден жаңалық таратты. Үндістан мен Пәкістаннан келгендердің қарасы қалың. Бұл мемлекеттің басшылары биыл ұйымның толыққанды мүшесі ретінде саммитке қатысып отыр.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Алатау бөктеріндегі әсем көрініс, саф ауа және самал жел бәрі-бәрі қонақтардың көңілінен шығып жатқаны байқалады. Биылғы саммит Ала арча мемлекеттік резиденциясында өтіп жатыр. Бұл маңда Қырғызстанның қазіргі және бұрынғы президенттері тұрады, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі шаралар өткізіледі. Саммитке келген мәртебелі меймандар да осында тоқтаған екен. Мәселен, мына тұста оңаша мұнартып тұрған қонақжай осы күндері Беларусь Президентіне тиесілі. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың қонақжайы сәл жоғарырақ орналасқан.

Шанхай сегіздігі саммитінің күн тәртібінде бірлестік аясын кеңейту, Моңғолия және Иран сынды елдерді ұйымға мүшелікке қабылдау мәселелері қаралды. Сондай-ақ халықаралық интеграциялық құрылымдармен байланысты нығайту ортақ жоспарға енді. Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД кеңесі төрағаларының бұл жиынға арнайы шақырылуы сондықтан. Қазақстандық тарапы Еуропа мен Азиядағы әрбір интеграциялық бірлестікпен байланысты нығайту қажеттігін айтады. Бұдан өзге ұзақмерзімді достық пен әріптестік құжатын толыққанды жүзеге асыру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- ЕАЭО, Еуроодақ, БРИКС және АСЕАН елдерімен қарым-қатынасты нығайту қажет. Бұл ретте ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үшжақты диалог» бастамасы маңызды рөл атқарады. Ал ШЫҰ хатшылығы мен АХҚО арасында қол қойылатын құжат осы бірлестікке мүше елдердің қаржы жүйесін дамытуға септігін тигізеді.

Көлік тасымалы саласындағы әріптестік те Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан мәселелердің бірі болды. Бұл ретте Қырғызстан басшысы да көптен бері көтеріліп жүрген Қытайдан Еуропаға тікелей теміржол салу бастамасын жүзеге асыруды сұрады. Алайда ол үшін ұйымға мүше барлық елдің келісімі керек.

Сооронбай Жээнбеков, Қырғыз Республикасының Президенті:

- Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан бағыты бойынша теміржол құрылысы жобасын жүзеге асыруға тезірек кірісу керек деп ойлаймын. Оған бақылаушы елдер де өз үлесін қоса алады. Шанхай сегіздігіне ортақ банк құру мақсатында да кеңесуіміз қажет.

Бұл бастамаға Қазақстан Президентінің де өз айтары бар. Себебі Қытай Қырғызстан арқылы теміржол салып, Еуропаға тауар жөнелтетін болса, еліміздің қазынасына тауар тасымалынан түсетін пайда азайып қалуы мүмкін. Сондықтан көлік транзитіне қатысты мәселелерді ендігі кезекте Нұр-Сұлтанда талқылау қажеттігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көлік-транзиттік альянсын қалыптастыру үшін серіктестерімізді Нұр-Сұлтан қаласында өтетін теміржол компаниясы басшыларының кездесуіне шақырамыз. Ал технологиялық саладағы әріптестікті арттыруға жас мамандардың форумын өткізу қажет. Бұдан бөлек, әлемдік терроризм әрекеттері киберқауіпсіздікті күшейту керектігін талап етіп отыр. Сондықтан ұйымның ақпараттық алаңын қорғау үшін арнайы орталық құруды ұсынамын.

Президенттің бұл пікірін Беларусь басшысы да қолдады. Александр Лукашенко кибершабуылдардың қаупі жыл сайын артып келе жатқанын алға тартты.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

- Киберқылмыс көбейіп кетті. Біздің елде олардың саны жыл сайын 3-5 мыңның аралығында тіркеледі. Бұл – экономикаға кері әсер ететін факторлардың бірі. Сондықтан ШЫҰ-ның экономикалық қылмыстарға қарсы органын құру керек деп ойлаймын.

Кибершабуылдардың артында көбіне лаңкестер тұрады. Ақпараттық қауіпсіздіктің осалдығы Ресей секілді лаңкестікпен кешенді күресіп келе жатқан мемлекетті де аса алаңдатып отыр.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

- Лаңкестердің қолына химиялық және биологиялық қару-жарақ түспеуі керек. Олардың осы әрекетін қаржыландыратын жолдарды бірлесіп бұғаттауды ұсынамын. Ауғанстанға да баса көңіл бөлуіміз қажет. Осы елдің экономикасын дамытуға атсалыссақ, аймақта тұрақтылық орнап, есірткі тасымалының жолы кесілер еді.

Шанхай саммиті былтыр Қытайдың Циндао қаласында өткен болатын. Оның қорытындысында 17 құжатқа қол қойылған. Енді диалог алаңында тағы бір келісімдер бекіді. Соның бірі – АХҚО мен ШЫҰ хатшылығы арасында жасалған меморандум. Бұған қоса Қазақстан үшін маңызды денсаулық сақтау, спорт, халықаралық байланыс сынды салаларда 22 құжатқа қол қойылды. Ең сүбелісі – Бішкек декларациясы.

Айта кетейік, келер жылғы саммит Ресейде өтеді. Саммит соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президентімен пікір алмасып, алда Душанбеде өтетін жиынға қатысты бірқатар мәселені пысықтады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы, Антон Балтрушевич, Алмас Омарғалиев