Сюжеттер

Мемлекет басшысы Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысы Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан астанасы Душанбеге барды.

Президент Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммитіне қатысады. Саммиттің жұмысына Азия елдерінің 12 президенті келмек. Ал Мемлекет басшысы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен жеке кездесіп, елдер арасындағы қарым-қатынастың жаңа белестерін талқылады.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Нұр-Сұлтан – Бішкек – Душанбе. ҚР Президенті лауазымына ресми кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс тәртібі тым тығыз. Бішкекте ШЫҰ мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысса, енді тағы бір маңызды жиында сөз сөйлейді.

Маңызды жиын – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммиті. Шара төрт жылда бір рет ұйымдастырылады. Биылғы кездесудің тақырыбы – Азия елдерінің қауіпсіздігі мен гүлденуі. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Президенті ретінде бұл саммитке алғаш рет қатысқалы отыр. Душанбеге ұшып келген Мемлекет басшысын елдің Премьер-Министрі Кохир Расулзада күтіп алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев саммит иесі, яғни Тәжікстан Президентімен кездесу үшін Ұлт сарайына келді. Бұған дейін Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты ҚР Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен телефон арқылы құттықтаған болатын. Кездесуде мемлекет басшылары бар байланысты бекемдей түсуге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз өткен айда Нұр-Сұлтан қаласында кездескен едік. Ал енді Душанбеге Президент ретінде келіп отырмын. Бұл – жақсы нышан. Біздің елдер арасында сенімді серіктестік берік орнаған. Ол әрі қарай да жемісті жалғасын табады деп сенемін.

Қазақстан-Тәжікстан қатынасы қалыпты. Қос елдің көп нәрседе ұстанымы ортақ немесе жақын. Өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы 845 млн доллардан асқан. Қазақстан бұл елге бидай, ұн, құрылыс материалдарын экспортайды, Тәжікстан бізге негізінен көкөніс пен жеміс-жидек тасымалдайды.

Эмомали Рахмон, Тәжікстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанмен серіктестік Тәжікстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінде біздің елдер арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде, стратегиялық әрі өзара тиімді серіктестіктің болашақта өрісі кеңейе түседі деп сенеміз.

Орталық Азия жалпы алғанда тұтас Азияның болашағы қос елді алаңдатпай қоймайды. Душанбеде өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің V саммитінде қос Президент өңірдің қауіпсіздігі жайында өз пайымын ортаға салады. Одан бөлек самитте Қытай, Ресей, Иран, Түркия елдерінің президенттері де Азия елдері аумағының болашағы туралы ауқымды ойларымен бөліспек. Айта кету керек, бұл ұйымға 27 ел мүше. Осыдан 27 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ұйым Азиядағы тұрақтылықты сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде таптырмас алаңға айналды.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Айдос Серікболұлы